Астанаға арнайы миссиямен келген халықаралық байқаушыларға барлық жағдай жасалды. Елорда төріндегі «Hilton Astana Hotel» қонақүйінде орналасқан Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығы отандық және шетелдік БАҚ тілшілерімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Осы орталықта Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен әр жарты сағат сайын журналистерге арналған брифинг өткізіліп тұрды.
Алғашқы баспасөз мәслихаты Шанхай ынтымақтастық ұйымының өкілдерін тыңдаудан басталды. Миссия жетекшісі, ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Олег Копылов Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша өтіп жатқан республикалық референдумға дайындық пен дауыс беру үдерісін байқау барысында дауыс берушілер үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруіне де қажетті мүмкіндіктер қарастырылған.
– Қазақстан тарапынан референдум үдерісін лайықты ұйымдастыру үшін үлкен жұмыс атқарылғанын көрдік. Ұйымдастырушылық және техникалық дайындық жоғары кәсіби деңгейде қолға алынған. Сондай-ақ азаматтардың еркін таңдау құқығын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін технологиялық жаңашылдықтар енгізіліпті. Жалпы, қоғамда ұсынылып отырған конституциялық реформаларға деген қызығушылықтың жоғары екені байқалады. Сол себепті дауыс беру учаскелерінде жақсы атмосфера қалыптасқан. Дауыс беруге әсіресе жастар белсенді қатысып жатты, – деді спикер.
Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен кезекті брифингте Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының (ТҮРКПА) байқаушыларын тыңдадық. Бұл ұйымның өкілдері де халықтың референдумдағы белсенділігін жоғары бағалады. Айтуларынша, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік ассамблеясының байқаушылары Астана, Алматы және Түркістан қалаларындағы 45 референдум учаскесіне барған.
Брифинг барысында ТҮРКПА Бас хатшысы Рамиль Сагиб оглы Гасан миссия мүшелері дауыс берушілердің құқықтарының бұзылу фактілерін байқамағанын айтты.
Ал АӨСШК байқаушылары дауыс беру үдерісі заңнамаға сәйкес өтіп жатқанын жеткізді.
– Референдум учаскелерінде байқағанымның негізінде республикалық референдум аясында дауыс беру үдерісі қолданыстағы заңнамаға сәйкес өтіп жатыр деген қорытындыға келдім. Процедуралар ашық, стандарттарға сай болды. Азаматтар өз еркін білдіре алды. Ешқандай араласулар мен қандай да бір оқиғалар болмағанын атап өткім келеді, – деді АӨСШК-нің жаңа сын-қатерлер мен қауіптер өлшемі бойынша сарапшысы, елші Мутаз Фалех Салех әл-Хиясат.
Сондай-ақ АӨСШК Адам өлшемі саласындағы сарапшысы, елші Исмат Джахан да өз пікірін білдіріп, ұйымдастыру жұмысы өте сапалы болғанын атап өтті.
– Адамдар бюллетеньдерін жәшікке салып, риза күйде кетіп жатты. Барлығы бейбіт жағдайда өтті. Тіпті кішкентай балалар да ата-анасына, атасына еріп келді. Бұл халық арасындағы ынтаның бар екенін көрсетеді. Сондай-ақ жас буын үшін өз саяси құқықтарын пайдаланудың маңызды екенін көрсететін үлгілі қадам, – деді спикер.
ТМД ПА байқаушылары атынан келген Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Федералдық құрылым, аймақтық саясат, жергілікті өзін-өзі басқару және солтүстік істер жөніндегі комитетінің төрағасы Андрей Шевченко кез келген мемлекет үшін жаңа Конституция қабылдау ел өміріндегі ең маңызды оқиға екенін айтты. Сонымен қатар ол дайындық деңгейінің жоғары екенін ерекше атап өтті.
