Президент Орталыққа «Turkic ai» атауын беріп, оны Alem.ai орталығында орналастыруға болатындығын атап өтті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен озық технология дәуірінде рухани және мәдени құндылықтарды назардан тыс қалдырмау қажеттігіне тоқталды.
«Түркі өркениетінің мол мұрасын сақтау және оны зерделеу – тарихи жадыны жаңғырту мәселесі ғана емес. Бұл – біздің бірегей болмысымызды, бірлігімізді және ынтымақтастығымызды көрсететін маңызды фактор. Осы орайда мен Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенция жобасын пысықтау туралы ұсынысты қолдауға шақырамын. Бұл құжат түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтау және дәріптеу ісіне құқықтық негіз болады. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның осы саладағы қызмет аясын кеңейте түсуге ықпал етеді», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ аясында бірлесе іске асыруға болатын бірқатар ұсынысты ортаға салды
Сондай-ақ Президент түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды жинақтайтын жасанды интеллект негізіндегі арнайы цифрлық платформаны құруды ұсынды. Бұдан бөлек, саммит отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажеттігін айтты.