Фото: Фото: t.me / mazhilis_kz (архив)
Депутаттың айтуынша, Жамбыл облысындағы фосфор өндірісінен қалған қалдық көлемі 20 млн тоннаға жеткен. Бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенімен, нақты нәтиже болмай отыр.
«Бұл қалдықтар қала маңындағы тұрғындарға экологиялық зиян келтіріп жатыр. Осы мәселені шешуге Экология министрлігінің шамасы жете ме? Қолданатын нақты шара бар ма?», деді Жигули Дайрабаев.
Сондай-ақ депутат ауыл тұрғындарына қойылатын экологиялық талаптарды қайта қарауды ұсынды. Оның сөзінше, 20-30 үйден тұратын шағын ауылдарда халық өз ауласында 50-100 басқа дейін мал ұстап отыр. Алайда қазіргі талап бойынша олар экологиялық рұқсат алуға міндеттелген.
Депутат мұндай талаптардың қарапайым шаруаларға қосымша кедергі келтіретінін айтты.
«Ауылдағы адам күн көру үшін мал ұстайды. Бірақ қазір құжат жинап, жарты жыл экологиялық рұқсат күтеді. Ол жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Ол жерде малдың қиынан басқа ешқандай экологиялық қауіп жоқ», деді ол.
Депутат: Дәрі-дәрмекке байланысты заңға маңызды түзетулер енгізілді
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі бұл мәселеге қатысты заң аясында айыппұл салу және экологиялық рұқсатты тоқтату тетіктері бар екенін айтты.
Оның сөзінше, егер кәсіпорын өзіне жүктелген міндеттерді орындамаса, тексерістен кейін айыппұл салынып, талап орындалмаған жағдайда экологиялық рұқсаты тоқтатылуы мүмкін. Сонымен қатар ауыл шаруашылығындағы нысандардың қызметі әртүрлі екенін айтып, мәселені нақты талқылау қажет екенін жеткізді.
«Егер шынымен бизнеске артық жүктеме болып тұрғаны дәлелденсе, оны екінші оқылымға дейін қарастыруға болады», деді аталған министрліктің өкілі.
Ал Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин заң жобасы аясында қайта өңделетін шикізатты халық шаруашылығы мен құрылыс саласында пайдалануға мүмкіндік беретін нормалар енгізілгенін мәлімдеді.
«Біз «екінші реттік ресурс» ұғымын енгіздік. Егер қалдық аса қауіпті болмаса, оны қайта өңдеп, түрлі салада пайдалануға мүмкіндік болады», деді Е. Жаңбыршин.
Еске салайық, бұған дейін пластикалық операция кезінде қайтыс болған мәслихат депутаты туралы жазғанбыз.