Қылмыс • Бүгін, 08:43

Алаяқтар айласы таусылар емес

120 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда алаяқтар қылмысы өршіп тұр. Құқық қорғау органдарын интернеттегі алаяқтық қылмы­сының 14 пайызға артқаны алаңда­тады. Кейінгі жылдары арам пиғылды алаяқтардың осындай заңсыз әрекетінен жәбірленушілерге 1 млрд 297 млн теңгеден аса шығын келтірілген.

Алаяқтар айласы таусылар емес

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Атырау қалалық прокуратурасының мәлі­метіне қарағанда, алаяқтар азаматтарды алдау үшін әлеуметтік желілерді, мессенд­жер­лерді, жалған сайттар мен хабарламаларды кеңінен пайдаланады. Алаяқтар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органының өкілі не­ жақын туысыңыз ретінде таныстыруы мүмкін. Сөй­тіп, жеке деректерді, банк картасының рекви­зиттерін немесе кодтарды алуға тырысады.

«Осыған байланысты тұрғындар қауіп­сіздік мақсатында бірнеше сақтық шарасына мән бергені жөн. Біріншіден, бейтаныс сілтемелерге өтпеуді, жеке және банк деректерін үшінші тұлғаларға бермеу керек. Екіншіден, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуді ұсынамыз. Алаяқтық белгілері байқалған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабар­ласуды сұраймыз», деп хабарлады қалалық прокуратурадан.

Облыстық прокуратураның үйлес­тіруімен Атырауда интер­нет-алаяқтыққа қарсы «Anti-Fraud Call Center» орталы­ғы ашылды. Орталық­та полиция депар­таментінің киберқыл­мысқа қарсы жедел тобы «Қазақ­телеком» АҚ-тың өңірлік филиалының қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істейді.

«Басты мақсатымыз – тұрғындар­ды интернет желісіндегі алаяқтық қыл­мыс­тардан қорғау. Бұл орталықта зардап шек­кен тұрғын­­дардың өтініштері жедел қаралады. Алаяқ­­тардан қорғану әдісі жө­­нінде профи­лактикалық кеңес бері­леді», дейді облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев.

Құқық қорғау органдарының мәлі­метіне сүйенсек, жыл басынан бері интернет арқылы жасалған алаяқтық қылмысының дерегі 19 пайызға өскен. Әккілердің заңсыз әрекетіне байланысты орталыққа 100-ге жуық шағым түскен.

Полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеевтің айтуынша, алаяқтардан қорғайтын орталық қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істейді. Орталыққа түскен қоңырауларға мониторинг жүргізіледі.

«Қызметкерлер мониторинг кезінде қылмыскердің қоңырау шалғанын анықтаса, дереу жәбірленушімен бай­ла­­ныс­қа шығады. Тұрғындарға ескер­ту және түсіндіру жұмысын жүргізеді. Поли­цейлер бұдан кейін алаяқтық әрекетінің жолын кесу, күдіктіні ұстау мақсатында тиісті жедел іс-шараларды жүзеге асырады», дейді О.Бекеев.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар