Шархан Қазығұл туралы пікірімді оны көрмей-білмей тұрып-ақ қалыптастырып берген мен үшін қай жағынан да аса жақын асыл азамат Жұмабек Кенжалин еді. Курстастарын дәйім мақтаныш ете жүретін ол Шарханды аузынан тастамайтын. «Потенциалы өте күшті жігіт. Ата-анасының жағдайына қарап, аудандық газетте жүр. Көресіз әлі-ақ, ол аренаға шығады, шыққанда да жарып шығады», дейтін. Ол сөзін нақтылап дәлелдейтін. Балқаш аудандық газетінің редакторы, аудандық кеңестің депутаты болып жүргенінде газетте аудандық партия комитетiнiң ұйымдастыру пленумының демократиялық негізде өтпегендігі сынға алынғанын, көптеген бұрмалаумен сайланған аудандық партия комитетiнiң хатшылары, аупарткомның бюро мүшелерi, бөлiм меңгерушілері мақала пәрменiмен кезектен тыс шақырылған ұйымдық пленумда жаңадан сайланғанын айтқанында таңданғаным әрі тәнті қалғаным есімде. Мұндай жігітті сыртынан болса да қалай жақсы көрмейсің?
Жұмабек дұрыс айтыпты. Шархан досы республикалық мінберге қолы жеткен соң-ақ аз жылдың аясында аренаға шықты. Публицистиканың шын шебері, терең ойлы қаламгер екенін танытты. Алғашқы жылдардағы «Әлем әйнегіндегі әсемдік», «Дүбәра дүние», «Тоғыз тарау туынды» атты кітаптарының өзі Шарханды еліміздің ең мықты журналистерінің қатарына қосты да жіберді.
Автордың ойлау жүйесі қашанда қасаң қалыптан ада болып келеді. Бір мысалмен шектелейін. Әбіш ағама қатысты бір ойын айтайын да қояйын.
Айсәуле анамыздың мына өмірден өтердегі соңғы сөзі келіні Клараға айтқан «Әбішімді ренжітпеңдер» дегені екенін барша жұрт біледі. Оны ененің келінге аманатындай көре салудың реті жоқ. Тек келініне айтса, «Әбішімді ренжітпе» дейтін еді ғой. Дана ана бір нәрсені жүрегі сезгендей, ол сөзін халыққа да арнап айтқан шығар. Кім біледі. Біздің білетініміз басқа: Әбіш Кекілбаевтың Мемлекет басшысының қолынан Қазақстанның Еңбек Ерінің алтын жұлдызын алардағы сол бір қас қағым сәтті соншама сан-саққа жүгіртіп, ұлы жүрекке улы жебелерді аласұра атқанымыз да біздің ұлт ретіндегі балаңдығымыздың бір белгісі болды. Ал оның түпкі мәнін тереңірек түсінудің де, түсіндірудің де жөні бар еді. Шархан Қазығұл, мысалы, солай түсінген де, «Оңашадағы онлайн ойларында» солай түсіндірген де: «Тәуелсіздіктің алғашқы аласапыран жылдарында бір-біріне бас болып, бірі аға болып, бірі іні болып, бірі басшы болып, бірі рухани қосшы болып, қатар тұрып мемлекетіміздің қалыптасуына қызмет еткен қазақтың екі ұлы он сегіз жылдан кейін бірінің еңбегін бірі бағалап, бірі халық алдында марапаттаған екен, бірі халық алдында разылығын риясыз білдірген екен, біз соны да көтере алмадық-ау! Қандай өкінішті! Төрт жылдан бері түбіне дейін түсінуге тырысқан кісі таппадық. «Жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырғанды» жақтағаннан жарамыз жазылып кете ме? Бірлігі күшті елде екі тұлғаның әрекетін басқаша әспеттеп әкетер еді. Дәл осыны ұлт бірлігінің, рух ұлылығының символындай дәрежеге жеткізуге тырысар еді. Қарапайым жұрттың ішінен шыққан, өмір бойы бұқараның сөзін сөйлеген дара тұлғасына берілген награданы халыққа көрсетілген құрмет ретінде қабылдар еді».
