Серікбай Өрікбайұлының тағдыры жастық шағымыздағы үлкен мектеп – комсомолдан басталды. Ол 1982–1985 жылдары Алматы облыстық комсомол комитетінің аппаратында жұмыс істеді. Жастар ісі секторының жетекшісі болды. Бұл кезеңде мен Қазақстан Комсомолы Орталық комитетінің бүгінгі «Ұлан» газетінің редакторы едім. Таныстығымыз осы кезеңде басталды. Жөн сұрастыра келсек, мен оны тіпті бала кезінде көрген екенмін. Мен туып-өскен Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Бесмойнақ ауылына келетін еді. Көршіміз, неміс тілінің мұғалімі Райла Исаева ұстазымыздың інісі екен. Ол кісінің Төлеген, Хисметжан деген балаларымен бірге ойнайтынбыз. Сол күндер еске түскен соң, тіпті сыйласып кеттік.
С.Нұрғисаев 1985–1989 жылдары Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары болды. Бұл Қазақстан тарихындағы ерекше кезең еді. Желтоқсан көтерілісі болып, саяси өмірдегі өзгерістер болып жатқан. Бұл тәуелсіздік жолын ашты.
Жаңа кезеңде жаңа адамдар керек. Жалынды, білімді, қоғаммен кіріге жұмыс істей алатын жас жігіттердің өмірбаяндарында өзгеріс болып жатты. Серікбай Нұрғисаев та тәуелсіздіктің белсенді жас кадры болатын. Ол – 1992–1993 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің бірінші орынбасары, 1993–1994 жылдары Совет ауданының әкімі болып бекіді. Осы кезеңде ол өзінің ұйымдастырушылық жаңа заманауи нарықтық қатынастарға бейімделген ел экономикасының белсенді өкіліне айналды. Бұл жол оны өнеркәсіптік қаржылық жүйеге алып келді. 1994–1996 жылдары өнеркәсіптік қаржылық «Глоба – Казахстан» корпорациясының президенті қызметін атқарды.
Қоғам өзгеріп жатты. Экономиканың нарыққа бейімделген жаңа жолы іскер азаматтарды қызметтің жаңа сатысына көтерді. Осылай Серікбай Өрікбайұлы 1996–1999 жылдары Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары, одан соң 1999–2004 жылдары Қызылорда облысы–ның әкімі болды. Қасиетті Сыр өңірінің үлкен тарихы бар. Өнері өскен, мәдениеті жетілген, ұлттық менталитеті қалыптасқан іргелі өңір болатын. Сонымен қатар бұл өлкенің үлкен проблемалары да бар еді. Бұл – атам заманнан белгілі Арал теңізінің тағдыры.
Кеңестік дәуір кезінде экологиялық зардаптарға қарамастан, Аралға деген көзқарас дұрыс қалыптаспады. «Арал әдемі күйінде өлуге тиіс» деген тезистер пайда болды. Тіпті адам тағдыры ескерілместен, жалған, жалтырауық ұрандар тасталды. «Аралды құрғатып, табанына күріш егеміз» деген сөздер саяси ұранға айналды. Міне, Серікбай Өрікбайұлы осындай қиын кезеңде Қызылорда облысын басқаруға келді. Қалың ел қазағы Сырдан үдере көшіп жатты. Аралдың суы тартылды. Міне, осы кезеңде Серікбай Нұрғисаевтың басқарудың жаңа жүйесін түсінетін басшы ретіндегі тәжірибесі айқын көрінді.