– Комиссиялардың да, референдум учаскелерінің де қаншалықты жақсы дайындалғаны көрініп тұр. Учаскелерде орналасқан барлық ақпараттық материал өте мазмұнды әрі түсінікті дайындалған. Сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы дауыс беру орындарының бар екенін байқадық. Бұл да өте маңызды. Шынында да, үйренетін тұстар бар. Мәселен, осындай іс-шараны ұйымдастыру. Бәрі жоғары деңгейде деп ойлаймын, – деді спикер.
Өз кезегінде Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Мемлекеттік Думасының ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен қарым-қатынас жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Казбек Тайсаев Қазақстанның референдумды жоғары деңгейде өткізе алатынын айтты.
– Әсіресе көзге түскені – комиссия мүшелерінің дайындығы, олардың жоғары кәсіби деңгейі. Келісемін, сіздерден үйренетін нәрсе бар, – деді К.Тайсаев.
ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман өз пікірінде елімізді қуатты түркітілдес мемлекеттерінің бірі ретінде атап, егер жаңа Конституция қабылданса, елдің даму мүмкіндіктері одан әрі кеңейе түсетініне сенім білдірді.
ТМД байқаушылар миссиясының басшысы Игорь Петришенко ТМД миссиясы Қазақстанда 19-рет бақылау жүргізіп отырғанын айтты. Қазіргі таңда 161 халықаралық байқаушы аккредиттелген екен. Бақылау еліміздің 9 өңірінде және шетелдегі 12 мемлекетте жүргізілген. Байқаушылар 520-дан аса референдум учаскесіне барған. Миссия басшысы оған қызықты болып көрінген бір ерекше сәтті әсерлі етіп әңгімелеп берді. Ол барған учаскелердің бірінде дауыс беріп шыққаннан кейін жас жігіт қызға сөз салып, үйленуге ұсыныс жасаған, қыз келісімін берген.
– Бұл да Қазақстан жастарының электоралдық науқанға белсенді қатысып жатқанын көрсетеді. Айта кетейін, біз қоғамдық байқаушылардың арасында жастардың көп екенін байқадық. Жастар шынымен де елдің болашақ дамуына алаңдайды, – деді Игорь Петришенко.
Еліміздегі басты саяси науқанға мұхит асып келген байқаушылар да болды. АҚШ, Салық және инвестициялар жөніндегі Халықаралық орталықтың өкілі Уэсли Александер Хилл референдум барысын бақылау үшін әдейі ауылдық елді мекендерді таңдағанын айтты. Байқаушы референдум учаскелері қызметкерлерінің жұмысы жоғары деңгейде үйлестірілгеніне, сондай-ақ азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінің белсенділігіне ерекше назар аударған.
Ал Америка-Еуразия орталығының вице-президенті Ральф Винни алты референдум учаскесіне барғанын айтты.
– Дауыс беру учаскелерінен шыққан адамдармен әңгімелесу өте қызықты болды. Олардың не ойлайтынын түсінгім келді. Көпшілігі Қазақстанның болашағы үшін дауыс бергенін айтты. Тек өз болашағы үшін емес, әрине, бұл да маңызды, бірақ олар балалары мен немерелерінің болашағы үшін дауыс бергенін жеткізді, – деді спикер.
Сондай-ақ ҰҚШҰ ПА байқаушысы, Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы кеңесінің Халықаралық істер және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі Александр Горошкин, Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Мемлекеттік Думасы Қорғаныс жөніндегі комитетінің төрағасы Андрей Картаполов отандастарымызды референдумның өтуімен құттықтады.
Италиялық Азия институтының басшысы Пальмиери Доменико Астана қаласындағы 12 учаскеге барғанын және өте жақсы әсер алғанын баяндады.
– Менің де байқағаным – адамдар қуанышты, жастар да қатысып, өз еркін білдіріп жатыр. Отбасылар да уақыт тауып, балаларымен келіп кетті. Бәрі өте жақсы ұйымдастырылған. Осы референдумда еркін таңдауын білдірген Қазақстан халқына өз атымнан жақсылық тілеймін. Барлық реформа сәтті аяқталсын, – деді италиялық спикер.