Конституциялық реформа
Азимованың айтуынша, Қазақстанның БҰҰ-ның Әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссиясының мерейтойлық сессиясына қатысуы – халықаралық қауымдастыққа қол жеткізілген нәтижелерді таныстыруға және гендерлік саясат саласындағы жаңа міндеттерді айқындауға мүмкіндік береді. Ол конституциялық реформаның ел үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Жаңа Конституция – бұл, шын мәнінде, мемлекеттің кемелденуінің және Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттемелердің дәлелі», деді Азимова.
Конституциялық Сот төрағасының айтуынша, жаңа Негізгі заң елдің қол жеткізген нәтижелерін ғана емес, мемлекет алдында тұрған жаңа сын-қатерлерді де көрсетеді. Конституция жобасында сақталған негізгі қағидалардың бірі – халықаралық келісімдерді елдің қолданыстағы құқығының бір бөлігі ретінде тану.
Қазақстан адам құқықтары мен гендерлік теңдік саласындағы бірқатар халықаралық құжаттарды, соның ішінде БҰҰ аясында қабылданған келісімдерді ратификациялаған.
«Халықаралық шарттық міндеттемелер Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының бір бөлігі болып қала береді», деп атап өтті Азимова.
Оның айтуынша, бұл адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттардың ұлттық заңнаманы қалыптастыруда маңызды рөл атқара беретінін білдіреді.
Ерлан Қарин: Конституциялық реформа – қоғам бірлігі мен халық ынтымағының айғағы
Әлеуметтік қолдаудан әйелдер көшбасшылығына дейін
Гендерлік теңдік саласындағы қазіргі сын-қатерлер туралы айта келе, Азимова Қазақстан біртіндеп тек осал топтарды қолдауға бағытталған саясаттан қоғам дамуына әйелдердің белсенді қатысуын мойындайтын кеңірек тәсілге көшіп жатқанын айтты.

«Бүгінде біз тек әйелдер мен қыздардың осалдығы туралы ғана емес, олардың ел мен әлемдік қоғамдастықтың дамуына қосатын үлесі туралы да айтуымыз керек», деді ол.
Бұл үдерісте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1 325 қарары маңызды рөл атқарады. Ол әйелдердің шешім қабылдау және бейбітшілік орнату процестеріне қатысуының маңызын атап өтеді.
Еңбек нарығындағы тең мүмкіндіктер
Соңғы жылдардағы елеулі өзгерістердің бірі – бұрын әйелдерге шектеу қойылған мамандықтар тізімінің жойылуы.
«Бүгінде Қазақстанда мұндай тізім жоқ», деді Азимова.
Оның айтуынша, енді мемлекеттік саясат барлық қызметкерлер үшін жынысына қарамастан қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл шешім әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту және еңбек нарығына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі кең ауқымды стратегияның бір бөлігі болды.
Конституциялық соттың рөлі
Тең құқықтарды қамтамасыз етуде Қазақстанның Конституциялық соты ерекше рөл атқарады.
Азимова маңызды прецедентке айналған бір істі мысал ретінде келтірді. Сотқа денсаулығында мәселесі бар баланы тәрбиелеп отырған ер адам жүгінген. Ол бала күтімі бойынша демалыс алғысы келген, алайда қолданыстағы заңнама мұндай кепілдіктерді тек аналарға ғана қарастырған.
Конституциялық Сот бұл норманы әділетсіз деп танып, ата-аналардың тең құқыққа ие болуы тиіс екенін мәлімдеді.
Нәтижесінде заңнамаға өзгерістер енгізіліп, енді бала күтімі бойынша демалысты ана да, әке де ала алады және тиісті әлеуметтік кепілдіктерге ие болады.
Азимованың айтуынша, бұл мысал сот жүйесінің гендерлік теңдікті іс жүзінде нығайтуға қалай ықпал ете алатынын көрсетеді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.
Азимова мемлекет бұл мәселені күрделі сын-қатер ретінде қарастырып, оны шешу үшін кешенді шаралар қабылдап жатқанын айтты.
Елде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы жеке заң бар. Ол құқық бұзушылықтың алдын алуға және зардап шеккендерді қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, жақында қылмыстық заңнамаға әйелдерді некеге мәжбүрлеу мақсатында алып қашуға қатысты өзгерістер енгізілді.
Конституциялық Сот төрағасының айтуынша, мұндай әрекеттер кейде дәстүрмен ақталады, алайда мемлекет мұндай іс-әрекеттердің қабылданбайтынын нақты көрсетіп отыр.
«Біз қыз алып қашу дәстүр емес, өткеннің сарқыншағы екенін түсінуіміз керек», деді ол.
Жаңа Конституция жобасында неке ер мен әйелдің ерікті одағы екені де бекітілген. Бұл норма некеге тұру кезінде еркін және саналы келісімнің қажеттігін көрсетеді.
Азимованың айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік саясаты қоғамға анық сигнал береді: әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа жол берілмейді.
«Зорлық-зомбылық мәселесіне нөлдік төзімділік болуы тиіс», деді ол.
Сонымен бірге Азимова зорлық-зомбылықпен күрес тек жазалаумен шектелмеуі тиіс екенін атап өтті. Мұнда алдын алу шаралары да маңызды.
Әсіресе жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру және зорлық-зомбылыққа қоғамның төзбеушілігін қалыптастыру үлкен рөл атқарады.
Әйелдердің әділ сотқа қол жеткізуі
Қазақстан делегациясы қатысып отырған БҰҰ Әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссиясының 70-сессиясының басты тақырыбы – әйелдердің әділ сотқа қол жеткізуі.
Азимованың айтуынша, құқық пен заң гендерлік теңдік саласындағы жетістіктерді жүйелі түрде бекітудің негізгі құралдары болып табылады.

«Құқық пен заң – қол жеткізілген нәтижелерді жүйелі түрде бекітуге мүмкіндік беретін құралдар», деді ол.
Қазақстанның халықаралық форумдарға қатысуы тек өз тәжірибесімен бөлісуге ғана емес, басқа елдердің үздік тәжірибелерін зерттеуге де мүмкіндік береді.
Референдумнан кейінгі жаңа міндеттер
Егер азаматтар референдумда жаңа Конституция жобасын қолдаса, Конституциялық Сот қосымша өкілеттіктерге ие болады.
Соттың міндеттерінің бірі – қабылданатын заңдар мен нормативтік актілердің тек Конституция мәтініне ғана емес, оның рухы мен қағидаттарына да сәйкес келуін бақылау болады.
Азимованың айтуынша, бұл құқық үстемдігін нығайтып, конституциялық нормалардың дәйекті жүзеге асуына мүмкіндік береді.
Алға жасалған қадам
Конституциялық реформа, халықаралық механизмдерге қатысу және сот тәжірибесінің дамуы Қазақстанның құқықтық институттарды нығайтуға және теңдікті ілгерілетуге ұмтылысын көрсетеді.
Азимованың айтуынша, мемлекеттің басты міндеті – тек заң қабылдау ғана емес, олардың өмірде нақты жүзеге асуын қамтамасыз ету.
Алдағы референдум осы процестегі маңызды кезең болады және елдің құқықтық жүйесінің әрі қарай дамуын, соның ішінде әйелдер құқықтарын қорғау мен зорлық-зомбылықпен күресті айқындауы мүмкін.