Бір жақсысы – Әбіш ағамыз Шарханның осы сөзін оқып кетті. «Тоғыз тарау туындыны» Әбекеңе мен апарып берген едім. Шарханға разылығын айтып, телефон соққанын да білемін.
Асылдарды ардақтау – Шархан шығармашылығының алтын арқауы. Жақсының жақсылығын айтуды, мерейін тасытуды ол өмірлік миссиям деп біледі.
Қаламгер қауымның бір шоғыр портрет-эсселері – әрқайсысын өз алдына жеке сөз ететіндей дүниелер. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әкім Тарази, Әбіш Кекілбаев, Қажығали Мұханбетқалиев, Жақсылық Түменбаев, Мәди Айымбетов, Көпен Әмірбек, Оңайгүл Тұржан, Рақымжан Отарбаев, Жолтай Жұмат-Әлмашұлы, Қали Сәрсенбай, Роза Мұқанова сияқты бірқатар ақын-жазушыларымыздың шығармашылығын арнайы талдаған тұстарда, Есенғали Раушановтың, Ұлықбек Есдәулеттің, Тыныштықбек Әбдікәкімұлының бір-бір өлеңін арқау етіп ой толғағанда Шархан әдебиеттанушы десеңіз әдебиеттанушы, сыншы десеңіз сыншы, эссеші десеңіз эссеші, стилист десеңіз стилист.
Әріптестерін қалай әспеттейді! Жұмабек Кенжалин, Жанболат Аупбаев, Қайнар Олжай, Нұртөре Жүсіп, Ермұрат Бапи, Ғабит Мүсіреп (Іскендерұлы), Ержан Байтілес, Серік Жанболат, Мұхтар Түменбаев, Үмітжан Балтаева секілді журналистика жүйріктерінің жазғанын кейде кеңейтіп, тарата талдайды, кейде қысқа қайырып, аз сөзбен-ақ айқара ашып тастайды. Ғаділбек Шалахметов туралы жазылған «Шалахметов шеңбері» (2025) атты көлемді кітабы – біздегі ғұмырбаяндық әдебиеттің үйренерлік үлгісі, даусыз талантты туынды. Орысшаға аударылып, «Мир» телеарнасын он жыл басқарғанда қазақ мэтрінің қарамағында немесе онымен қатарлас жұмыс істеген Мәскеу журналистерінің қолына жетсе, бұл кітап жалпы ұлттық медианың мерейін асыратыны талассыз болар еді.
Мемлекет қайраткерлерін де лайықты асқақтатады біздің Шархан. Өзі қызмет бабында араласқан Ермек Көшербаев, Бейбіт Исабаев, Нұрымбет Сақтағанов сияқты азаматтардың еңбегін шағын штрихпен кестелей қояды. Ал ұзақ жылдар таныс-біліс болған Бердібек Сапарбаев, Жақсыбек Құлекеев жайындағы кең тынысты жазбалары жан-жүрегіңді жібітердей.
Бердібек пен Жақсыбек жайында жазудағы Шарханның мақсаты елге еңбегі сіңген азаматтардың атын ардақтау ғана болмаса керек. Өкінішке қарай, сан түрлі себептерге байланысты мемлекеттік қызметші атаулыға «шенеунік» деген шекпенді жаба салып, шетінен оңды-солды шенеу сөздің салтына айналып барады. Мемлекеттік қызметшілерді тұқырта берген сайын мемлекеттің де тұғыры төмендей түсетінін ескермейтін сияқтымыз. Әсіресе әбден әулекіленіп біткен әлеуметтік желіні билікті беталды беттен алатын бетсіздік басып тұрған қазіргідей уақытта қызмет баспалдақтарының бәрін дерлік басып өткен, қай белесте де ізгі із қалдырған асыл азаматтар жайында ой толғаудың әбден жөні бар.
Шархан – кең ауқымды, көп қырлы қаламгер. Не жазса да біліп жазады, тіліп жазады. Оның өнер қайраткерлері жайындағы эсселерін оқығаныңда жаның бөлекше бір жай табады. Халқыңның мәдениеті үшін, ұлтыңнан осындай ұл-қыз шығатыны үшін мақтанасың. Өткен жылы шыққан «Сегізінші нота» жинағы Шархан Қазығұлды өрелі өнертанушы ретінде де мойындатпай қоймайды.
