Жаңа ұсыныс бойынша, енді жеткіліктілік шегін анықтауда бұрынғы есептеу моделінің орнына медианалық жалақы негізге алынуы мүмкін. Қазіргі таңда оның көлемі шамамен 340 мың теңгені құрайды.
Жеткіліктілік шегі – азаматтың зейнетақы шотында міндетті түрде қалуға тиіс ең төменгі сома. Яғни, осы межеден асқан қаражатты ғана тұрғын үй, ипотека немесе емделу мақсатында пайдалануға болады.
Зейнетақы жинағының шекті деңгейі өзгереді: Енді ақша қалай есептеледі?
Қазіргі жүйе бойынша кейбір азаматтардың жинағындағы бірнеше миллион теңгені мерзімінен бұрын шешіп ала алады. Алайда жаңа модель енгізілсе, шотта көбірек қаражат қалдыру талабы қойылуы мүмкін.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мәліметінше, қазіргі есептеу тәсілі болашақта азаматтарға жеткілікті деңгейде зейнетақы төлеуге толық кепіл бола алмайды. Қордың бағалауынша, егер адамдар жинағын қазіргі шекке дейін азайтса, зейнетке шыққан кезде тек күнкөріс деңгейіне жуық төлем алуы ықтимал. Қазіргі есеппен бұл шамамен 50 мың теңге көлемінде.
Жаңа тәсіл халықаралық стандарттарға жақындауды көздейді. Яғни, болашақта зейнетақы мөлшері адамның бұрынғы табысының шамамен 40 пайызына тең болуы қажет деген қағида негізге алынбақ.
Зейнетақы шегін көтеру жобасы қоғамдық талқылауда қолдау таппады
Сонымен қатар, мерзімінен бұрын пайдалану тетігі толық жойылмайды. Қазақстандықтар бұрынғыдай тұрғын үй мәселесін шешуге немесе емделуге қаржы ала алады. Бірақ шотта жаңа белгіленетін «қол сұғылмайтын» ең төменгі сома міндетті түрде сақталуға тиіс.