Арал аймағының микроклиматын жақсарту, экологиялық жағдайын сауықтыру мәселелері көтерілді. «Таза су», «Су нәрі», «Ауыл келбеті» аймақтық бағдарламалары қабылданды. Осы мәселелерді жабық күйінде қалдырмай, республика Үкіметіне хаттар жазылып, Сыр өңірінің экологиялық жақсарту ғана емес, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын көтеру ұсыныстары айтылып, түрлі деңгейдегі конференцияларда баяндамалар жасады. Бұл өз жемісін берді де. 2001 жылы 29 тамызда Қазақстан Үкіметі «Арал аймағын қолдау және дамыту жөніндегі шаралар» туралы қаулы қабылдады. Бұл халықтың еңсесін тіктеді. Биілікке, Үкіметке, әкіміне деген сенімі өсті. Осылай Үкімет пен Дүниежүзілік Даму банкі «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізін солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы қабылданды. Құны 85,8 млн доллар тұратын бұл жоба келісімшарты 2002–2006 жылдарды қамтитын еді. Ол республика Парламентінде ратификациядан өтті. Міне, осы жобаны қолдап, дауыс берген Мәжіліс депутаттарының бірі едік.
Ұзақ мерзімнен бергі жалғасып келе жатқан Аралдың экологиялық апаты бірден шешіле қоюы оңай емес. Әртүрлі саяси пікірлер айтылды. Тіпті кейбір сарапшылар «АҚШ валютасының ауқымды бөлігі Қызылорда даласында құмға сіңген Аралдың суындай іс-түзсіз кетті» деді. Соған қарамастан С.Нұрғисаев жетекшілік еткен облыс азаматтары үлкен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Қалыптасқан мәселені халықтан жасырмады. Осының нәтижесінде «Арал маңындағы экологиялық қасіреттен зардап шекен азаматтарды әлеуметтік-қорғау туралы» заңын қабылдауға ықпал етті. Осындай игі шараның басында мемлекет және қоғам қайраткері, кешегі Премьер-министр, Мәжіліс депутаты Ұзақбай Қараманов ағамыз белсене жұмыс істеді. Игі істерді жүзеге асыруға біз, бір топ депутат, Ұзекеңді қолдап шықтық. 1993–2003 жылдары жергілікті бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінді. Оның 1,8 млрд еңбекақы төленді, жеңілдіктерге 940 млн теңге бөлінді.
Әкім болу – халыққа жақын болу. С.Нұрғисаев облыстың әлеуметтік-экономикалық мәдени салаларды дамыту мәселесін көтерді. Бірнеше бағдарлама қабылданды. Облыстың 18 инвестициялық жобасын жүзеге асыруға бағытталған республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, «Арал экологиялық апат аймағынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңның тағдыры мен экологиялық мәртебесі туралы мәселелерді күн тәртібіне қойды.
С.Нұрғисаев: «Менің ойымша, аймақтың даму келешегін, экологиялық апат аймағы мәртебесін және Арал туралы заңның тағдырын ескермей қарастыру объективті болмас еді. Егер бұл тақырып ең өзекті мәселелердің бірі десем, қателеспеймін. Арал экологиялық аймағынан зардап шеккен азаматтардың әлеуметтік қолдау туралы заңының болашағы осы залда отырғандарды бейжай қалдыра алмайды. Мен қабылданғаннан бері 12 жыл бойы бірнеше рет қаралып өзгерген осы заң рөлінің маңызды екенін Үкімет мүшелері де түсінеді деп ойлаймын».
Үлкен жиында айтылған бұл сөз ешкімді де бейжай қалдырған жоқ. Үкіметтің де назарына ілікті. 2003 жылдың тамыз айында Премьер-министрдің өкімімен Арал маңы проблемаларын шешудің ұсыныстарын даярлайтын ведомствоаралық жұмысшы тобы құрылды. Оған ғалымдар, арнайы мамандар қатыстырылды, қоғамдық пікір зерделенді, әлеуметтік сұраулар кең көлемде жүргізілді.
Қаншама әлеуметтік жағынан қолдау көрсетіліп жатқанымен, біраз мәселелердің беті ашылды. Облыс тұрғындары 30 пайыздық немесе 50 пайыздық үстемеақы алған күннің өзінде де Қызылорда облысының орташа жалақысы республикалық көрсеткіштен төмен болды. Үстемеақыларды алып тастағанда облыста кедейлік деңгейі күрт көтеріліп кететіні айқын еді.