Ол біздің интернет-журналистикамызды қалыптастыруға үлкен үлес қосты. «Оңашадағы онлайн ойлар», «Футбол философиясының фрагменттері» деген кітаптары – заман тынысын дәл аңдаудың, өзгерген уақытқа дер кезінде бейімделе білудің келісті көрінісі. Салмағы ауыр ойдың өзін жеңіл әзілмен әрлеп жеткізетін жақсы әдеті тағы бар.
«Өткен сенбі күні Айнұрды ұзаттық. Құдағиыма айттым: «Қызымды қанша жерден жақсы көрсеңіз де, қызыңыздай көрмеңіз, келініңіздей көріңіз». «Неге, құда?» деп құдағиым шошып кетті. Мен айттым: «Қызыңыздай көрсеңіз, бір күні өзімнің қызым ғой деп, байқамай ұрысып қоюыңыз мүмкін». Жымиясыз. Ойланасыз.
Сөйтіп, оң жамбасына келетін публицистика беттерін парақтап, интернет иірімдерінде үйіріліп қана жүргендей көрінген күндердің бір күнінде ол айды аспаннан бір-ақ шығарды: оқыстан... роман жариялады. Жай ғана жариялап қойған жоқ, сол алғашқы романымен елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Mecenat.kz» әдеби сыйлығының алғашқы лауреаты атанды. Ерлан Асқарбековтей асқар азаматтың, Тимур Турловтай мықты меценаттың дарқан көңілінен, жомарт қолынан шыққан бұл сыйлықтың бәсі де бөлекше – лауреаттарға ғұмыр бойы ай сайын 500 доллар көлемінде қаржы бөлініп тұрады. Сол тұста Шарханға «Сен енді инфляцияның тоқтамауына мүдделі шығарсың?» деп әзілдегенім есте. Бәйгеге түскен 67 романның арасынан Шарханның жазғаны топ жарды. Мұндайлық ғажайып дебютті қазақ әдебиетінің көптен көрмегені анық еді.
«Күлпет» – қазақ философиялық прозасының толымды туындысы.
Философиялық проза деп біз көркем мәтін өмірдің мәні, ақиқат, бостандық, жақсылық пен жамандық, адам мен қоғам, билік пен пенде, жан мен тән, пәни мен бақи сияқты тіршіліктің түйінді мәселелерін толғаудың пішініне айналатын әдебиетті айтамыз ғой. Ондай әдебиеттің қоғамдық сана сарсаңға түскен тұстарда көрініп қалатыны, сондайда сілкініп-сілкініп салатыны бар.
Шарханның әдебиет есігін аша сала бірден романдай жанрдың жалына жармасуына талайдың күдікпен қарауының реті бар еді. Журналист ретінде танымал болған Шархан Қазығұлдың әдебиеттегі тырнақалды туындысы (романы!) қалай сәтті шыға алады, онысы аздай, философиялық проза қатарына қосыла қалады? «Көркем әдебиетке публицистің келуі көп жағдайда күдік тудырмай қоймайды» деп жазатын басқа емес, Шарханның өзі еді ғой? «Көбінесе қарабайыр логикаға құрылатын журналистикада жүргендердің сезім мен қиялға көбірек жүгінуді талап ететін көркем әдебиетке келгенде маңдайы тасқа соғылып жататынын көз көрді» дегенді де біз жазбағанбыз, Шархан жазған. Өзі күдіктенгенде өзге неге күдіктенбесін?
