Фото: ЖИ
Жастарға 5%-дық ипотекаға өтінім қабылдау басталады
1 маусымда Халықаралық балаларды қорғау күнімен қатар, Алматыда жастарға арналған жеңілдетілген «Алматы жастары» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау басталады.
Құжаттар 15 маусымға дейін kezekte.kz порталы арқылы қабылданады. Бағдарлама бойынша несие 5%-дық мөлшерлемемен беріледі, ал бастапқы жарна 10 пайызды құрайды. Қарыздың ең жоғары сомасы – 20 миллион теңге.
Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ғылым, журналистика, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары мен коммуналдық қызмет қызметкерлеріне арналған. Сонымен қатар "Жұмыс істейтін жастар" бағдарламасының қатысушылары да өтінім бере алады.
Бағдарламаға қатысу үшін үміткердің жасы 35-тен аспауы, Алматыда кемінде бір жыл тұрақты тіркеуде болуы және соңғы бес жылда өзінің немесе отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмауы қажет. Сондай-ақ өтініш берушінің Алматыда кемінде алты ай ресми еңбек өтілі мен міндетті зейнетақы аударымдары болуы шарт.
Салық құпиясына қатысты жаңа тәртіп күшіне енеді
2 маусымнан бастап мемлекеттік органдар арасында салықтық ақпарат алмасудың жаңа ережелері қолданысқа енгізіледі. Енді азаматтар мен компаниялардың қосымша жазбаша келісімінсіз-ақ салық құпиясына жататын мәліметтерді мемлекеттік құрылымдар бір-біріне бере алады.
Жаңа тәртіп аясында салық төлеушілердің жеке шоттары, берешектері, салық есептері, электронды шот-фактуралары, салық қайтарымдары, тексеру нәтижелері мен өндіріп алу шаралары туралы ақпарат алмасуға мүмкіндік беріледі.
Мамандардың пікірінше, бұл өзгеріс қаржылық операциялардың ашықтығын арттыруға және көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталған. Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі өзгереді.
Қазақстанда зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі өзгереді.
4 маусымнан бастап жаңа ең төменгі жеткіліктілік шегі арнайы формула бойынша есептеледі. Есептеу кезінде азаматтың жасы, күтілетін өмір сүру ұзақтығы, ең төменгі зейнетақы мөлшері, болашақтағы зейнетақы төлемдері, инвестициялық табыстылық болжамы және алдағы зейнетақы жарналары ескеріледі.
Жаңа есептеу тәсілі бойынша:
- инвестициялық табыстылықтың жылдық мөлшерлемесі – 9%;
- зейнетақы төлемдерін индекстеудің жылдық мөлшерлемесі – 8% деңгейінде белгіленген.
Бұдан бөлек, жеткіліктілік шегін анықтау кезінде азаматтың жасы, ең төменгі зейнетақы мөлшері, ең төменгі жалақы көлемі, күтілетін өмір сүру ұзақтығы және зейнетақы активтерінің табыстылығы да ескеріледі.
Жаңа ережеге сәйкес, жеткіліктілік шегі өткен жылғы көрсеткіштен төмен болмауы тиіс. Ол болжамды инфляция деңгейінен кемінде бес пайыздық тармаққа жоғары индекстеліп есептеледі. Әдістеме күшіне енгеннен кейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры үш жұмыс күні ішінде 2026 жылға арналған жаңа жеткіліктілік шектерін жариялауы керек.
Еңбек кодексіне енгізілген түзетулер күшіне енеді
8 маусымнан бастап Қазақстанның Еңбек кодексіне енгізілген жаңа нормалар қолданыла бастайды. Өзгерістер еңбек қатынастарын реттеу, жалақы төлеу, үстеме жұмыс уақыты мен мереке күндеріндегі еңбек мәселелерін қамтиды.
Заңдағы басты жаңалықтардың бірі – еңбек шарттарын азаматтық-құқықтық келісімдермен алмастыру тәжірибесіне тосқауыл қою. Соңғы жылдары кейбір жұмыс берушілер қызметкерлерді ресми еңбек шартымен емес, қызмет көрсету немесе мердігерлік келісімдер арқылы жұмысқа тартып келген. Мұндай тәсіл әлеуметтік төлемдер көлемін азайтуға мүмкіндік беретін. Жаңа талаптарға сәйкес егер қызметкердің тұрақты жұмыс кестесі болса, ішкі тәртіпке бағынса және белгілі бір міндеттерді тұрақты негізде орындаса, мұндай қатынастар еңбек шарты ретінде қарастырылуы тиіс. Бұл жағдайда азаматтық-құқықтық келісім жасауға жол берілмейді.
Ескі 2000 теңгелік банкноттармен қоштасатын уақыт келді
25 маусымда ескі және жаңа үлгідегі 2000 теңгелік банкноттардың қатар айналымда жүру мерзімі аяқталады. Осы күннен кейін ескі купюралар біртіндеп айналымнан шығарылады.
