Ауыл • Бүгін, 08:10

Ауылдың ырысы ортаймайды

3 мин
оқу үшін

Қазіргі заманда урбанизация үдерісі күшейіп, көпшілік қалаға бет бұрып жатқанымен, ауылда қалып, атакәсіпті дамытып отырған жастар да бар. Солардың бірі – бес жылдан бері Ұлытау облысының Мәлшек ауылында мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан Сырым Бақытжанұлы. Негізгі мамандығы театр актері болғанымен, бүгінде ол ауыл шаруашылығын кәсіпке айналдырып, әлеуметтік желі арқылы ауыл өмірін кеңінен насихаттап жүр.

Ауылдың ырысы ортаймайды

Сырымның ауылға оралуы – кездейсоқ шешім емес. Оның отбасы бұрыннан мал шаруашылығымен айналысады. Атакәсіпке деген құрметі осы жолды таңдауға тікелей әсер еткен. Ол өз ісін дамыта отырып, тұтынушыларға сапалы әрі табиғи азық-түлік ұсынумен еңбек етіп келеді. Шаруашылықта өндірілген таза етпен қатар, қолдан жасалған құрт пен май да дайындалады. Бұл өнімдерді жергілікті дүкендерге жеткізіп, халық сұранысын өтейді. Сонымен қатар өнімнің сапасына ерекше мән беріледі. Әр дайындалатын тағам табиғилығын жоғалтпау мақсатында дәстүрлі тәсілдермен әзірленеді. Бұл – сау­да үшін ғана жасалатын жұмыс емес, ұлттық тағам мәдениетін сақтап, оны халыққа ұсынудың бір жолы.

Қазіргі кейбір жастар арасында «ауыл артта қалған» деген пікір қалыптасқанымен, жас кәсіпкер бұл көзқараспен келіспейді. Оның ойынша, бұл – ескірген стереотип. «Қазіргі ауыл дамуға бейім, еңбек пен инновацияға ашық. Әлеуметтік желіні белсенді жүргізудегі мақсатым да – осы таптаурындарды өзгерту», дейді ол.

Отбасылық шаруашылық жылына шамамен 20–25 млн теңге көлемінде табыс әкеледі. Мұнда демалыс пен жұмыс уақыты нақты бөлінбейді. Соған қара­мас­тан, ол ауыл өмірінің адамды шыңдай­тынын айтады. Бұл орта адамды еңбекке ғана емес, сабыр мен төзімге де үйретеді.

Сырымның болашаққа жоспары да ауылмен тығыз байланысты. Ол шаруашылықты кеңейтіп, мал басын көбейтуді көздейді. Ауыл өмірін жаңа форматта дамыту мақсатында онлайн курстар ашу, ет өнімдерін таныстыру, жастарға арналған ауыл турларын ұйымдастыру сияқты жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Бүгінде ол әлеуметтік желі арқылы ауыл тіршілігінің шынайы бейнесін көрсетуге тырысады. Көпшілік фермер еңбегін сырттай ғана көргенімен, оның артындағы күрделі үдерісті біле бермейді. Өз парақшасында ол шарушылықтың қыр-сырын ашып көрсетуге тырысады. Мұнда мал бағу, оны емдеу, күтіп-баптау сияқты жұмыстар ата-бабадан қалған үрдіспен сабақтасып жатыр. Қой қырқу, ет өңдеу, құрт жасау – мұның бәрі жай тұрмыстық әрекет емес, ұлттық мәдениеттің жалғасы.

Ауыл өмірі – қиындық пен мүмкіндікті қатар алып жүретін ерекше орта. Біреуге ауыр еңбек болып көрінсе, енді біреуге  сүйікті іс. Мұндай істі таңдаған жастар ауылдың дамуына серпін беріп, оның жаңа келбетін қалыптастырып жатыр. Өйткені ауыл – артта қалған емес, керісінше, болашағы зор, тамыры терең жайылған, өміршең, дәстүрі бар мекен.

 

Нұрай МҰХАНОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің студенті

Соңғы жаңалықтар