Сурет: mofa.go.jp
Жапония елшілігінде өткен жиында Жапонияның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Ииджима Ясумаса Астана қаласының №1 көпсалалы қалалық ауруханасы мен Еңбекшіқазақ көпбейінді орталық аудандық ауруханасының өкілдерімен гранттық келісімшартқа қол қойды. Келімсімшарттың жалпы сомасы – 85,224 доллар.
Елші қаржылай қолдауға ие болған медицина орталықтарының өкілдерін құттықтай отырып, әрбір жоба медициналық қызметтердің сапасын арттырып, адамның өмірін сақтауда елеулі үлесі қосатынына сенім білдірді. Ұйым өкілдері де Жапония үкіметінің қазақ халқына көрсетіп жатқан қолдауы үшін алғысын жеткізді.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, гранттық қаржыға Астана қаласының №1 көпсалалы қалалық ауруханасы шамамен 51,025 долларды құрайтын 7 пациент мониторын, ал Еңбекшіқазақ көпбейінді орталық аудандық ауруханасы 32 креатинин анализаторын (бастапқы жиынтығымен қоса) сатып алуды жоспарлап отыр.
Айта кетсек, Күншығыс елі үкіметінің «KUSANONE» бағдарламасы – адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шағын ауқымдағы әлеуметтік жобаларға қайтарымсыз көмегі. Гранттық қолдау халықтың қарапайым топтарына жәрдемдесіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлесін қосады. Бағдарламаға жергілікті билік органдары, медицина, білім мекемелері, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қорлар қатыса алады. Жоба денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қамтамасыз ету, экология, қоршаған ортаны қорғау, кедейлікпен күрес, т.б. салаларға арналған. Аталған бағдарлама елімізде 1997 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.