Дегенмен азаматтар үшін алаңдауға негіз жоқ. Ескі ақшаларды екінші деңгейлі банктер мен "Қазпошта" алдағы үш жыл бойы жаңа банкноттарға айырбастай береді. Ал Ұлттық банк филиалдарында мұндай айырбастау мерзімсіз жүргізіледі.
Айта кетерлігі, 10 000 теңгелік ескі банкноттардың қатар айналымда жүру мерзімі де биыл аяқталуы тиіс болатын. Алайда Ұлттық банк бұл кезеңді тағы бір жылға созып, 2027 жылдың маусымына дейін ұзартты.
«Болашаққа» түсу жеңілдей ме?
2 маусымнан бастап халықаралық "Болашақ" бағдарламасына іріктеу ережелеріне өзгерістер енгізіледі. Ең басты жаңалық – бағдарламаға қатыса алатын мамандар тізімі кеңейтілді.
Енді арнайы талаптар:
- атом саласы қызметкерлеріне;
- жасанды интеллект жүйелерін пайдаланатын мамандарға;
- инженерлік-техникалық қызметкерлерге;
- медицина саласының өкілдеріне;
- мемлекеттік қызметкерлерге қатысты қолданылады.
Әсіресе жасанды интеллектпен жұмыс істейтін мамандар үшін талаптар жеңілдетілген. Бұған дейін үміткерлерден мамандығы бойынша кемінде 12 ай үздіксіз еңбек өтілі талап етілсе, енді бұл мерзім 6 айға дейін қысқартылады. Сондай-ақ мемлекет атом энергетикасы саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Енді бұл сала қызметкерлері "Болашақ" бағдарламасы арқылы магистратурада, докторантурада білім алуға және шетелдік тағылымдамалардан өтуге ресми түрде үміткер бола алады.
15 жылдан бері алғаш рет: «Болашақ» стипендиясы 10-15 пайызға артуы мүмкін
Банктер мен қаржы ұйымдарына жаңа міндет жүктеледі
27 маусымнан бастап Қазақстандағы қаржы ұйымдары клиенттердің шағымдары бойынша жаңа форматтағы есеп тапсыруға міндетті болады.
Жаңа есептерде:
- тұтынушылардың өтініштері туралы жинақталған деректер;
- клиенттер үшін туындаған қаржылық салдарлар;
- шағымдарды қарау нәтижелері көрсетіледі.
Ақпараттар жарты жыл сайын қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне ұсынылуы тиіс. Сарапшылардың айтуынша, бұл талап қаржы ұйымдарының клиенттермен жұмыс сапасын қатаң бақылауға бағытталған. Соңғы жылдары реттеуші банктердің қаржылық тұрақтылығын бақылаумен қатар, қарапайым тұтынушылардың құқықтарын қорғауға да басымдық бере бастады. Яғни енді банктер үшін тек пайда табу емес, клиенттердің шағымдарына қалай жауап беретіні де маңызды көрсеткішке айналады.
Тағы не қымбаттайды?
Жаздың басталуы қазақстандықтар үшін демалыс маусымымен ғана емес, кезекті қымбатшылық толқынымен де қатар келмек. Маусым айынан бастап тасымал, электр энергиясы және автосақтандыру бағасының өсуі тұрғындардың да, бизнестің де шығынын арттыруы мүмкін.
ҚТЖ тарифтері бірнеше есеге өсуі мүмкін
Ең үлкен өзгерістердің бірі теміржол саласында болмақ. «Қазақстан темір жолы» 2026-2030 жылдарға арналған магистральдық теміржол желісі қызметтерінің тарифтерін қайта қарауды ұсынып отыр.
Компанияның жоспарына сәйкес:
- көмір, астық, темір кені, тыңайтқыш секілді 1 және 2-сыныптағы жүктерді тасымалдау құны 2,1–3,1 есеге дейін өсуі мүмкін;
- 3-сыныптағы жүктер бойынша тарифтер 1,8–2,4 есеге қымбаттауы ықтимал.
Тек әлеуметтік маңызы бар 4-сыныптағы жүктер ғана бұл өзгерістен тыс қалады. Сарапшылар мұндай өсім логистика шығындарын арттырып қана қоймай, кейіннен көптеген тауар мен өнім бағасының көтерілуіне әсер етуі мүмкін екенін айтып отыр.
Астанада жарық ақысы тағы көтерілуі ықтимал
Елорда тұрғындарын да жағымсыз жаңалық күтіп тұр. "Астана-РЭК" компаниясы электр энергиясының шекті тарифін көтеру туралы ұсыныс жасады.
Компания мәліметінше, электр қуатының бір киловатт-сағаты үшін тарифті 31,18 теңгеден 35,07 теңгеге дейін өсіру жоспарланған. Бұл қазіргі бағадан 12,5 пайызға жоғары.
