Сурет: inbusiness.kz
Кейінгі аптаның қорытындысында талапкерлердің 67,11 %-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 63 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 139 балл. Ерекше білім беру қажеттілігі бар оқуға түсушілерге қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 283 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.
Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде орналастырылады. ҰБТ барысында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі), тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қолжетімді болады. Атап өтсек, үміткерлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын, пунктін өздері таңдады.
ҰБТ-ны өткізудің үшінші аптасында 179 ережебұзушылық анықталды. 97 талапкер смартфон, шпаргалка басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 82 адам тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ.
2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл да өзгермейді, 140 балды құрайды. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек. 2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.
Тағы бір ескеретін жайт, наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданғандар, өткен жылғы мектеп түлектері, колледж түлектері, қандастар, шетелде білім алған ел азаматтары, мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу мақсатында қатысады.