Саясат • Бүгін, 07:50

Ұзақмерзімді дамудың құқықтық негізі

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаңа Конституция – саяси институттарды жүйелі түрде жаңғырту және Қазақстанның заманауи әрі тиімді басқару үлгісіне көшу жолындағы тарихи қадам. Бұл жөнінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.

Ұзақмерзімді дамудың құқықтық негізі

Кеше Сенатта салтанатты жиын өтіп, онда жаңа Конституцияға байланысты республикалық референдумның қорытындысы талқыланды. Палата төрағасы аталған референдум шын мәнінде тарихи оқиға болғанын айтты. Сондай-ақ ол дауыс берген азаматтардың 87 пайыздан астамы Президент жариялаған конституциялық реформаны қолдағанын, соның нәтижесінде еліміздің жаңа Ата заңы қабылданғанын атап өтті. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолындағы маңызды қадам.

М.Әшімбаев конституциялық реформа Мемлекет басшысы бастамашы болған ауқымды жаңғыртулардың дәйекті жалғасы екеніне тоқталды. Жаңа Конституция қазіргі заман талаптарына сай екені, мемлекеттілігіміздің ғасырлар бойы қалыптасқан даму тарихының жарқын көрінісі саналатыны да әңгімеге арқау болды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Қабылданған Ата заң саяси жүйені сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтудың тиімді тетіктері айқындалып, дамудың жаңа парадигмасы қалыптасты. Конституцияда азамат­тардың құқықтары мен бостан­дықтарын қорғау басым міндет ретінде белгіленгенін ерекше атап өткен жөн. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін нормалар да қарастырылды. Жалпы, жаңа Конс­ти­туция еліміздің ұзақмерзімді әрі нәти­желі дамуының берік құқықтық және саяси негізін қалады. Бұл – Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуі үшін аса маңызды қадам», деді Сенат төрағасы.

Іс-шарада жаңа Ата заң Әділетті Қазақстан идеясын толық іске асырудың құқықтық негізін бекіте түскеніне назар аударылды. Сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындау осы реформа аясындағы аса маңызды тұжырымдамалық өзгерістердің бірі болғаны айтылды.

«Ең бастысы – қоғам конституция­лық реформаға бейжай қараған жоқ. Азамат­тардың басым көпшілігі ел дамуы­ның берік негізіне айналатын жаңа Конституцияны қолдады. Референдум нәтижелері халықтың ел болашағына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының реформаларына азаматтардың сенімі жоғары екенін тағы бір мәрте паш етті. Қазір алдымызда жаңа Конституциядан туындайтын ауқымды міндеттер тұр. Басты мақсат – Президентіміздің бас-тамасымен қолға алынған реформаларды сапалы жүргізу, жаңа Ата заңда айқындалған қағидаттарды нақты мазмұнмен толықтыру және тиісті заңдар қабылдау арқылы Әділетті Қазақстан қалыптастыру идеясын іске асыру. Бұл – депутаттар үшін ортақ міндет, ортақ жауапкершілік», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төрағасы Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының мемлекеттілігі мен Егемендігін нығайту ісіндегі еселі еңбегі, белсенді қоғамдық және мінсіз мемлекеттік қызметі, елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына, ұлтаралық келісімді нығайту­ға қосқан елеулі үлесі үшін мара­патталған бірқатар сенатор мен Палата Аппаратының қызметкерлеріне мем­лекеттік наградаларды тапсырды.

Атап айтқанда, сенаторлар Сұлтанбек Мәкежанов пен Нұртөре Жүсіп ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені­мен  наградталды. Палата депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев пен Ольга Булавкинаға «Парасат» ордені табысталды. Сенатор Руслан Рүстемов, Сенат Аппаратының басшысы Максим Споткай, Аппарат басшысының орынбасары Адай Баймұқанов, бөлім басшысы Бақытгүл Төлеуова, баспасөз қызметі басшысының орынбасары Еламан Қоңыр «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұдан басқа, Аппараттың бірқатар қызметкеріне «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Президенттің Алғысхаты тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар