Суретті түсірген Дмитрий Ерофеев
Оның өнімдері – заманауи нарықтағы бәсекеге төтеп беретін, сонымен қатар, дәстүрлі әдіспен дайындалатын нан. Он сегіз жасынан кәсіпкерлікке ден қойған Ерболатқа бұл сала тосын емес. Дегенмен, наубайшылық – жай табыс көзі емес, жан қалауы. Нарықты мұқият саралаған ол көпшілікке таныс өнімді жаңаша сипатта ұсынуға болатынын аңғарған. Сөйтіп, жарты жыл бойы Алматы қаласында білім алып, тәжірибе жинақтайды. Сол кезеңде табиғи ашытқының қасиетін терең меңгеріп, үй нанының шынайы дәмін сақтаудың құпиясын үйренеді.
«Нан өндірісінде жаңалық ашу қиын көрінеді. Бірақ сапа мен табиғилыққа басымдық беру арқылы тұтынушының жүрегіне жол табуға болады», дейді кәсіпкер.
Ерболаттың басты ұстанымы – өнімнің табиғилығы. Оның наубайханасында өндірілетін жеті түрлі нанның барлығы да кәдімгі табиғи ашытқымен әзірленеді. Яғни құрамында жасанды қоспалар жоқ. Жергілікті диірменнен алынатын ұн мен табиғи ингредиенттер ғана пайдаланылады. Мұндай тәсіл нанның сіңімділігін арттырып, дәмін байытады. Қол ашытқының баяу жетілу үдерісі арқылы дайындалған өнім ұзақ сақталып, ағзаға жеңіл сіңеді. Бұл – денсаулығына мән беретін тұтынушылар үшін үлкен артықшылық.
Қазір шағын кәсіпорында алты адам тұрақты еңбек етеді. Күн сайын 350-ге жуық өнім пісіріліп, облыс орталығындағы 25 дүкенге жөнелтіледі. Таңғы уақыттағы наубайханада жаңа піскен нанның ерекше аңқыған иісі ұжымды да, тұтынушыны да баурап алады. Талдықорған нарығын жіті зерттеген кәсіпкер дәл осы бағытта бос кеңістік барын байқаған. Сөйтіп, қолдан пісірілетін, табиғи әдіспен дайындалатын нан түрін өңірге алғашқылардың бірі болып ұсынды.
«Нан бізді отбасымыздың тарихымен, салт-дәстүрімізбен, мәдени мұрамызбен байланыстырады. Сондықтан наубайханама «Ерентал» деп атамның есімін бердім. Қол ашытқымен дайындалатын нан пісіруге көбірек уақыт кетеді, өйткені үдерістің басым бөлігі қолмен атқарылады. Қазір тартин нанын, дәнді және мүкжидек қосылған нан, дәнді багет, бородино наны мен қара бидай нанын, чиабатта мен қарақұмық чиабаттасын пісіреміз. Сонымен қатар күн сайын 60 бөлке нан пісіреміз. Сұраныс болса, круассан, синнабон, пірәндік, самса, басқа да түрлі нан-тоқаш өнімін дайындауға мүмкіндігіміз бар. Қажетті құрал-жабдықтарымыз да, өсіп-өркендеуге деген ниетіміз де жеткілікті», дейді Е.Еренталов.
Оның айтуынша, кәсіпорын алдағы уақытта өнім түрін көбейтуді, өндіріс көлемін ұлғайтуды және брендті республика көлемінде танытуды жоспарлап отыр. Сапалы өнімге сұраныс әрдайым бар. Ең бастысы, сенім мен тұрақтылық.
Тағы бір ерекшелігі – наубайханада нан қарқынды мұздату әдісінен өткізіледі. Соның арқасында өнімді алыс жерлерге тасымалдауға мүмкіндік бар.
«Қазір наубайханамыздың өнімі тек Талдықорған қаласында сатылып жатыр. Алдағы уақытта облыстық, республикалық деңгейге шықсақ дейміз. Ол үшін ең алдымен сапалы әрі пайдалы өнім өндіруге бар күшімізді салып келеміз. Әрине, мемлекет тарапынан қолдау болса, өндірісті кеңейтіп, ассортиментті ұлғайтуға дайынбыз. Әр адам өмірде өз орнын тауып, табысқа жете алады деп санаймын. Ол үшін өз ісіңді сүйіп, оны жан-тәніңмен беріле істеуің керек», дейді өзі.
Жас кәсіпкердің бұл бастамасы – Жетісуда шағын және орта бизнестің дамуына серпін беретін жарқын мысал. Табиғи өнімге деген сұраныс артқан сайын осындай адал еңбекке негізделген жобалардың да ғұмыры ұзақ болары анық.
Жетісу облысы