С.Нұрғисаев: «Бүгінгі осы кездесуімізді пайдалана отырып, сіздерден заңға өзгерістер енгізуді талқылау барысында тек экономикалық есептерден бөлек, облыс халқының басым көпшілігінің көзқарасын ескеріп, «Арал экологиялық апат аймағында зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау» заңының 13-бабында қаралған экологиялық өтемақылар мен жеңілдіктерді қалдырған абзал. Екінші – Арал аймағы тұрғындарының өміріне ықпал ететін, экологиялық, экономикалық және әлеуметтік фактілерді жақсартуға арналған арнайы мемлекеттік бағдарламалардың қабылдануына ықпал етулеріңізді сұраймыз. 2003 жылы желтоқсан айында Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Респуликасының қауіпсіздік тұжырымдамасында қоршаған ортаны қорғау Кодексін қабылдау қаралған. Біз оның қабылдануына дейін Арал апаты аймағы туралы заң баптарының қысқаруы мен бөлшектенуіне тоқталып, заң нормаларымен қарастырылған өтемақылар мен жеңілдіктерді өз күшінде қалдыруды сұраймыз».
Осындай биік деңгейде айтылған сөз өз нәтижесін берді. Өтемақылар мен жеңілдіктер осылай сақталып қалды. Мәселені қою бар да, оны шешуге жасқанбай айтатын мінез керек. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме қазақ тәмсілі. Мінберді пайдалану, мәселені қоя білу нәтижесінде облыста «Кедейшілік пен жұмыссыздықты тежеу», «Денсаулық», «Таза су», «Тазалық», «Жолаушы», «Сыр мәдениеті» атты бағдарламалар қабылданды.
С.Нұрғисаев ауылдың инфрақұрылымы, өнімді өндіру мен ұқсату, ақ күріштің шығымдылығын арттыру, мал шаруашлығы, асыл тұқымды мал өсіру, түйе, жылқы, шаруашылығын өркендету, т.б. мәселелерді күн тәртібіне қойды. Сондай-ақ жанар-жағармайдың бағасын шектеу мәселелері көтерілді. Мұнай шикізатының 5 пайызын облыста қалдыру мәселесін атап айтты. Ол әкім болып тұрған кезде Денсаулық сақтау істері жөніндегі агенттікпен бірлесіп, ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау шараларына ерекше назар аударылды. Медицина мекемелерінің мәртебесін мемлекеттік кәсіпорыннан мемлекеттік мекемеге ауыстырды.
Жақсы адамнан із қалады, жаман адамнан сөз қалады. С.Нұрғисаев осындай іргелі істерімен облыс халқының жадында қалды. Қызылорда өңірінде 8 жыл жемісті қызмет атқарған ол 2004-2005 жылдары Президенттің Алматы қаласындағы арнаулы өкілі болды. Қоғамдық саяси жұмыстарға белсене араласты. Ал 2008–2012 жылдары Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша басқарма бастығы, Тәртіптік кеңес төрағасы болды. 2012–2016 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Депутаттық өкілеттілігі аяқталғаннан кейін 2016–2020 жылдары Мемлекеттік Қызмет істері министрлігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысы және Әдеп жөніндегі кеңестік төраға болып абыроймен қызмет атқарды.
Қандай қызметте болсын С.Нұрғисаев кәсіби біліктілігі, ұлтжандылығы, азаматтығы, шыншыл мінезімен абырой биігіне көтерілді. Ол – экономика ғылымдарының докторы. Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сарапшы-кеңесші болып қызмет істеп жүр.
Білімділік пен біліктілік, үлкен ұйымдастырушылық қасиет оны жауапкершілік жолымен биікке көтерді.
Уәлихан ҚАЛИЖАН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері