Президент • Кеше

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ аясында бірлесе іске асыруға болатын бірқатар ұсынысты ортаға салды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіндегі сөйлеген сөзінде Габалада өткен басқосуда цифрлық даму және киберқауіпсіздікке қатысты бірқатар бастама көтергенін еске салды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ аясында бірлесе іске асыруға болатын бірқатар ұсынысты ортаға салды

Фото: Ақорда

«Атап айтқанда, Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық мониторинг және Цифрлық инновациялар орталықтарын құруды ұсындым. Бұл орталықтар Ұйымға мүше мемлекеттердің өсіп-өркендеуіне цифрлық тұрғыдан тың мүмкіндіктер береді.

Бұдан бөлек, сол алқалы жиында Киберқауіпсіздік жөніндегі кеңес құру қажет екенін айттым. Мұндай Кеңес елдеріміздің цифрлық әлеміндегі осал тұстарды анықтап, инфрақұрылымға төнетін қауіптің алдын алуға ықпал етеді.

Осы құрылым арқылы Ұйымға мүше елдердің тиісті органдары жедел ақпарат алмаса отырып, жұмыс істей алады», деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстан бұл бастамалар бойынша тиісті тұжырымдамаларды әзірлеп, Ұйымға мүше мемлекеттерге келісу үшін жолдады.

«Аталған нақты шаралардың бәрі де елдеріміздің ортақ мүддесіне сай келеді. Сондықтан осы бағытта тиімді және белсенді әрекет етеміз деп ойлаймын», деді Президент.

Президент: Алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы – өте маңызды

Сонымен қоса, Цифрлық қолтаңбаны өзара тану, ғарыш саласын бірлесе игеру туралы сөз қозғалып, Президент ТМҰ аясында бірлесе іске асыруға болатын бірқатар ұсынысты ортаға салды.

«Біріншіден, сауда-экономика саласы бойынша ұйымға мүше елдер арасында электрондық құжаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тануға қатысты жұмысты бірлесе жүргізген жөн.

Екінші мәселе: Ғарыш саласы – түркі мемлекеттерінің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал ететін негізгі фактордың бірі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бұл бағытты жүйелі түрде дамыту үшін елдеріміздің ғылыми, технологиялық және қаржылық әлеуеті жеткілікті.

«Әсіресе, спутник байланысы, навигация және мониторинг саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырып, ықпалдастығымызды кеңейте түсу қажет.

Сол арқылы технологиялық дербестігімізді нығайтып, инновациялық әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік туады. Мысалы, «CubeSat-12U» ғылыми спутнигін іске қосудың маңыздылығын атап өтуге болады», деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы: Түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажет

Соңғы жаңалықтар