Қазақ балалар әдебиетінде мөлтек мысал, мазақтама, сықақ өлең сынды сатиралық жанр үлгілері бар. Күлкіге сүйенген осы тәрбие арналарының ішінде мазақтама жанры айрықша орын алады. Мұнда балалардың мінез кемшіліктері әжуаланады. Бірақ балаға «сен жамансың» деп таңба басылмайды, керісінше оқушы шығармадан өзін танып, келемежден қашып, теріс қылығын түзетуге тырысады.
Мәселен, Болат Үсенбаевтың «Жанайдар» мазақтамасы – қиындықтан жалтарып кететін жас оқырманға арналған. Мұнда негізгі нысана – Жанайдар деген баланың «Р» дыбысын айта алмауы емес, сол кемшілікті айналма жолмен «ыңғайлап алуға» тырысатын әдеті. Ақын «сасатын түрі жоқ» деп, кейіпкердің өзін еркін ұстайтынын көрсетеді, бірақ дәл осы еркіндік оның мәселені шешпей, қулыққа салынуына ұласады. Сатиралық эффект Жанайдардың тапқырлығынан туады. Ол өзін жұртқа «Жанаймын» деп таныстырады, «шаруа» дегенді «іс» дейді, ал «торғайды» жай «құс» дей салады, «қара» деген сөзді «түндей» деп алмастырады. Қысқасы, «Р» дыбысына жоламауға тырысады. Бір қарағанда бұл – сөздік қордың байлығы сияқты. Автор да соны әдейі «синонимге тілі бай» деп «мақтап» өтеді. Бірақ осы «мақтаудың» астарында мысқыл бар. Жанайдар синонимді білім мақсатында емес, қиын дыбыстан қашу үшін пайдаланады. Демек, мұндағы күлкі – оның тапқырлығына емес, өзін-өзі алдауына бағытталған. «Р»-ды үйренбей болмайды, Ойланды ма сол жайлы?», деп автор риторикалық сұрақ қояды. Демек, балалар сатирасы балдырғанды жекіп ұялтпайды, күлдіре отырып ойландырады.
Ал Ертай Ашықбаевтың «Жанашыр» атты мазақтамасында Есет деген бала ағасының дәптерлерін көзінің қарашығындай сақтап жүреді. Жұрт оны көрген сайын: «Қандай жанашыр, қандай ұқыпты бала!» деп тамсанып мақтайды. Бірақ бұл «ұқыптылықтың» сыры кейін ашылады. Сөйтсе, Есет дәптерді ағасына жанашыр болғандықтан емес, өзі есейгенде сол есептерді қайтадан жазбай, дайын күйінде көшіріп алу үшін жинап жүрген екен. «Ұқыптылықтың» себебі жауапкершілік не қамқорлық емес, ертеңгі еңбектен қашудың амалы болып шығады. Яғни жақсы ат жамылған жалқаулық әшкереленеді. Мұндағы күлкі ең алдымен «оқыс бұрылыстан» туындайды. Оқырман да бастапқыда жұртпен бірге Есетті тәртіпті, мейірімді бала деп қабылдап отырады. Бірақ соңғы шешім бәрін төңкеріп жібереді. Осылайша, бұл мазақтама баланы мақтауға мастанбауға және өзгеге баға бергенде тек сыртқы көрініске емес, ішкі себебіне де назар аударуға үйретеді.
Балаларға тәрбие берудің тағы бір ұтымды жолы – мысалдап айту. «Үйт», «бүйт» деп құрғақ ақылгөйсігеннен гөрі, негізгі идеяны аң-құс, жан-жануардың басынан өткен оқиға ретінде ұсыну әлдеқайда әсерлі. Мысалдағы ситуациялар оқушының ойында ұзақ сақталады. Тұспалды түсінген бала жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренеді.
Мәселен, Оспанхан Әубәкіровтің «Бұқа мен бұзау» атты мысалында атағына лайықсыз адамдар аяусыз әшкереленеді. Мұндағы сюжет мынадай: секцияның бастығы, спорт шебері, республиканың чемпионы, ұрып жыққан он түйені Бұқа Зеңгібабаев жас балуан Бұзаумен тұңғыш рет белдеседі. Сол кезде жиналғандардың бәрі «Ойбай-ау, Бұзау өлмесе еді», деп жандарын шүберекке түйіп тұрады. Бірақ Бұзаудың сирағы сықырлағанмен, жеңілетін түрі жоқ екен. Тіпті Бұқаның мүйізіне жармасып, оңды-солды соққылайды. Ақыр аяғында Бұзау өктем келіп, Бұқаның аяғы көктен келеді. Мысал соңында автор: «Апырай, мұндайды кім көрген? Ал сонда Бұқаға мұнша атақты кім берген?», деп түйіндейді.
