Аймақтар • Бүгін, 08:10

Тасқыннан қауіп аз, дегенмен сақтық керек

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көктемгі су тасқыны қарсаңында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тікұшақпен салалық мамандармен бірге биылғы қарғын судың гидрологиялық қарқынын барлап шықты. Бақылау барысында Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, Есіл, Айыртау, Ақжар, Уәлиханов, Тайынша аудандары, сондай-ақ Үлкен және Кіші Торанғұлға кіретін өзен арналары, Шағалалы өзені, Ақмола облысындағы Сілеті суқоймасының ахуалы сараланды.

Тасқыннан қауіп аз, дегенмен сақтық керек

Биыл Есіл ауданындағы үлкен суқоймаларының бірі Тораңғұл көлінде ылғал қоры өткен жылғымен салыстырғанда едәуір төмен, шамамен 26%-ға кем. Бұл көңілді орнықтыратын жайт. Бірақ былтырдан осынша кем болғанымен, басқа жылдармен салыстырғанда қалыпты жағдайда деп айту­ға болады. Күннің қызуы күрт көтерілгендіктен, Есіл ауда­нын­дағы қар қалыңдығы қар­қынды түрде азайып келеді.

«Қалған аудандарда да тәуекел­дер негізінен жергілікті сипатта, олар еріген қар суларының келуі мен мұздың әлсіреуіне байланысты. Шағалалы өзенінде су деңгейінің аздап көтерілуі тіркелді, алайда бұл да өткен жылғымен салыстырғанда көп төмен. Мұз жамылғысы біртіндеп босаңсып келеді», деп жазды әкім әлеуметтік желідегі парақшасында. Осыларға қарап биыл тасқын бола қоймас десек те, табиғаттың тосын сыйы­на ешкім де кепілдік бере алмайды.

Су ресурстары және ирригация министрлігімен, сондай-ақ «Қазсушар» РМК Ақмола филиалымен бірлесіп қабылданған шешімге сәйкес ақпаннан бастап Сілеті суқоймасынан суды алдын ала жіберу басталған. Бұл су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етіп, су деңгейінің күрт көтерілуін тежейді. 25 наурыздан бас­тап ауа температурасының көтерілуіне байланысты көктемгі үдерістің белсенді кезеңі бас­талып кетті. Қазір жағдай тұрақты бақылауда. Барлық жауапты қызметтер күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр.

Өңірде тасқынның болу қаупі мен қабылданып жатқан кешенді шаралар «Amanat» партиясының СҚОФ жанындағы партиялық бақылау комиссиясының, өңірлік даму кеңесінің бірлескен отырысында да жан-жақты қаралды.

Қазір су басу қаупі бар аумақ­тар ерекше бақылауға алынған. Қала аумағында негізгі қауіп аймағы ретінде Заречный кенті белгіленген. Мұнда 6 көпқабатты тұрғын үй мен 90 жеке баспана бар. Жергілікті атқарушы органдар тұрғындарды қауіпсіз аймақ­тарға көшіру туралы ше­шім қабылдап, қазірдің өзін­де 90 отбасы қауіпсіз жерге орналастырылды. Облыстық бюджет есебінен 72, 90 пәтерлік жаңа тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Қызылжар ауданында 18 елді мекен тасқын қаупі бар ай­маққа жатады. Тасқынға қарсы шараларға барлығы 12,4 млрд теңге бөлінген. Ауданда қорғаныс бөгеттерін қайта жаңғырту, жол инфрақұрылымын жақсарту, су бұру жүйелерін салу жұмыс­ы жүргізіледі. Соны­мен қатар Есіл өзенінде мұз кептелісінің алдын алу мақ­сатында қопарылыс жасау жұ­мысы жүргізілді. Бұл өз кезе­гінде өзен арнасының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Облыс орталығындағы эвакуация жүйесі де толық дайын. Уақытша орналастыру пункт­тері жатақханалар мен мек­тептер базасында әзірленіп, қажетті материалдық қорлар жасақталған.

«Биылғы қыста 199 мың текше метр қар шығарылып, жүздеген су өткізу құбыры тазартылды. Ауданда 150-ден астам арнайы техника, 33 эвакуациялық пункт көшірілген адамдарды қабылдауға әзір. Халықты дер кезінде хабардар етуге дауыс­зорайтқышы бар дрондар қолда­нылмақшы. Сонымен қатар өңірге көмек ретінде 50 құтқарушы тартылып, олар бір ай бойы қауіпті учаскелерде жұмыс істейді», деді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Бақтияр Бекенов.

Су басу қаупі жоғары мекен­дерді тұрақты түрде қауіпсіз аймақтарға көшірмесе, жыл сайын тасқынның дақпыртымен миллиардтаған қаражат босқа жұмсала бермекші. Бұл мәселе туралы кеңесте ашық айтылды. Жиын соңында «Amanat» партия­сы өкілдері атқарылып жатқан жұмыстың маңыздылығын, тасқынның алдын алу бағы­тындағы шараларды үнемі қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

 

Солтүстік Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Көктемгі дала жұмысы қарқын алды

Шаруашылық • Бүгін, 09:10

Қаладан ауылға бетбұрыс

Ауыл • Бүгін, 09:05

ЖИ агенттерінің жәрдемі

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:00

Таңдайдан кетпес ұлт дәмі

Кәсіпкер • Бүгін, 08:58

Қолжетімді сапалы дерек

Digital • Бүгін, 08:55

Саладағы цифрлық серпін

Білім • Бүгін, 08:53

Пластик қалдығы пайдаға жарады

Аймақтар • Бүгін, 08:48