Алматының орталығындағы Қонаев пен Гоголь көшелерінің түйісер тұсында орналасқан бес қабатты үйде қолбасшы өмірінің кейінгі үш жылын (1979–1982) өткерген. Қаланың қақ ортасындағы келеңсіздікті дер кезінде байқаған «Caravan.kz» медиа порталындағы әріптесіміз Сая Манарбекқызының бейнематериалынан кейін, мәселе желіде қызу талқыға түсті.
«Бауыржан Момышұлының ескерткіш тақтасын іздеп көрсетілген мекенжайға бардық. Қазір бұл үйдің сыртқы келбеті танымастай өзгерген. Бірінші қабаты толықтай коммерциялық нысандармен жабылып қалған. Әрі іздеп, бері іздеп суреттегі ескерткішті таба алмадық. Тіпті мекенжай дұрыс емес пе деген күмән пайда болды. Тек көшенің арғы бетіндегі қоршауға мініп, алыстан камераның үлкейткіші арқылы қараған кезде тақтаның кішкентай бір бөлігі көзге түсті. Сол сәтте тақтаның ешқайда көшірілмегені, дәл бұрынғы орнында қалғаны белгілі болды. Яғни коммерциялық құрылыс жүргізілген кезде мемориалдық тақтаны ашық, көрінетін жерге ауыс-тыру мәселесі мүлде ескерілмеген. Тақтайша жаңадан қосылған құрылыс нысандарының артында қанша уақыттан бері халыққа қолжетімсіз жерде қалып келген», деп мәселе көтереді журналист.

Артынша шаһардың мәдениет басқармасы жағдайға түсініктеме беріп, ескерткіш тақта тұрғын үйдің көрнекі тұсына қайта ілінгенін хабарлады. Мәлім болғандай, ол үйдің аулаға қарайтын бетіне, яғни тұрғындар мен қала қонақтарына көрінетін қабырғаға қайта орнатылған.
Бұл мәселеге қатысты сол үйдің тұрғындары да бейжай қалмағанын айта кеткен жөн. Олардың айтуынша, мемориалдық тақтаның тасада қалып қойғанын алғаш байқаған күннен бастап бірнеше мәрте нысан иелеріне ескерту жасалған. Алайда кәсіпкерлік нысан өкілдері бұл мәселені ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалдырыпты.
Расында, қала келбетін жаңғырту, кәсіпкерлікті дамыту – заман талабы. Бірақ осы үдерісте ұлттық жады мен тарихи мұраның көлеңкеде қалмауы басты қағиданың бірі болуы керек. Әсіресе ел үшін жанын қиған, ұлт рухын көтерген тұлғаларға қатысты кез келген белгі тұтас бір дәуірдің, ерліктің, елдік рухтың айғағы екенін ұмытпауға тиіспіз.
Осы орайда қала билігіне де жүктелер жауапкершілік аз емес. Мұндай жағдайлар бір реттік әрекетпен емес, жүйелі бақылаумен шешімін тапса игі. Қаланың әр бұрышындағы тарихи нысандардың жай-күйі үнемі қадағалауда болып, кез келген құрылыс немесе қайта жаңғырту жұмыстары кезінде олардың лайықты сақталуы басты назарда ұсталуы қажет. Бұл – мәдениет басқармасының ғана емес, жалпы қала әкімдігінің ортақ міндеті.
Осындайда бизнес өкілдері де әлеуметтік жауапкершілікті жіті сезінсе дейсің. Қала кеңістігін игеруде табыс көзімен қатар, сол жердің тарихи-мәдени маңызын да ескерген жөн. Бұл ойымызды Алматының көзіқарақты тұрғындары да қуаттайды.
«Кәсіпкерлік пен руханият бір-біріне кереғар ұғымдар емес. Олар үйлесім тапқанда ғана қала шынайы келбетін сақтай алады. Әрбір құрылыс, әрбір өзгеріс мұқият зерделеніп, сараланып барып жүзеге асырылса игі. Себебі бір қарағанда ұсақ көрінген немқұрайдылықтың өзі ұлт жадындағы үлкен олқылыққа айналуы әбден мүмкін», дейді қала тұрғыны Венера Қалдыбаева.
Сөз соңында айта кетерлігі, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының Алматы қаласымен байланысы айрықша. Ол өмірінің соңғы кезеңдерін осы шаһарда өткізіп, шығармашылықпен айналысты. Батыр тұрған үйлердің бірнешеуі бүгінде тарихи нысан ретінде белгілі. Сонымен қатар қалада оның есімімен аталатын көшелер бар, ескерткіштері орнатылған. Соның ішінде батырдың еңселі ескерткіші – қала тұрғындары мен қонақтары тағзым ететін қасиетті орындардың бірі. Ұлттың ірі тұлғасына көрсетілген құрмет өткенімізге, тарихымызға деген құрмет екенін ұмытпайық.
АЛМАТЫ