Кітапты қолға алған адамның ол күдігі көп ұзамай-ақ сейіліп сала береді. Автордың бір сұхбатында «Әрине, роман жазу идеясы бір күнде келе қалған жоқ. Дегенмен, осал жазушы болғым келмеді. Сондықтан да көркем әдебиетпен айналысуға асықпадым» деп айтқаны ақтарып салған ақиқаты екен. «Күлпет» романы арқылы біз журналистика мен беллетристиканың қабысуына, қауышуына, табысуына куә болдық. Әдебиеттің небір дүлейі мен сүлейі қалам тербеуді журналистикадан бастағанын қайталап жатпай-ақ қояйық. Жедел жазуға, ойды нақты, айқын жеткізуге, құрылымдық жинақылыққа бейімделген журналистиканың жақсы жақтарын бойына қабыл алғанда әдебиет ішкі ырғаққа, сөз сазына, бейне-бедер байлығына, стилистік дәлдікке арқа сүйей отырып, оқырманның ойын оятатын, сезімін серпілтетін қара сөзге, дара сөзге, сара сөзге ұласады. Журналистік қабілет дәуірдің әлеуметтік жүйке-жүйесін дер кезінде әрі сергек сезінуге, нақты болмысты қапысыз көруге көмектессе, жазушылық қасиет қаламгерге бейнелі ойды, терең толғамды береді, жанды суреттер сыйлайды.
Осы қабілет пен осы қасиет Шархан шығармашылығының қос қанатына айналғанын көріп қуандық.
«Күлпет» романының оқиғалық аясының кеңдігі, яғни локация байлығы айрықша айтарлықтай. Бас-аяғы сексен жылдық уақыт аралығын, үш ұрпақ өмірін қамтып жатқан шығармада автор өз кейіпкерлерін сан алуан ситуацияға салып, шиыр-шиыр жолға түсіреді, жұмыр Жердің қиыр-қиырынан шығарады. Бас кейіпкердің атасы Райыс ұжымшарды басқарып, елді ұйытып отырған жерінен аяқ астынан «халық жауы» атанып, итжеккенге айдалып кете барады. Сөйтіп, Сібірге сапарлатып жіберілген Райыстың осы қысастықтың бәрін көріп өскен ұлы Ерденнің кеңес өкіметіне қайдан іші жылысын? Сол Ерден қақаған қыста ауылға келіп, малшы біткенді жөн-жосықсыз тілдеген аудан басшысын тірілей ірейді. Сол Ерденнің ұлы Әбужанды сол баяғы басшы, ішіне қан қатып, өзі әлдеқашан зейнетке шыққанына қарамастан, ақыры ауған соғысына айдаттырып тынады. Сол Әбужан, ата кегі мен әке ашуы ойында да, бойында да жүрген, қоғам кісәпірлігін көргені аздай, өз бетінше жатқан бейбіт елге басып кірген кеңес әскерінің қатарына қосылып, кінәға да, күнәға да батқан, көкірегін жан азабы қысқан Әбужан ақыры Ауғаннан қашып, Америкадан бір-ақ шығады. Сол кеткеннен мол кетеді. Сөйтіп, оқиға біресе ауылда, біресе ауданда, біресе теңіз бетінде, біресе Ақтөбеде, біресе Ауғанда, біресе мұхиттың ар жағында, біресе көк жүзінде өрбіп жатады. Соғысты тастап қашқаны аздай, дұшпан дерліктей мемлекеттен пана тапқан Әбужан одан кейінгі отыз жылдан астам өмірін АҚШ-та өткізеді. Америкадан қайтар беттегі ұшақ ішінде Ләззат есімді ғалым қарындаспен ұзақ әңгіме барысында заман, қоғам, адам жөнінде небір терең ойлар ортаға салынады. Жалпы, жастайынан-ақ не нәрсені де ақыл таразысына түсіруге бейім Әбужанның қай кезде де, қай жерде де қалың мұңның құшағынан құтылмайтыны, әр іс-әрекеттен әрқилы түйін түйетіні романға философиялық прозаның табиғатына тән белгілерді молынан беріп тұр.
