Аймақтар • Бүгін, 09:05

Тұрмыс сапасы жақсарып келеді

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында бірқатар ауқымды іс-шаралар атқарылып жатыр. Өңір халқының тыныс-тіршілігіне жақын саласы жыл өткен сайын оң динамика көрсетіп келеді.

Тұрмыс сапасы жақсарып келеді

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Облыс әкімінің әлеу­меттік салаға жауапты орынбасары Жүсіп Жұмағұлов ұсынған деректерге жүгінсек, өткен жылы өңірдің мектепке дейінгі мекемелерінде қосымша 355 орын ашылды. Бұл белгіленген жоспардан 18,3%-ға артық. Соның арқасында 2–6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің 97,5%-ы мектепке дейінгі тәрбие­мен қамтылды.

Былтыр Петропавл қаласында «Қазақ­стан халқына» қорының қолдауымен 280 орынға шақталған балабақшаның құрылысы басталды. Бұл сәбилерді мектепке дейінгі мекемемен қамту көрсеткішін тағы бір пайызға арттыруға мүм­кін­дік береді. Сонымен қатар қар­жыландырудың ваучерлік жүйесі енгізілді. Қаражатты барынша тиімді жұмсауға жол ашқан жүйе­нің көмегімен 629,1 млн теңге үнемделіп, қаржы мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталды. Нәти­жесінде, мемлекет қаржысын жым­қы­руға тосқауыл қойылды. Биыл бұл тәжірибе облыстың барлық ауданына таратылмақшы.

Бұдан бөлек, «Келешек мекте­бі» ұлттық жобасы сәтті іске асырылып, облыс орталығындағы «Бе­­реке» шағын ауданында 600 орын­дық жаңа мектеп пайда­ла­нуға берілді. Салынған білім орда­ларының қатарында Есіл ауда­нындағы Еңбек ауылында жеке­меншік қаражат есебінен бой көтерген 50 орындық мектеп те бар. Өткен жылы мектептерді жөндеу, жаңғырту жұмыстарына 5,9 млрд теңге бөлініп, ауылдық жерлердегі 11 мектептің материалдық-техни­калық базасы 2,3 млрд теңгеге сатып алынған құрал-жабдықтармен толықтырылды. Сондай-ақ 291,1 млн теңгеге 35 пән кабинеті жарақ­тандырылды. «Ауыл мектебі – сапа алаңы» бағдарламасы аясында «Қазақстан халқына» қорының де­­меушілігімен 80 STEM-кабинет ашылды.

Әлеуметтік саланың күре­та­мыры саналатын негізгі бағыт­тардың бірі – жастар саясаты. Қазір 14–35 жас аралығындағы азаматтар өңір халқының 24,5%-ын құрап отыр. Облыста 128 мыңнан астам жас бар. Былтыр 100,9 млн теңгеге жастар арасында 19 жоба іске асырылды. Оның ішінде қоғамға да, жас­тардың өзіне де ең зор пай­­да­сын тигізгені – «Жасыл ел» бағ­дар­ламасы. Осы бағдарлама аясында 759 жас азамат жұмыспен қам­тыл­ды. Биыл бұл көрсеткішті 760-қа дейін арттыру көзделіп отыр.

Жас мамандарды қолдау мақ­сатында «Қызылжар жастары» атты әлеуметтік ипотекалық бағ­дар­ламасы қолға алынды. Жо­баны қаржыландыруға жергі­лікті бюджеттен 350 млн теңге, «Отбасы банкі­нен» қосымша 350 млн теңге қарас­тырылды. Со­ның арқасында 45 жас маман жеңілдетілген шартпен тұрғын үйге қол жеткізді. Бұл бағдарлама 2029 жылға дейін жалғасын табады. Жастармен жұмыс барысында азаматтардың өз құқықтары мен бостандықтарын жете білуіне, оны қорғау мәдениетін арттыруға бағытталған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын дәріптеу ісі де белсенді жүргізіліп келеді.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бас­тамасы аясында былтыр 25 мың адамды қамтыған 4 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды. Бүгінде жастардың қоршаған орта­ға жанашырлықпен қарап, қоғам­дық орындарда тазалық сақ­тау мәдениеті қалыптасып келеді.

Биыл тағы жастарға арналған 34 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, оған бюджеттен 145,6 млн тең­ге бөлінген. Бұл бас­та­ма­лар­дың барлығы өскелең ұр­пақ­­ты қо­ғамдық пайдалы еңбек­ке тартудың тиімді тетіктерін қамтиды.

Жастарды бұқаралық спортқа баулу – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Былтыр спортпен шұғылданатындар қатары 228 мыңға жуықтады, бұл бұрнағы жыл­мен салыстырғанда 5 мың адам­ға артық. Биыл тағы 2,8 мың­дай тұрғынды спорттық шараларға қатыстыру көздел­ген.

Облыстың спорттық инфра­құры­лымында 2 197 нысан тір­келген. Оның ішінде былтыр 43 нысан жаңадан пайдалануға берілді. Құрылысы жүріп жатқан 46 нысан алдағы уақытта іске қосылады. Сонымен қатар «Са­мұрық-Қазы­на» АҚ мен «Қазақстан халқына» қоры бірлесіп, ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған инклюзивті спорт орталығын салып беруді қолға алмақшы.

Спорт саласына лайықты дең­гейде көңіл бөлінуінің нәти­же­сінде өңірдің 434 спортшысы ұлттық құрама сапына қабыл­данды. Олар түрлі спорт түрінен 1 140 медаль қанжығалады. Солар­дың қатарында биылғы қысқы паралимпиаданың чемпионы Ербол Хамитов пен боксшы На­талья Богдано­ваның әлемдік дең­гей­де топ жарып, ел намысын абыроймен қорғағанын мақта­нышпен атап өтуге болады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар