Сондай-ақ Түркия Президенті екі елдің іскерлік орталары арасындағы ықпалдастықты арттыру бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін айтты.
– Жібек жолының бүгінгі баламасы ретінде Каспий арқылы өтетін Орта дәліздің маңызы күн санап артып келеді. Біз Қазақстанмен және басқа да серіктестерімізбен бірге бұл дәлізді тауар тасымалын ілгерілету үшін ынталандыруды жалғастырамыз. Жерорта теңізінен Орталық Азияға дейінгі аумақта тілде, пікірде, істе бірлік ұранымен байланыстарымызды жаңа деңгейге көтеруге ниеттіміз. Түркі әлемінің мәдени қазыналарын, ұлы тұлғалардың идеяларын, шығармалары мен рухани мұрасын болашақ ұрпаққа аманаттауды ортақ жауапкершілігіміз деп білеміз, – деді Режеп Тайип Ердоған.
Айта кетейік, Тоқаев Түркия Президентін «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады.