фото: pexels
Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың айтуынша, енді 2 миллион теңгеден асатын ақша аударымдары кезінде міндетті биометриялық сәйкестендіру жүргізіледі. Оның пікірінше, бұл адал мәміле жасайтын азаматтарға қиындық тудырмайды және алаяқтықтың алдын алуға көмектеседі.
Сарапшының сөзінше, соңғы жылдары зейнеткерлер мен азаматтардың ірі көлемдегі қаражатын әлеуметтік инженерия мен психологиялық ықпал арқылы иемдену жағдайлары көбейген. Сондықтан қосымша тексеру жүйесі қажет.
Сонымен қатар биометрия қаржылық операциялардың ашықтығын арттырады. Заңды мәміле жасаған азаматтар кейін салық органдары немесе басқа мемлекеттік мекемелер тарапынан артық сұрақтарға тап болмайды.
Айбар Олжаев алаяқтар талаптарды айналып өту үшін сомаларды бөліп аударуы мүмкін екенін, бірақ бұл жағдайда жәбірленушінің жағдайды түсініп, алданғанын аңғаруға уақыты болатынын атап өтті.
Дегенмен жаңа талаптар банк жүйесіне айтарлықтай техникалық жүктеме түсіреді. Енді қаржы ұйымдары биометриялық сәйкестендіру кезінде жиналған фото және видео материалдарды бес жыл бойы сақтауға міндеттеледі.
Сарапшы мұндай көлемдегі деректерді сақтау ірі инфрақұрылымдық шешімдерді қажет ететінін айтады. Себебі Қазақстанның қаржы жүйесінде 9 миллионнан астам адам тіркелген, ал жиналатын ақпарат көлемі өте үлкен болады.
Айта кетейік, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті интернет-алаяқтардың Apple мен PayPal атын пайдаланып, жалған хабарламалар таратып жатқанын мәлімдеді.
Елімізде алаяқтардың қоңырауын секунд ішінде бұғаттап, тоқтататын жүйе енгізіледі.