Егер ұсыныс мақұлданса, жаңа тарифтер 6 маусымнан бастап күшіне енуі мүмкін. Осылайша коммуналдық төлемдер көлемі тағы да артып, тұрғындардың ай сайынғы шығыны көбеймек.
Көлік сақтандыруы қымбаттайды
Маусым айында міндетті автосақтандыру жүйесіне енгізілген өзгерістер де жүргізушілердің қалтасына салмақ салғалы тұр. Жаңа ережелерге сәйкес:
- апатсыз көлік жүргізгені үшін берілетін жеңілдік 5 пайыздан 3 пайызға дейін қысқарады;
- ең жоғары жеңілдік мөлшері 50 пайыздан 30 пайызға дейін төмендейді.
Яғни жол қозғалысы ережесін бұзбай, ұзақ уақыт апат жасамаған жүргізушілердің өзі бұрынғыдай үлкен жеңілдіктерге ие бола алмайды. Нарық қатысушыларының бағалауынша, міндетті автосақтандыру полистерінің құны орта есеппен 20-40 пайызға дейін өсуі мүмкін.
Сонымен қатар сақтандыру компаниялары әр жүргізушінің тәуекел деңгейіне қарай жеке тариф белгілеуге көбірек мүмкіндік алады. Бұл кейбір көлік иелері үшін сақтандыру құнының одан әрі қымбаттауына әкелуі ықтимал.
Мұнай экспорты қымбаттайды
1 маусымнан бастап "ҚазТрансОйл" Қазақстаннан тыс жерлерге экспортталатын мұнайды магистральдық құбырлар арқылы тасымалдау тарифін көтереді.
Қазақстан мұнай экспортының баламалы бағыттарын кеңейтуді қарастырып жатыр
Жаңа тариф бір тонна мұнайды 1000 шақырымға жеткізу үшін ҚҚС-сыз 12 500 теңгені құрайды. Бұл қазіргі бағадан 10,6 пайызға жоғары. Сарапшылардың пікірінше, мұндай өзгерістер экспорттық шығындардың артуына әсер етуі мүмкін.
Бизнеске тағы бір соққы: 1С қызметтері қымбаттайды
Маусымнан бастап "1С:Кәсіпорын интернет арқылы" ("1С:Фреш") сервисінің тарифтері де өседі.
Ең үлкен өсім – 30%-ға дейін:
- "Кеңейтілген" тарифі;
- "Бюджет" тарифі;
- MadiMed жүйесі;
- қосымша сеанстар мен деректер базалары.
Ал шағын бизнеске арналған танымал бағдарламалар, сауда, құрылыс және МИБ ұйымдары пайдаланатын конфигурациялар шамамен 25 пайызға қымбаттайды.
Кәсіпкерлердің бухгалтерия, есеп жүргізу және цифрлық қызметтерге жұмсайтын шығынын тағы да арттырмақ.
Жүк тасымалдаушылар толық бақылауға алынады
1 маусымнан бастап салмағы 3,5 тоннадан асатын жүк көліктерін пайдаланатын тасымалдаушылар барлық құжатты электронды түрде рәсімдеуге міндетті болады.
Енді жол парақтары мен тауар-көлік жүкқұжаттары Бірыңғай көлік құжаттарын басқару жүйесінде тіркелуге тиіс. Осылайша мемлекет жүк қозғалысын, тасымалдаушыларды және құжат айналымын онлайн бақылауға мүмкіндік алады.
Қазақстаннан жаңа халықаралық бағыттар ашылады
Жазғы маусымда халықаралық әуе қатынасы да кеңейеді.
SCAT әуе компаниясы:
- 1 маусымнан бастап Шымкент – Санкт-Петербург;
- 9 маусымнан бастап Шымкент – Тель-Авив рейстерін іске қосады.
Сонымен қатар 2 маусымнан бастап Астана – Ұлан-Батыр бағыты ашылады. Бұл Қазақстан мен Моңғолия арасындағы алғашқы тікелей әуе рейсі болмақ. Air Astana компаниясы:
- Астана – Гуанчжоу;
- Астана – Ларнака;
- Алматы – Ларнака бағыттарын іске қосады.
FlyArystan:
- 6 маусымнан бастап Ақтау – Батуми;
- 26 маусымнан бастап Ақтау – Үрімші рейстерін ашады.
Ал AZAL компаниясы 16 маусымнан бастап Шымкент – Баку бағыты бойынша тұрақты рейстерді орындай бастайды.
Жазғы демалыс маусымына байланысты 16 маусымнан бастап елде қосымша 15 теміржол бағыты іске қосылады. Жаңа пойыздар Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Семей, Өскемен, Қызылорда және Павлодар қалаларын Балқаш пен Достық секілді туристік аймақтармен байланыстырады. ҚТЖ мәліметінше, қосымша 550 мыңға жуық жолаушы орны ашылады. Ал 1 маусымнан бастап Қарағанды – Балқаш жаңа пойызы қатынай бастайды.