Күршім ауданының тумасы Гүлсім Еркінқызы Өскемендегі Қ.Нұрғалиев атындағы колледждің суретші-дизайнер факультетінде білім алып, кәсіби суретші болып шыққан. Колледж бағдарламасымен ғана емес, өзі қосымша ізденіп, білімін ұштай түскен. Қазір жеке шығармашылығымен қатар, сурет студиясында шәкірт тәрбиелейді. Айтуынша, цифрлы дәуірдің балалары ойларын еркін жеткізеді, өзгеше ойлайды. Солардың ішінен заманның сұранысына қарай суретшілер шықса екен дейді. Талантты суретшінің ойлауы да, алысты болжауы да өзгеше екен. Аппақ қағазды шимайлай отырып, әңгімесін өрбіткен.
«Суретшілікті жан-жақты меңгердім. Майлы бояумен картина да жаза аламын. Бірақ бүгінгі жастарға, балаларға керек дүниемен шұғылданғым келеді. Кейінгі жылдары жастар арасында комикс оқу сәнге айналды. Айтпағым, жастарға руханиятымызды комикс стилінде насихаттасақ деймін. Мойындау керек, тіпті қазақ мектептеріндегі оқушылар орысша сөйлейді. Себебі кішкентайынан ақпаратты орыс тілінде сіңірген», дейді жас суретші.

Айтып отырған идеясы орынды болғанымен, бір адамның қолынан келмейді. Ол үшін команда болып жұмыс істелуі керек. Қазақтілді мультфильм, қазақтілді бейнероликтер дайындау қыруар күшті қажет етеді. Десе де, суретші Гүлсім шама-шарқынша ертегі кейіпкерлерін бейнелеп, балдырғандарға ұсынып жүр. Шағын ертегілер жазып, суретпен көмкереді. Алғашында әкесіне деген сағыныштан қолына қалам алып, «Кішкентай періште» атты ертегі жазған. Оқиға желісі бойынша сериялық суреттер салып, кітапша етіп жинақтаған.
Суретшінің ойы – өсіп келе жатқан жастарға төл тілімізде өнім ұсыну. Оның өзінде қандай да бір есеп үшін емес, шынайы өнермен сұранысты ақтайтындай комикс кітаптар болса дейді.
ӨСКЕМЕН