Биыл жыл басында «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған Дархан Сағдашұлы Қарағанды қаласында дүниеге келгенмен, балалық шағы Шығыс Қазақстан өңірінде өтті. 1994 жылы Үлкен Нарын ауданына қарасты Ново-Берёзовка орта мектебінің табалдырығын аттап, 2004 жылы осы білім ордасын аяқтады. Ерте кезден техникалық пәндерге бейімі бар ол болашақ кәсібін саналы түрде таңдады. Сол жылы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің жылу-электрмен қамтамасыз ету факультетіне оқуға түсіп, «Жылу энергетикасы» мамандығын алды. Университетте алған теориялық даярлық пен өндірістік ойлау машығы оның кейінгі еңбек жолына берік негіз қалады. 2008 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, жас маман еңбек жолын «Өскемен ЖЭО»-да бастады.
Алғашқы жылдары орталықтандырылған жөндеу цехында термо оқшаулаушы, отқа төзімдеуші болып еңбек етті. Қазандық агрегаттары мен құбыр жүйелеріндегі жылу оқшаулау жұмысы станса тиімділігіне тікелей әсер ететін жауапты учаске саналады. Дархан Сағдашұлы өзіне жүктелген міндеттерді тиянақтылықпен орындап, технологиялық тәртіпті қатаң сақтайтын маман ретінде қалыптасты. Атқарылған жұмыс жабдықтардың сенімділігін арттырып, жылу шығынын азайтуға мүмкіндік берді.
«Жұмысқа әбден төселіп алдық. Соның өзінде әр қимылымыз өте жауапты. Жылу жүйесі сырт көзге оңай көрінгенімен, өте күрделі үдеріс. Мұндағы мамандардың қай-қайсысы да өз ісінің нағыз шебері», дейді Дархан.
Қызмет бабында сатылап өскен маман 2014 жылдан жабдықтарды пайдалану, жөндеу жөніндегі техник қызметін атқарды. Стансаның негізгі технологиялық жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты. Өндірістік үдерістерді терең түсінуі мен тәжірибеге сүйенген шешімдері оның кәсіби деңгейін бекемдей түсті. Сөйтіп, 2023 жылғы тамызда химиялық су тазалау шебері лауазымына ауыстырылды. Қысқа мерзім ішінде жаңа бағыттағы жұмысты жүйелеп, ұжым қызметін тиімді ұйымдастыра білді. Химиялық су тазалау – жылу электр орталығы жұмысындағы негізгі буындардың бірі. Су сапасына қойылатын талаптардың сақталуы жабдықтардың ұзақ әрі апатсыз қызмет етуін қамтамасыз етеді. Осы жауапкершілікті терең сезінетін маман өндірістік тәртіп пен қауіпсіздік талаптарына айрықша мән береді.
Дархан Сағдашұлы үнемі өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған ұсынысымен ерекшеленеді. Технологиялық үдерістерді жетілдіру, ресурстарды ұтымды пайдалану жөніндегі бастамалары стансаның пайдалану шығындарын төмендетуге, техникалық сенімділігін арттыруға ықпал етті.
Еңбек адамына тән тағы бір қыры – кейінгі буынға бағыт-бағдар беру. Ол жас мамандарды баулып, олардың бойында өндірістік мәдениет пен жауапкершілік қағидатын қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Ұжымды ұйымдастыра білуі, талап пен әділдікті ұштастыруының арқасында әріптестері арасында беделге, сый-құрметке ие. Бүгінде Дархан өз ісіне адал, өндірістің жауапты учаскесінде табанды еңбек етіп жүрген тәжірибелі маман. Осындай азаматтардың еңбегі арқылы ел энергетикасы дамып, қоғамның тұрақты тіршілігі қамтамасыз етіліп отыр.
ӨСКЕМЕН