Президент атап өткен стратегиялық маңызы бар «Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы» жобасын толық іске қосу 2026 жылғы желтоқсанға жоспарланған. Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, құрылыс алаңында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қатаң бақылауға алынған. Жобаның құрылысын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тапсырысымен «Integra Construction KZ» ЖШС жүргізіп жатыр. Жуырда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Исқалиевпен және жобаны іске асырушы «Integra Construction KZ» ЖШС өкілдерімен кездесуінде құрылыс барысындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды. Жобаның негізгі мақсаты – «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржол желісі арқылы жүк және жолаушылар тасымалының көлемін арттыру, транзиттік тасымалдарды ашу, жаңа бағыттарды іске қосу, сондай-ақ Түркістан – Шымкент – Ташкент учаскесіндегі өткізу қабілетін тәулігіне 35 жұп пойызға дейін ұлғайту. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Исқалиевтің айтуынша, қазір аяқталған жер қазу жұмыстарының жалпы көлемі 9,1 млн текше метрді құрайды. 19,8 шақырымға рельсті шпал торы төселген. Сонымен қатар көпірлер мен өткелдер салу, су құбырларын жүргізу, жасанды құрылымдарды монтаждау жұмыстары қарқынды атқарылып жатыр. Жер тегістеу 70 пайызға аяқталған. Тек Сырдария өзені жағалауындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Сондай-ақ теміржол бойы-на шағал төселіп, көпірлер салынуға тиіс. «Ердәуіт» стансасынан өзенге дейін 7 көпірдің құрылысы аяқталған. Бұл жұмыстарға 560-тан астам адам мен 400-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған.
Теміржол желісінің ұзындығы – 172 шақырым. Оның 15,35 шақырымы Мақтаарал ауданы аумағы арқылы өтеді. Бүгінде жобаны жүзеге асыру мақсатында «Мақтаарал» стансасын орналастыруға қажетті жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару рәсімдері басталған. Аудан әкімі Бақыт Насырханұлының айтуынша, жоспарға сәйкес тұрғын үй құрылысына арналған – 0,9987 гектар болатын 8 жер телімі, кәсіпкерлік және өзге мақсаттағы – 2,25 гектар болатын 11 жер телімі, ауыл шаруашылығы мақсатындағы – 27,02 гектар болатын 34 жер телімі және мемлекеттік жер пайдаланушылардағы – 0,6 гектар болатын 7 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылатын болады. Жаңа бағыт «Сарыағаш» өткізу пунктінің жүктемесін түсіреді, сондай-ақ Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарын байланыстырады. Аталған бағыттың өткізу қабілетін едәуір арттырып, магистралдық көлік, кедендік және шекаралық инфрақұрылымның даму деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Желі бес ауданның аумағы арқылы өтіп, Қазақстанды Өзбекстанмен байланыстыратын көлік дәлізіне айналады. Бұдан бөлек, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы-на серпін беріп, жаңа өндірістердің ашылуы-на және қосымша жұмыс орындарының құрылуына ықпал етеді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында елдегі көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Соның ішінде, Сарыағаш қаласы маңындағы көлік қозғалысының тығыз екенін атап өтіп, осы мәселені шешу мақсатында биыл «Сарыағаш айналма жолы» жобасының құрылысын қолға алу қажеттігін айтқан еді. Ал Үкіметтің кеңейтілген отырысында теміржолмен қатар автокөлік тасымалын дамытуға қатысты ірі жобаларды да жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сарыағаш айналма жолының жалпы ұзындығы 102 шақырым болады. Жобалау-сметалық құжаттаманың құны – 238,1 млрд теңге. Бұл жол – I б санатындағы, 4 жолақты автомобиль жолы. Жоба республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолына балама бағыт ретінде қызмет атқарып, Сарыағаш қаласы мен оған іргелес аумақтардағы көлік жүктемесін азайтады. Транзиттік көліктердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігі артып, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға оң әсерін тигізеді.
Түркістан облысы