Марапаттау рәсімінде Аида Балаева өнер саласының ұстаздары мәдени құндылықтарды сақтап, кеңінен насихаттауда, сондай-ақ өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін қалыптастыруда айрықша рөл атқаратынын атап өтті.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және күй өнерін кеңінен насихаттауға бағытталған «Күй күмбірі» республикалық акция-сын ұйымдастыру мен өткізуге қосқан үлесі үшін Президент Жарлығымен бірқатар педагог марапатталды. Атап айтқанда, «Құрмет» ордені Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының музыка пәні мұғалімі Гүлфайруз Елжановаға, «Ерен еңбегі үшін» медалі №46 мектеп-лицейдің музыка пәні мұғалімі Еркежан Намазоваға, сондай-ақ «Алғыс» грамотасы №58 жалпы орта білім беретін мектептің музыка пәні мұғалімі Гүлзира Даржановаға табысталды.

Үкімет басшысының орынбасары осы жұмыс сапары аясында Шымкент цитаделіне барып, музей экспозицияларын тамашалады. Іс-шара барысында тарихи-мәдени мұраны сақтаудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ этноауылда болып, мұндай нысандарды архаикаға бой алдырмай, заманауи, креативті әрі инновациялық форматта дамыту қажеттігін атап өтті.
Вице-премьер Арбат жаяу жүргіншілер аллеясын да аралап, қалалық мәдениет, гастрономия және креативті индустрия салаларындағы бірқатар жобамен танысты. Бұл ретте ол осы аумақта бос жұмыс орындары мен жастарға арналған маусымдық кәсіптік бағдар ақпараттарын беретін жұмыспен қамту орталығын орналастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сонымен қатар креативті ортаны дамытуға, жас таланттарды қолдауға, мәдени мұра мен инновациялық тәсілдер үндескен заманауи қалалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Осы күні Аида Балаева Шымкент қаласындағы «Жастар» театрына барып, Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебек»
трагедиясы желісінде сахналанған спектакльді тамашалады.
Қойылым – қазақ драматургиясының алтын қорына енген, ұлт рухы мен халықтың тарихи тағдырын терең бейнелейтін көрнекті туынды. Театр ұжымы спектакльді жаңа режиссерлік шешіммен ұсынып, классикалық шығарманы заманауи сахналық тіл арқылы жаңаша пайымдаған.
Вице-премьер театр ұжымының тыныс-тіршілігімен танысып, қызметкерлермен кездесу өткізді.
«Мемлекет басшысы мәдениет саласына ерекше мән береді. Президент ұлт рухын асқақтатып, рухани тұтастықты нығайтып жүрген мәдениет қайраткерлерінің еңбегін әрдайым жоғары бағалайды», деді ол.
Биыл «Жастар» театрының ашылғанына бір жыл толып отыр. Қазіргі уақытта театр репертуарында 10 қойылым бар. Жас театр халықаралық деңгейде де танылып үлгерді. 2025 жылы Алжирде өткен «The International Cultural Festival of Desert Theatre» фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар 2026 жылғы сәуірде Франциядағы GRRRANIT – Scène nationale de Belfort театры-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұған қоса театр Италия, Корея, Канада елдеріндегі әріптестерімен байланыс орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және халықаралық фестиваль ұйымдастыру бағытындағы мүмкіндіктерді қарастырып отыр.
Бүгінде театр ұжымында 145 адам еңбек етеді. Оның ішінде 50 әртіс және 18 шығармашылық құрам өкілі бар.