Шаруашылық • Бүгін, 07:20

Тыңайтқыш алудың ыңғайлы тәсілі

3 мин
оқу үшін

Биыл өңірде 5 млн гектар алқапқа тұқым себу жоспарланған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ауылшаруашылық құрылымдары бүгінге дейін егіс алқабының 97 пайызына дән сеуіп алған. Биыл дәстүрлі дақыл бидайға қарағанда анағұрлым бағалы әрі нарықта жоғары сұранысқа ие майлы, бұршақты дақылдың көлемі едәуір ұлғайып отыр.

Тыңайтқыш алудың ыңғайлы тәсілі

Диқандар көктемгі ауа райы шаруашылыққа қолайлы болды деп отыр. Мәселен, алқап жұмысын елден бұрын аяқтаған Қостанай ауданындағы «Борис Романовский» серіктестігі 10  мың гектардан аса алқапқа тұқым сепкен.  Оның 5,5 мың гектарын бидай, 5 мың гектарын майлы дақыл алып жатыр.

«Биыл топырақ ылғалы жақсы. Оның үстіне парлап, тұқымның ойдағыдай өніп-өсіп, жетілуіне қажет заманауи технология мүмкіндіктерін пайдаландық. Күнбағыс, рапс, жасымық, зығыр тәрізді маржиналдық дақылдарға тыңайтқыш шаштық», дейді  серіктестіктің басқарма директоры Қанат Орынбасаров.

Аталған серіктестік өткен жылы жоғарғы өнімге қол жеткізіп, гектарына 27 центнерден бидай, 24–25 центнер майлы дақыл алған. Элиталы бидай тұқымын өндіретін өңірдегі 36 ірі шаруашылықтың бірі саналатын «Борис Романовский» ЖШС кейінгі жылдары малдың қиын жаңбыр құрты арқылы өңдеп,  қарашірікке айналдырып, құнарлы табиғи тыңайтқыш ала бастады.

«Калифорниялық құрттарды пайдалана отырып, толықтай органикалық негізде сұйық тыңайтқыш əзірлеп жатырмыз. Төрт күнде 10 мың литр алуға болады. Біз мұны төрт жыл бойы ғылыми сынақтан өткізіп, биылдан бастап толықтай бизнеске енгізе бастадық», дейді жоба авторы Наурызбек Бірмағамбетов.

Серіктестік басшысы Алдабер­ген Жұмағұловтың айтуынша, биогумус арқылы бір гектар алқаптан алынатын өнім көлемін үш центнерге дейін арттыруға болады.

«Былтыр гектарына 27 центнерден өнім алуымызға да осы табиғи тыңайтқыштың септігі тиді. Біз бұл биостимуляторды тұқымды дəрілеу барысында, кейін тұқым өніп, өсіп-жетіле бастаған кезде пайдаланамыз. Біз өз тыңайтқышымызды ресейлік, испандық өнімдермен салыстыру үшін химиялық зертханаға жіберіп көрдік. Талдау нәтижесі, өзіміздің биостимулятор олардан бір мысқал кем емес екенін көрсетті. Тіпті кейбір тұста химиялық тыңайтқыштан асып түседі. Мұның сыртында шетелдің тыңайтқышы қымбат, химиялық жолмен жасалатын қымбат өнімге ақша шығындағанша, табиғи жолмен алынатын төл өнімімізді пайдаланайық деп шештік», дейді шаруашылық басшысы.

Әдетте маусымдық қарбалас кезінде шаруалардың жеткізе алмай жатқан жері болса мемлекет көмекке келеді. Агроөнеркәсіп кешені бұл жолы да мемлекет қолдауынан кенде қалып жатқан жоқ. Мәселен, жергілікті ауылшаруашылық тауарын өндіру­шілер биыл «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 86,5 млрд теңге жеңілдетілген несие алған. Несие мерзімі жарты жыл болса, борышкер 2,5 пайыз, бір жыл болса 5 пайыз жылдық өсімпұл төлейді.

Биыл өңір шаруашылықтарына «Азық-түлік корпорациясы» арқылы іске асырылып жатқан форвардтық сатып алу бағдар­ламасы бойынша 16 млрд теңге көлемінде несие берілген.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Уылжыған іңкәр сезім

Тұлға • Бүгін, 08:35

Мұхит баба ізімен

Тағзым • Бүгін, 08:25

Ауылдың ырысы ортаймайды

Ауыл • Бүгін, 08:10

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 07:50

Табыс тапсаң, «Таудай бол»!

Кәсіпкер • Бүгін, 07:30