Өзіміз барып дауыс берген Қостанай қаласындағы №11 референдум учаскесінде де дауыс берушілердің қарасы көп. Аталған учаскеге 2 542 адам тіркелген. Оның 40%-на жуығы дауыс беріп үлгерген.
«Референдум учаскесі таңғы сағат 7:00-де ашылды. Соған қарамастан таңерең келген тұрғындар көп болды. Әдетте мұндай маңызды науқанға қарт кісілер ерте келетін. Бүгін байқағанымыз, таңереңнен бері жастар көп келіп жатыр. Біздің учаске бойынша кәмелет жасқа жаңа толған 11 азамат бүгін бірінші рет дауыс береді. 17 мүмкіндігі шектеулі азамат, жүріп-тұруы қиын қариялар бар. Олардың біразы жақын туыстарымен бірге өздері келіп дауыс беріп кетті. Түстен кейін қалған 5-6 адамның үйіне өзіміз барып келеміз. Комиссиямен бірге 4 бақылаушы жұмыс істеп жатыр. Дауыс беру барысында ешқандай оқыс оқиға, заң бұзушылық болған жоқ. бәрі заң аясында, белгіленген тәртіп бойынша өтіп жатыр», дейді учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Гүлвира Мұсабекова.
№11 учаскеге келіп дауыс берген Қостанай қаласының тұрғыны Рахымбай Оразақов жаңа Конституция жобасын қабылдау, қабылдамау халықтың өз ықтиярында деп есептейді.
«Қостанайдағы «Технопаркте» жұмыс істеймін. Таяуда зейнет демалысына шығамын. Ең бастысы, тыныштық, ауызбіршілік болсын. Еңбек етем деген адамға, жұмыс көп. Сол жұмысты біз істемесек, кім істейді? Адал еңбектің, елдегі тыныштықтың арқасында балаларды бағып-қағып, өсіріп, оқыттық. Немере-шөбере сүйіп ата болып отырмыз. Балаларым да жұмыс істеп жатыр. Денсаулығымыз жақсы. Адамға керектің бәрі бар. Не ішем, не жеймін демейміз. Осыған тәуба деймін. Конституция жобасын көрдік, оқыдық. Бүгін енді өз таңдауымызды жасап, азаматтық борышымызды өтейік деп келдік. Халықтың қалауы қалай болатыны осы науқанның қорытындысы шыққан білеміз. Бастысы, іргеміз бүтін, аспанымыз ашық болсын», дейді Рахымбай Оразақов.
Атырауда «Қыз Жібек» фильміндегі «Гәккуді» орындаған әнші дауыс берді
Қостанай облысы