Президент • Бүгін, 17:40

Түрік кәсіпкерлері ел экономикасына 6 миллиард доллар көлемінде қаражат салды

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Түркия Президентімен кездесудің қорытындысы бойынша баспасөз конференциясын өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Түркия еліміздің ірі инвесторларының қатарына кіретінін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түрік кәсіпкерлері ел экономикасына 6 миллиард доллар көлемінде қаражат салды

Фото: Ақорда

«Бүгінге дейін түрік кәсіпкерлері экономикамызға 6 миллиард доллар көлемінде қаражат салды. Қазақстанның да бауырлас мемлекетке салған инвестициясы өсіп, шамамен 2,5 миллиард долларға жетті. Қазір елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істейді. Бұл – біздің ұзақ мерзімге арналған серіктестігіміздің кепілі. Сондай-ақ Түркия – еліміздің ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Екі ел арасындағы алыс-беріс 8,8 пайызға өсіп, 5 миллиард доллардан асты. Әрине, экономикамыздың әлеуетін ескеретін болсақ, бұл көрсеткішті арттыруға толық мүмкіндік бар. Бүгін біз қатысқалы отырған Қазақстан-Түркия бизнес форумы екі елдің сауда-экономикалық ықпалдастығына тың серпін береді деп сенеміз. Біз ашық әрі сенімді серіктес ретінде түрік инвесторларын қолдауға әрқашан дайынбыз. Сондықтан түрік компанияларын ұзақ мерзімге арналған ірі стратегиялық жобаларға атсалысуға шақырамыз, деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев Түркия Президентін «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады  

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияға сәйкес Қазақстанда барлық меншік түріне кепілдік берілетінін мәлімдеді.

«Соның ішінде шетелдік меншік пен инвесторлардың құқығы жан-жақты қорғалады. Бұған қоса, түрік бауырларымызға Қазақстанның Altyn Visa бағдарламасын қолдануға болады. Бұл визаны алған кәсіпкерлер мен мамандарға салық және көші-қон мәселесіне қатысты жеңілдіктер беріледі. Қазіргі геосаяси жағдайда көлік-логистика саласының стратегиялық маңызы арта түскені анық», деді Президент. 
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі таңда екі ел арасындағы жүк тасымалы тұрақты дамып жатыр. Былтыр теміржол арқылы жүк тасымалы 35 пайызға, автокөлік арқылы жүк тасымалы 5 пайызға ұлғайды.
«Біздің елдерімізді Шығыс пен Батысты жалғайтын көпір деуге болады. Осы ортақ игілігімізді барынша тиімді пайдалану қажет. Сондықтан қадірлі Режеп Тайип Ердоған мырзамен нақты жобалар арқылы «Орта дәліздің» әлеуетін арттыруға уағдаластық. Бұл қос халықтың мүддесіне толық сай келеді. Осы ретте, әуе тасымалы мен «cargo» саласының маңызы ерекше екенін айта кету керек. TAV Airports Holding компаниясы Алматы халықаралық әуежайын Орталық Азиядағы логистикалық хаб ретінде дамытуды көздеп отыр. Біз бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Сонымен қатар түрік инвесторларын көлік-логистика саласындағы басқа да жобаларға белсене атсалысуға шақырамыз. Үкіметіміз Түркия кәсіпкерлеріне арнайы жеңілдіктер ұсынуға әзір», деді Президент.

Еске сала кетейік, кеше Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен Астанада шағын құрамдағы келіссөз жүргізді

15 мамырда Түркия Президенті Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммитіне қатысады. 

Соңғы жаңалықтар