Білім • Бүгін, 13:05

ҰБТ-2026: Грант алу мүмкіндігі жоғары 10 бағыт

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бірыңғай ұлттық тестілеу тапсырғаннан кейін мектеп бітірушілер үшін мамандық пен жоғары оқу орнын таңдау кезеңі басталады. Осыған байланысты талапкерлер арасында қай бағыттар бойынша мемлекеттік білім беру грантын алу мүмкіндігі жоғары екені өзекті мәселе болып отыр. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025-2026 оқу жылында Қазақстанда 73,5 мың студент мемлекеттік грант арқылы жоғары оқу орнына қабылданған. Жалпы алғанда, бұл барлық студенттердің шамамен 35,2%-ын құрайды. Соңғы жылдармен салыстырғанда грант иегерлерінің саны 60%-дан астам артқанымен, олардың үлесі айтарлықтай өзгермеген, деп хабарлайды Egemen.kz.

ҰБТ-2026: Грант алу мүмкіндігі жоғары 10 бағыт

Салалар бойынша талдау көрсеткендей, ең жоғары грант үлесі «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытында тіркелген – 73,9%. Сондай-ақ «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» (64,4%) мен «Ұлттық қауіпсіздік және әскери іс» (61,2%) салаларында да грантпен түскендер көп.

Ал нарықта бәсекесі жоғары «Бизнес, басқару және құқық» бағытында грант үлесі бар болғаны 7% ғана. Бұл салада грант алу әлдеқайда қиын екенін көрсетеді.

Жеке мамандықтар арасында «Физика және химия ғылымдары» (91%), «Жануар шаруашылығы» (90,5%), «Балық шаруашылығы» (89,3%) сияқты бағыттарда грантпен түсу көрсеткіші өте жоғары. IT саласына жақын «Ақпараттық қауіпсіздік» (84%) пен «Телекоммуникациялар» (69,9%) да перспективалы бағыттардың қатарында.

Инженерлік мамандықтарда да мемлекет тарапынан қолдау жоғары: құрылыс, өндіріс және инженерия салаларында грантпен оқитын студенттер үлесі 50-65% аралығында.

Ал ең төмен көрсеткіштер құқықтану (2,5%), шет тілдері (9%), бизнес және басқару (10,4%) және логистика (11,3%) бағыттарында тіркелген.

Сонымен қатар 26,2 мың студент әлеуметтік және квоталық санаттар бойынша грант алған. Олардың ішінде көпбалалы және толық емес отбасылардың балалары, ауыл жастары, ішкі көшіп-қонушылар, жетім балалар мен мүгедектігі бар азаматтар бар.

Мамандардың айтуынша, грант саны мен бағыттардағы бәсеке талапкерлердің таңдауына тікелей әсер етеді, сондықтан мамандық таңдауда тек қызығушылықты ғана емес, нарықтағы бәсекені де ескеру маңызды.

Еске салайық, 10 мамырда Қазақстанда негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) басталды. Биылғы сынақ 10 шілдеге дейін жалғасады.

Елімізде 2023-2024 жылдар аралығында оқудан шығарылған тұлғаларға қайта грант беріліп, 85 миллион теңгеден астам қаржы негізсіз жұмсалған.

Бұған дейін  ҰБТ-ға қатысты жаңаша өзгерістердің қандай болатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар