Аймақтар • Бүгін, 08:40

Бұрхансайдың таңбалы тастары

2 мин
оқу үшін

Тасын түртсең, тарихы сайрап қоя беретін Жуалы ауданына қарасты Бұрхансай шатқалынан мыңнан аса таңба табылды. Ғалымдардың айтуынша, қола дәуірі мен түркі кезеңінен сыр шертетін бұл тастардың Бұрхансай мен кіші Қаратау жотасынан табылуы – үлкен олжа. Ал жартастағы таңбалардың тарихы тым тереңде жатса керек.

Бұрхансайдың таңбалы тастары

Жартастағы жазу­лардың тарихына терең бойлаған мамандар петроглифтер біз­дің заманымызға дейінгі 4 мың жыл бұрын салынған дегенді алға тартып отыр. Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан 50–60 шақырым жерде орналасқан Бұрхансай шатқалы 8 шақырымға созылып жатыр. Мұндағы тарихи жазулар қола дәуірінен бастап темір, түркі кезеңіне дейінгі уақытты қамтиды.

 Мамандар келтірген дерекке жүгінсек, Жуалы тауларында алғаш рет 54 жыл бұрын кеңестік археологтер петроглифтерді зерттепті. Ал Күркіреусу ауылы маңына 2006 жылы Тұран археологиялық экспедициясы алғаш рет ат басын бұрған. Сол кезде біршама таңбалы тасты кездестірген. Алайда ол кезде шатқал қойнауындағы тарихи байлық толық зерделенбепті. Аталған жұмысты жалғастыруды жөн көрген ғалымдар мыңнан астам жартастағы суреттермен танысқан. 

э

«Мұндағы бірегей сурет­тердің ғылым үшін маңызы зор. Жергілікті немесе рес­публикалық маңызы бар ескерт­кіштердің қатарына енгізіл­меген. Ендігі міндет, ғылыми ортада және өзге кеңістікте кеңінен таныту. Сол бағытта жұмылған жұ­дырықтай бір­лесіп жұмыс істеуіміз керек», дейді Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Ералы Ақынбек.

Шатқалдағы тау ешкілердің бейнесі көзге оттай басылады. Бұғы аулау бейнесі мен өркешті түйелердің де жиі ұшырасатынын байқау қиын емес. Ол әрекет­терді мамандар сақ дәуірі және қаңлы кезеңімен сабақтастырып отыр.

з

«Мұндағы таңбалардың өзіндік терең тарихы бар. Сондықтан оларды жеті кезеңге бөліп отырмыз. Аса өзені мен Терісащыбұлақ су қоймасының аралы­ғын, сондай-ақ Маймаққа дейінгі ара­лық­ты қайта зерде­лей­міз. Тек Бұр­хансай шатқалымен тоқтамаймыз. Алдағы уақытта Сырдария-Қаратау бойын­дағы ескерт­кіштер мен қо­рым­дарды толық­тай зерттеу­ге кірісеміз. Қысқасы, тас ғасы­рынан қазіргі кезеңге дейінгі тарихи орындарды мемле­кет қорғауына алу бойынша жұмыстанамыз», дей­ді Ә.Мар­ғұлан атын­дағы ғылыми архео­логия инсти­тутының жетекші ғылы­ми қызметкері Борис Железняков.

Соңғы жаңалықтар