Қоғам • 08 Наурыз, 2026

Кіндік шеше

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Заман ілгерілеген сайын кейбір дәстүр-құндылықтар, жоралғылар ұмыт қалып барады. Соның бірі – «кіндік шеше» ұғымы. Қазақта кіндік шеше баланың екінші анасындай болған. Баланың кіндігін ырымдап ауыл-елге сыйлы, өскен-өнген әулеттің аналарына кестірген. Бүгінде сол кіндік-шешенің қызметін іс жүзінде акушер-гинекологтар атқарып келеді.

Кіндік шеше

Акушер-гинеколог дәрігер Светлана Батырованың бала босандыратын бөлімде жұмыс істеп келе жатқанына 35 жылға жуықтаған. Қазір Астана қалалық перинаталды орталықтың бала босандыру бөлімінде меңгеруші болып жұмыс істейді. Осы күнге дейін ол шамамен 20 мың баланы босандырса, 10 мыңнан астам баланың кіндігін өзі кескен. Орынбордың тумасы. 1991 жылы ел тәуелсіздігін алған тарихи кезеңде Орынбор мемлекеттік медициналық институтын акушер-гинеколог мамандығы бойынша оқып бітірген. Сол қалада бірер жыл тәжірибе жиған соң, отбасын құрып, жолдасымен бірге Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласына қоныс аударады. Дәл сол кезең ауданнан Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орны ашылып, жұмысшылар қаласы көркейе бастаған тұс.

– 1992 жылы Бөрілі аудандық аурухана жаңарып, кейін елдің әр аймағынан мамандар жиылды. Сол жас буынмен біз де келіп қалдық. Қызығы, жұмысқа барған жылы-ақ аудандық аурухананың босану бөлімшесіне меңгеруші болдым. Содан 20 жыл бір ұжымда табан аудармай жұмыс істедім. Егемендік жылдары елдегі жағдай қазіргідей емес еді. Аналарды өзіміз босандырып, операцияны да өзіміз жасадық. Ол кез кіндік шеше болуды айтпағанда, әйелдердің қасына бүгінгідей енесі, әпкесі көмекші болып кіре алмайтын. Астана қалалық перинаталды орталықта 2012 жылдан жұмыс істеймін. Мұндағы тіршілік те қауырт. Дәрігерлер тәулікте 26-30 ананы босандырады, – дейді Светлана Батырова.       

Ана мен бала саулығы – елдің саулығы

Қазір перинаталды орталыққа жақыныңа көмекші болып кіру оңай болғанымен, кіндік кесуге екінің-біріне рұқсат берілмейді. Себебі кіндік кесу міндеті акушер дәрігердің мойнында. Ол құралдарды алдын ала тазалап, стерильділікті сақтайды. Нәресте босанғанда оны бірінші болып қолына алып, кіндік кесуге дайын тұрады. Бұрын да солай болған, қазақ аналары үйде босанған замандарда нәресте бірінші болып кіндік шешесін көрген. Кіндік шешенің міндеті сәбидің кіндігін кесумен ғана шектелмеген. Ол босандыруға бастан-аяқ жәрдемдескен, баланың кейінгі ғұмырында да өзіндік орны болған. Осындай жауапты қызметті мойнына алу екінің-біріне бұйырмаған.  

– Иә, қазақ баланың мінезі кіндік шешегі тартады дейді емес пе? Сондықтан кіндік кесетін адамды алдын ала сайлап, «осы кісіге кестіреміз» деп ниет қылған. Ал кіндіктің өзін ырымдап табалдырықтың астына көмген. Бізге әлі күнге «баламның кіндігін сіз кескен едіңіз, мінезі сізге ұқсапты» деп келетіндер көп. Біздің орталықтағы дәрігердің босандырғанын қалап, арнайы ақылы қызметке жүгінетіндер де бар. Негізі кіндік кесу – біздің жұмысымыздың бір бөлігі. Өзім меңгеруші болған соң күрделі, ауыр жағдайда босанатын аналарға жәрдемдесемін. Сол себепті операция, яғни кесір тілігі кезінде жиі кіндік кесемін. Күнделікті шамамен бір-екі кесір тілігі операциясына, одан бөлек 5-6 нәрестені босандыруға кіремін. Кіндіктің өзі жансыз. Ұзындығы шамамен 50-60 см. Одан кіші немесе үлкен болса, асқынулар байқалуы мүмкін. Күнде неше әйелді босандырсақ та жауапты сәтте «балапанның ғұмыры ұзақ болсын» деп жақсы тілегімізді, бісмілләмізді айтып кіндік кесеміз. Қалай дегенде, сәбидің кіндігі кесілген сәттен жарық дүниемен қауышады. Сол сәбилерімізге ұзақ ғұмыр берсін, алтын құрсақты аналарымыз аман болсын. Рамазан айында сәби іңгәсін аңсап жүрген отбасылардың тілек-ниеті қабыл болсын, – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.   

Теміртау қаласының тұрғыны 13-сәбиін дүниеге әкелді

Светлана Батырова өз сөзінде осы мамандықты таңдағанына осы күнге дейін еш өкінбегенін айтты. Өмірлік мұраты аналарға көмектесумен сабақтасқанына өзін бақытты санайды. Қазір кейіпкеріміздің өз балалары да есейіп, немере сүйіп отыр. Нәрестелерді аман-есен босандырып, аналардың аманатын арқалап жүрген Светлана секілді дәрігерлерге біздің де айтармыз – алғыс.

Соңғы жаңалықтар