Бұл мысалдың сюжеті сырттай спорт бәсекесі секілді көрінгенімен, астарындағы нысана – атақ-даңқтың әділетсіз үлестірілуі. «Секция бастығы, спорт шебері, чемпион» деген ұзын-сонар атақ Бұқаның шын қуатын дәлелдемейді, керісінше, оның беделі қағаз жүзіндегі «даңқ» екенін аңғартады. Ал жас Бұзаудың қайсарлығы – табиғи күш пен шынайы еңбектің белгісі. Оқырман еңселі «Бұқа» құлайды деп күтпеген жерде жеңістің Бұзауға бұйыруы – қоғамдағы «атақ-лауазымы бардың бәрі мықты емес» деген ойды өткір жеткізеді. Сондықтан автордың соңғы сұрағы («Бұқаға мұнша атақты кім берген?») лайықсызға атақ берген жүйені әшкерелеп, баланы сол жалған беделге алданып қалмауға шақырады.
Балаларға арналған өлең ересектердің сөз саптауымен жазылса, оқырмансыз қалмақ. Сондықтан балалар поэзиясының тілі ықшам, жеңіл әрі нақты болуы шарт. Осы орайда Табылды Әдібайдың «Мақтаншақ шар» деген мөлтек мысалына көз жүгіртейік.
«Менде күш бар! Деді де,
Ышқынды шар деміге:
Кеуіп кетіп қарыны,
Тарс етті де, жарылды.
Мақтаншақтық – өлім деп,
Айтпаған ғой елім тек».
Автор даңғой адамның мінезін алты-ақ жолмен аңғартады. Ал шардың «кеуіп кетіп, жарылуы» – өмірдегі шындыққа жақын көрініс, яғни өзін тым көтерген адам бір күні масқара болады, ақыры «жарылып» тынады. Ең маңыздысы, мұнда тәрбиелік ой дидактика болып жалаң шықпайды. Баланың есінде қалатын нәрсе – дәл осы қысқа көрініс. Мәтін оқушыға «мақтанба» деп бұйырып тұрған жоқ, керісінше себебін көрнекі қылып ұқтырып тұр. Мұндай сатира балаларға жеңіл қонады және мінезді түзетуге жұмсақ, бірақ әсерлі ықпал етеді.
Ал Байбота Қошым-Ноғай «Мысық пен жарқанат» мысалында бүй дейді:
«Тарғыл мысық санап өзін ептірек
Жүруші еді. Қапа болды ол, міне:
– Тышқандар да ұшатұғын бопты! – деп,
Намыстанды жарқанатты көрді де».
Бұл шумақтағы сатираның өзегі – мысықтың жарқанатты танымай, оны «ұшатын тышқан» деп қате түсінуі. Яғни мәселе жарқанатта емес, мысықтың надандығында. Шын мәнінде, жарқанаттың ұшуы – өзіне қалыпты нәрсе. Ал мысықтың «тышқандар да ұшатұғын бопты» деуі – білімнің жетіспеуінен туған күлкілі қорытынды. Сатираның тәрбиелік мәні де осында: қызғаныштың, намыстың өзі кейде надандықтан туады. Адам бір нәрсені анық танып-білмей тұрып, бекерге күйзелмей, алдымен сұрап, зерттеп, түсініп алғаны дұрыс деген ойды автор бір-ақ шумаққа сыйғызған.
Жалпы, сатира оқырманды тек күлдірту үшін жазылмайды. Оның педагогтік тарапы да басым. Сондықтан балалар аудиториясы үшін ең керегі юморлық жылылық екені мәлім. Ал балалар әдебиеті қанжығаға оңай өңгерілер олжа емес.
Сала теоретигі Темірбек Қожакеев 1983 жылы шыққан «Сатиралық жанрлар» еңбегінде «Қазір сатиралық жанрлардың біздегі ең көп жазылып жүргені осы мысал» деген еді. Алайда бұл күні мысал керісінше өте сирек жазылады. Бірақ бұл жанрдың мүмкіндігі сарқылды деген сөз емес. Жоғарыда қарастырылған мәтіндер дәлелдегендей, мысал да, мазақтама да – балалардың психологиясына дәл келетін, тәрбиелік әсері күшті көркем құрал. Оның үстіне қазіргі оқырманның қысқа, нысаналы мәтінге бейімділігін ескерсек, керісінше мысал мен мазақтаманың ықшам табиғаты осы кезеңге өте сай келеді. Ендеше, балалар сатирасын зерттеу, жинақтау және жаңаша жазу – жас ұрпақтың тіл мәдениетін, мінез этикасын, эстетикалық талғамын қалыптастыру тұрғысынан өзекті бағыттардың бірі болып қала бермек.