Аты-жөні ұмытылған беймәлім ұстаның қолынан шыққан асадал мен ағаш төсек қазақтағы ағаш шекпесінің бұрын еш жерде кездеспеген ерекше үлгісі саналады. Мысалы, жұмыр ағаштан ойып жасалған төсектің өн бойынан жапырақ, беде, шырмауық бейнеленген сырлы өрнектерді көреміз.
Ал асадалдың үстіңгі айқарма есігіндегі ою күн сәулесіне малынып бойлап көтеріліп келе жатқан шоқ гүлге ұқсайды. Музей мамандарының айтуынша, бұрынғы шеберлер ойшыл келген, өздері жасаған әрбір дүниені ұлттық таныммен түйістіріп отырған. Мысалы, жоғарыда аталған ою – келер ұрпаққа деген жақсы тілеудің белгісін білдіреді. Асадалдың жоғарғы суырмасында шеңбер, ерсілі-қарсылы жол, аспан кеңістігі, бұлт, жаңбыр бейнеленген. Ал төменгі суырмадағы шеңберге келіп тірелген жапырақтар – алма-кезек өмірдің, тоқтаусыз тіршіліктің нышаны.
Төсек пен асадал Торғайға қыз жасауының бір бөлігі ретінде Қарабалық өңірінен келген. Кезінде Амангелді батырдың қолбаласы Бейсенбай Ысмағұловтың үйіне тиесілі болған.
«Этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің өзінің «Тағдыр тағылымы» кітабында бұл тұрмыстық бұйымдарды музейге алдырту оңайға соқпағанын жазып кеткен. Өзбекәлі Жәнібеков құнды дүниелерді әуелі сол кездегі аупартком хатшысы Қайырбек Алматов арқылы сұратқан. Алайда мүлік иесі «47 жыл бойы шалым жатқан төсекті бере алмаймын» деп маңына жуытпапты. Кейін жолы түсіп Торғайға өзі бір барғанда асадал мен төсек иесінің үйіне соғады. Дәметкен Есмағұлова өзі сақтап отырған көне бұйымдарды көзіне жас алып тұрып, қимай-қимай беріпті. Өзбекәлі Жәнібеков асадал мен ағаш төсек орнына су жаңа шкаф, төсек алып берген. Кейін Дәметкен әжей музейге жиі келіп тұрған. Әр келген сайын мұражайға өзі берген заттардың қасында ұзақ отырып қайтады екен», дейді музей директорының орынбасары Батырлан Сағынтаев.
Қостанай облысы