Аймақтар • Бүгін, 10:50

Ақтөбеде екі күнде 1300-ден астам адам жол ережесін бұзған

2 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігі жол-көлік оқиғаларын азайту және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр. Қазіргі таңда ведомство өңірлерді нысаналы тексеру тәсіліне көшкен. Осындай ауқымды іс-шаралар қазір Ақтөбе облысында өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбеде екі күнде 1300-ден астам адам жол ережесін бұзған

Фото: Polisia.kz

ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Гүлнұр Құдайбергенованың айтуынша, тексерудің тиімділігін арттыру үшін Астана қаласы және Қарағанды, Қостанай облыстары патрульдік полициясының қосымша күштері жұмылдырылған.

«Бұған дейін мұндай мақсатты тексерулер Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Қарағанды, Түркістан облыстарында өзінің тиімділігін көрсетті. Тәжірибе қауіпті құқық бұзушыларды жедел анықтауға мүмкіндік беретінін дәлелдеді», деді ол.

Ақтөбеде екі күн ішінде жол қозғалысы ережесін бұзудың 1351 дерегі тіркелді. Полиция әсіресе адам өміріне тікелей қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылықтарға басымдық берген.

Атап айтқанда, екі күн ішінде:
– көлікті мас күйде басқарудың 11 дерегі;
– есірткі және психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта қолданудың 1 дерегі;
– қарсы бағытқа шығудың 5 дерегі;
– бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтудің 20 дерегі анықталған.

Сондай-ақ 47 адам жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеген.

Қандай жағдайда жол ережесін бұзу «ұсақ бұзақылық» деп танылады?

Polisia.kz-тің хабарлауынша, тексеру барысында жолдағы апатты жағдайларға себеп болатын өзге де жүйелі бұзушылықтар анықталды. Нақты атағанда:
– 56 автокөлік мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген;
– 1 жүргізуші жалған нөмір пайдаланған;
– 208 көлік техникалық регламент талаптарына сай келмеген;
– 180 автокөлік міндетті техникалық байқаудан өтпеген;
– 150 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған;
– 65 адам көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолданған.

Жаяу жүргіншілер арасында да жол ережесін бұзудың 66 дерегі тіркелді.

Екі күн ішінде арнайы айыппұл тұрағына 110 көлік қойылды. Оның ішінде 11 көлік шетелдік есепте тұрған. Сонымен қатар түрлі құқық бұзушылықтарға байланысты 41 автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі алынды.

Мұндай тексерулер алдағы уақытта өзге өңірлерде де жалғасады.

Осыған дейін, жедел жәрдем мен автобустар енді жол ережесін бұзғандарды тіркейтіні туралы хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар