Жиынға партияның Мәжілістегі фракция депутаттары, Орталық аппарат пен өңірлік филиалдардың өкілдері, сондай-ақ ReJastary және ReWomen партиялық қоғамдастықтарының белсенділері қатысты.
Отырысты ашқан партия төрағасы өткен референдумның елдің саяси дамуындағы маңызды белес болғанын атап өтті. Миллиондаған қазақстандық стратегиялық таңдаудың мәнін терең түсініп, сайлау учаскелеріне барды. Дауыс беруге сайлаушылардың 73,12 пайызы, яғни 9,1 миллионнан астам азамат қатысты.
«Бұл – қазақстандықтардың ел болашағын айқындауға белсене араласуға дайын екенін көрсететін жоғары азаматтық белсенділік. Референдумға шығарылған шешімді дауыс беруге қатысқандардың 87,15 пайызы, яғни шамамен 8 миллион азамат қолдады. Бұл көрсеткіштер қоғамның мемлекеттік даму бағыты төңірегінде топтасқанын айқын көрсетіп, қоғамдық сенімнің берік мандатын білдіреді», деді Айдарбек Қожаназаров.
Оның айтуынша, қабылданған өзгерістер саяси институттарды жаңартуға, демократиялық тетіктерді нығайтуға және азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.
Партия төрағасы референдумға дайындық кезеңінде Respublica партиясының атқарған жұмысына да тоқталды.
«Біздің партия үшін бұл жұмыс дауыс беру күнінен әлдеқайда бұрын басталды. Біз парламенттік реформаларды талқылауға қатысып, Конституциялық комиссия құрамында, кейіннен Жалпыұлттық коалиция аясында жұмыс істедік. Партия белсенділері мен өңірлік филиалдар бүкіл ел бойынша бір жарым мыңнан астам кездесу өткізіп, конституциялық өзгерістердің экономикаға, кәсіпкерлікке, әлеуметтік инфрақұрылымға және өңірлердің дамуына ықпалын түсіндірді», деді партия төрағасы.
Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, қазіргі кезеңдегі басты міндет – қоғамдағы бірлікті сақтау және қабылданған шешімдерді нақты іске асыру.
«Мемлекеттік институттардың, саяси партиялардың және азаматтық қоғамның алдында ортақ міндет тұр. Ол – елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, мемлекеттік институттарды нығайту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру», деді ол.
Отырыстың қорытындысы бойынша Respublica партиясы қабылданған шешімдерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге, сондай-ақ экономиканы дамытуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдауға дайын екенін растады.
Мемлекет басшысы: 15 наурыз – Конституция күні болып белгіленеді
Айта кетейік, 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау мәселесіне арналған республикалық референдум өтті. Елдің барлық өңірінде, сондай-ақ шетелдегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінде дауыс беру учаскелері ашылды. Қазақстандықтар «конституциялық реформаны қолдай ма, әлде қолдамай ма» деген сұраққа жауап берді.
Аумақтық комиссиялардың деректеріне сәйкес, елдің барлық өңірінде референдумға 9 126 850 қазақстандық келіп дауыс берген. Алдын ала мәлімет бойынша, референдумдағы жалпы қатысу деңгейі 73,24% болды.