Мұнай бағасы Израиль, АҚШ және Иран арасындағы шиеленістің күшеюіне байланысты рекордтық айлық өсімге жақындап қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жұма күні эталондық Brent маркалы мұнайдың бағасы шамамен 3 пайызға өсіп, бір баррелі 115 АҚШ долларына жетті. Жалпы алғанда, наурыз айында мұнай бағасы шамамен 60 пайызға қымбаттап, бұл көрсеткіш 1990 жылғы Парсы шығанағындағы соғыс кезіндегі өсім қарқынынан да жоғары болды.
Ал АҚШ-тың WTI маркалы мұнайы да шамамен 3 пайызға қымбаттап, бір баррелі 102 доллар деңгейінде саудаланды.
Иран Ормұз бұғазында тағы бір мұнай танкерін жойды
Нарыққа қосымша қысым Йемен хуситтерінің Израильге жасаған шабуылдары салдарынан күшейді. Бұл жағдай Араб түбегі мен Қызыл теңіз аймағындағы кеме қатынасының қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықты арттырды. Аталған бағыттар мұнай тасымалында маңызды логистикалық жолдардың бірі болып саналады.