Министрліктің мәліметінше, бүгін Мемлекет басшысы «Туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Құжат балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесін енгізуді көздейді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Туризм және спорт министрлігі балалар мен жасөспірімдер спортын қаржыландыру жүйесін жаңғыртуға бағытталған тиісті заң жобасын әзірледі.
«Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшу балалар мен жасөспірімдер спортын қамтамасыз ету деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде бір спортшыны қамтамасыз етуге жылына орта есеппен 415 мың теңге бөлінеді. Қазіргі уақытта сметалық қаржыландыру кезінде бұл көрсеткіш орта есеппен 233 мың теңгені құрайды», делінген хабарламада.
Айта кету керек, осы уақытқа дейін Туризм және спорт министрлігі сметалық қаржыландыру жүйесін қолданатын жалғыз мемлекеттік орган болып келді. Осыған байланысты саланы басқару тиімділігін арттыру мақсатында жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшу жоспарланып отыр.
Президент 2026 жылғы әскерге шақыру туралы Жарлыққа қол қойды
«Жобаны іске асыру жергілікті бюджеттерден қосымша қаражат бөлуді талап етеді. Аталған шығыстар Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен қолдау тапты, қосымша қаражат жергілікті бюджеттер есебінен бөлінеді. Еліміздегі барлық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесін енгізу 2026 жылға жоспарланып отыр», делінген хабарламада.