Фото: Ашық дереккөз
Жоба аясында зауыттағы мұнай өңдеу көлемі жылына 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылды. Соның нәтижесінде жол битумын өндіру көлемі де 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін артты. Бұл – Энергетика министрлігі жүзеге асырып жатқан мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде іске асқан алғашқы жоба.
Қазір Қазақстанда жол битумын өндіретін жалпы қуаты жылына 1,6 млн тонна болатын 4 зауыт жұмыс істеп тұр. Көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» компаниясының мәліметіне сәйкес, 2026 жылы ішкі нарықтың қажеттілігі шамамен 1,1 млн тоннаны құрайды.
Осылайша, қолданыстағы өндірістік мүмкіндіктер елдің жол битумына деген сұранысын толық өтеуге жеткілікті.
Caspi Bitum зауыты жол салушы компаниялардан сұраныс түскен жағдайда өнімді қажетті көлемде шығаруға дайын екенін мәлімдеді.
Салада қабылданған шаралар отандық жол-құрылыс компанияларын битуммен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бастамалар импортқа тәуелділікті азайтып, мұнай өнімдерінің ішкі нарығындағы тұрақтылықты нығайта түспек.