Президент • Бүгін, 14:57

Мемлекет басшысы: Ата заң – бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумның қорытындысы жарияланды. Маңызды құжатты іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойылды. Салтанатты рәсімнен кейін Президент сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы: Ата заң – бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның нәтижелі еңбегіне айрықша тоқталды.

Президенттің айтуынша, Комиссия мүшелері өте ауқымды, тиімді жұмыс атқарып, мемлекет пен қоғамның өзара сенімі және серіктестігі аса маңызды екенін айқын көрсетті.

Жалпыұлттық коалиция мүшелері де қажырлы қызмет етті. Олар жаңа Конституцияның мән-мазмұнын жұртшылыққа кеңінен түсіндіріп, қажетті үгіт-насихат жұмысын ойдағыдай атқарды.

«Бүгін осы тарихи сәтке орай, мен Комиссия құрамында болған барша азаматқа және Коалиция мүшелеріне ерекше ризашылығымды білдіремін.

Еліміздің әр аймағы, ауданы мен қаласында қоғамдық белсенділер, олардың ішінде еріктілер, яғни волонтерлер жоғары азаматтық жауапкершілік танытып, Халық Конституциясының қабылдануына зор үлес қосты. Баршаңызға рақметімді айтамын», деді Президент.

Президент Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиынға қатысты

Мемлекет басшысы атап өткендей, Халық Конституциясы келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезіне отырып қабылданды.

«Ата заң – қуатты, күшті, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы.

Жаңа Конституция – көне заманнан бері бабаларымызға бағдар болған дала заңдарының бүгінгі жалғасы, ұрпақтар арасындағы сабақтастық көрінісі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жаңа Конституцияға қол қойды

Президенттің сөзінше, заман талабына сай жаңғырған бас құжат мемлекеттігіміздің сан ғасырлық тарихынан хабар береді.

«Қазіргі Конституция нағыз Ұлт заңы деген атқа лайық. Оның өне бойында бабаларымыз аманат еткен елдік пен ерлік рухы, салт-дәстүр, жасампаздық және жаңашылдық ұғымдары тоғысқан.

Ата заң – мемлекет мүддесінің болаттай берік қалқаны. Конституциямыздың ең басты мақсаттары – жеріміздің тұтастығын, еліміздің Тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, қоғамдық әділет пен заң үстемдігін нығайтуға кепілдік беру, сондай-ақ білім, ғылым, инновация мен мәдениетті дамыту, тазалықты дәріптеп, табиғатты қорғауды қамтамасыз ету.

Мемлекетіміздің бас құжаты – халық болмысының мызғымас нышаны, берекелі ауызбіршілігіміздің символы», деді Мемлекет басшысы.

Президент: Жаңа Халық Конституциясы – келер ұрпақпен бірге жасай беретін қасиетті құжат

Соңғы жаңалықтар