Ғылым • Бүгін, 10:40

Су саласындағы венгерлік тәжірибе: қазақ жастары не үйреніп жүр?

5 мин
оқу үшін

Бүгінде Орта Азия елдері үшін су мәселесі ең өзекті мәселеге айналып отыр. Осыған байланысты 2024 жылы сәуір айында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Үкімет Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетін құру туралы шешім қабылдады. Жаңа оқу ордасына су саласының мамандарын дайындау тапсырмасы жүктелді. Құрылғанына бір жылдан асқан білім ордасының 44 студенті былтыр Венгрияға тегін білім алуға жолдама алған. Бүгінде олар халықаралық стандартқа сәйкес су саласының түрлі бағыттары бойынша білім алып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Су саласындағы венгерлік тәжірибе: қазақ жастары не үйреніп жүр?

Коллаж: Зылиха Қыдырбай, EQ

Оқу ордасының ректоры Кәмшат Түсіпованың айтуынша, соңғы бір жылда университет халықаралық серіктестікті дамытуға, білім беру сапасын арттыруға және ғылыми әлеуетті нығайтуға басымдық берген. Соның нәтижесінде Венгриядағы Обуда және Корвинус оқу орындарымен келісім жасалып, 400 студентке тегін білім алуға мүмкіндік қарастырылған. Қазіргі уақытта алғашқы 44 студент Мажарстанда білім алып жатыр. Студенттер мұнда су шаруашылығы саласымен қатар инженерия, жасанды интеллект, деректер базасы, цифрлық технологиялар және IT-инженерия бағыттарын меңгеріп жатыр. Университет басшылығының айтуынша, шетелде тәжірибе жинап жатқан жастар елге оралып, су саласына жаңа технологиялар мен заманауи шешімдер енгізуге үлес қоспақ.

«Студенттер елге оралғаннан кейін су шаруашылығы, гидротехника, ирригация, цифрлық инженерия, IT және экология салаларында еңбек ете алады. Әсіресе, су ресурстарын тиімді басқару, су үнемдеу технологияларын енгізу, ирригациялық жүйелерді цифрландыру, климат өзгерісі жағдайындағы су қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді маңызды бағыттарда жұмыс жүргізуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар жасанды интеллект, Big Data, GIS, спутниктік мониторинг және Smart Water технологияларын енгізу арқылы Қазақстандағы су саласын жаңғыртуға үлес қоса алады. Бүгінде су тапшылығы, трансшекаралық су мәселелері және инфрақұрылымның тозуы – еліміз үшін өзекті мәселе. Халықаралық деңгейде білім алған жастар осы түйткілдерді шешуге жаңа технологиялар мен заманауи тәсілдер алып келеді», дейді Кәмшат Түсіпова.

Бағдарлама аясында студенттердің академиялық жағдайына ерекше көңіл бөлінген. Оларға жатақханалар қарастырылып, шәкіртақы бөлінген. Сонымен қатар халықаралық профессорлардан дәріс алу, ғылыми жобаларға қатысу, тәжірибе алмасу бағдарламаларына қосылу мүмкіндігі қарастырылған.

«Осы оқу жылының екінші семестрінде көктемгі академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Будапешт қаласына білім алуға келдім. Бұл бағдарлама студенттерге шетелдік жоғары оқу орындарында тәжірибе жинап, жаңа ортада білім алуға үлкен мүмкіндік береді. Жатын орын университеттен шамамен бір сағаттық жерде орналасқан. Хостелде бір бөлмеде үш адам болып тұрамыз. Барлық жағдай жасалған, сондықтан бұл жағынан ешқандай қиындық жоқ. Бізге Будапешттегі университет тарапынан шәкіртақы берілмейді. Шәкіртақы өзіміздің Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті тарапынан төленеді», дейді Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің құрылыс мамандығы бойынша бірінші курс магистранты Данажан Әлімқұлова.

Қазақстан қазірдің өзінде су тапшылығы аймағында тұр: су ресурстарының 45%-ы трансшекаралық көздер арқылы қалыптасады

Шетелдік білім бағдарламасының артықшылықтарын тілге тиек еткен студент болашақта елге оралып, су саласында қызмет етуді мақсат тұтатынын жеткізді.

«Бағдарлама семестрлік болғандықтан, біз міндетті түрде елге оралуымыз қажет. Шетелде оқу бізге түрлі мәдениетпен танысып, жаңа достар тауып, ағылшын тілімізді дамытуға зор мүмкіндік сыйлады. Бағдарлама біз үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Шетелде білім алу арқылы біз тек кәсіби білімімізді арттырып қана қоймай, өмірге деген көзқарасымызды да кеңейттік. Болашақта осы тәжірибені еліміздің дамуына қолданамыз деп сенемін», дейді ол.

Айта кетейік, ұлтық су университеті бүгінде 9 кафедрада 31 білім беру бағдарламалары бағытында үш деңгейлі білім беру жүйесі бойынша мамандар – бакалаврлар, магистрлер және PhD докторларын дайындайды. Алайда мамандардың айтуынша, су саласы бойынша елімізге әлі де бірқатар білім бағдарламалары қажет. 

«Президенттің Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетін құру жөніндегі бастамасы оңтайлы шешім болды. Дегенмен, университетте әлі де бірқатар білім бағдарламаларды енгізуді қажет етеді. Мәселен, су саласына гидрологиялық мамандықтардан бөлек, «Өсімдіктану», «Жер қыртыстарын зерттеу» мен «Агротехника» бағыттары қажет. Өйткені, білім алушы су көздерін пайдаға жаратуды жан-жақты меңгеріп шығуы қажет» деді техника ғылымдарының докторы Алтай Мұсаев.

Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан жазда суды өзара қалай бөліседі?

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, қос дипломды білім беру бағдарламасы шеңберінде бүгінде Мажарстанның Корвин университетінде 11 магистрант, 4 докторант білім алып жатыр. Министрліктің мәліметінше, халықаралық ынтымақтастықты жетілдіруге бағытталған жұмыстар әлі де жалғасын таппақ.

Соңғы жаңалықтар