Фото: t.me/mazhilis_kz
Үкімет кулуарында журналистердің сауалына жауап берген депутат кейбір әріптестерінің бес-алты баласы бар екенін айтып, қазіргі шығын көлеміне тоқталды.
«Баланы балабақшаға немесе түрлі үйірмелерге беру, киім-кешегі мен өзге де қажетіне шамамен 300 мың теңге кетеді. Азық-түлік бағасы да қымбаттап жатыр. Сондықтан 1 млн теңге де жетпеуі мүмкін. Өзім 900 мың теңгеден аса жалақы аламын, ол маған жеке өзіме жеткілікті емес. Сол себепті жұбайымның да жұмыс істегенін қаладым», деді Бақытжан Базарбек.
Сондай-ақ депутат жалақыны өсіруге қойылған мораторийді алып тастау және төлемдерді қайта қарау мәселесіне де пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай шешімді өзі қабылдамайды. Дегенмен қазіргі экономикалық жағдайда депутаттардың жалақысын көтеру орынды қадам емес екенін жеткізді.
Мәжілісменнің пікірінше, алдағы бес жылда бұл мәселе күн тәртібіне шығарыла қоймайды.