Ең бастысы – бас кейіпкер бастан кешетін оқиғаның бәрі дерлік сезім арқылы өріліп, махаббат арқылы беріліп жатады. Әбужан – Әсел, Әбужан – Ирина желілері – романның ең қуатты беттері. Әбужанның өзіне есі кете ғашық болған Иринамен тән жақындығына түсуі шынайы уәжделген, сұлу суреттелген. Әбужанды соғыстан қашуға, мұхит асуға шақырып, өмірін өзгертіп жіберетін Иринаның «Басқасын айтпағанда, біздің елде әйел үшін әдемі туфли тіге ала ма?! Ең болмаса, әйелге қуаныш сыйлайтын сондай нәрсенің өзі қолынан келмейтін мемлекеттен қандай жақсылық күтуге болады?» дейтін сөзімен де келіспей тұра алмайсыз. Әселді қанша сүйгенімен, есінен екі елі шығармағанымен, Әбужанның Штаттарда отбасы құруы, балалы болуы сендіреді де,
көндіреді де.
Роман соңында кейіпкер ақыры қазақ жеріне оралады.
Әбужанды туған елге қайтарған күштің аты – күлпет. Бұл сөздің осы пішінінің иесі – Шархан Қазығұл. Жүз томдық «Бабалар сөзінде» де, бір томдық «Қазақ сөздігінде» де ол «күлпат» түрінде жазылған. Біздіңше, Шарханның оны «күлпет» деп алуы орынды. Өйткені алдыңғы жіңішке буынның келесі буында ерін үндестігі бойынша жіңішке жалғасуы жарасады. Күлпет – жан азабы, тауқымет тарту, ой шырмауына қамалу. Күлпет – екіұдайылықтың экзистенциялық көрінісі, кінәнің, күнәнің, жалғыздықтың, шарасыздықтың салдарынан туатын ішкі азаптың жарасы. Сондықтан оны қазіргі сөздіктердегідей «архаизм» деп сипаттап, санаттан сыза салмай, қайта күрделі онтологиялық ұғымның шымыр берілуі деп қарауды ойластырсақ та болады. Оның үстіне Шархан Қазығұл «күлпетке» арылу, тазару, түлеу мағыналарын да бере алды. Бұл да философиялық романның бір белгісі. Шығарманың бас кейіпкері ішкі дүниені кеулеген күйзеліске қанша түскенімен, жанын жеген, жүйкесін жұқартқан қиындық құрсауынан жалпы жақсылыққа сенетін жүрегі, баршаға болса деген тілегі арқылы шығады. Романның жасампаздық рухы да осында. Туынды соңында жат жерде Абу Райс атанған Әбужанның Америкадан өзінің Аралына жеткеніне, өмір бойы аңсаған Әселіне оралғанына сенесіз. Жазушы сендіреді. Кейіпкер күлпеті сізді де бірге қиналтады, бірге ойлантады. Шығарма біткенше жан әлеміңіз әлем-тапырақ күй кешіп, неше түрлі толғанысқа түсесіз.
Борхеске айтқызсаңыз, әдебиетте төрт-ақ түрлі хикая бар көрінеді, соның екінші хикаясы оралу баяны екен. Теңіз тіліп, дала асып, тау басып, арып-ашыған Одиссейдің туған Итакасына қайтып келгеніндей, қазақ қаламгері Шархан Қазығұлдың қиялынан туған бұл оралу одиссеясы кейіпкердің Аралға, яғни өзіне оралуымен, кебенек киіп кеткен Әбужанын тұп-тұтас отыз жеті жыл бойы күткен Пенелопасына – Әселіне жетуімен аяқталады: « – Әселім менің! Кеш мені! – Әбужан өзін жылдар бойы сағына да сарыла күткен жанды құшақтауға арланды, аяғына жығыла кетті».
«Күлпетті» басынан аяғына дейін біздің халқымыздың бойындағы рух тазалығы, адалдыққа, әділдікке сенім, достықты, махаббатты ардақ тұту сияқты қастерлі қасиеттердің қуаты кернеп тұр. Сол қуат сізге Шарханның романист ретіндегі алғашқы қадамында тәжірибесіздіктен жіберіп алған олқылықтарына – ауық-ауық журнализмнің, публицизмнің алдыңғы қатарға шығып кете беретініне, кей тұстарда диалогтердегі ой тартысының бәсеңдігіне, жекелеген желілердің жеріне жетпей үзіліп, жалғанбай қалатынына кеңшілікпен қаратады. Автордың өзі бұл орайда «Күлпет» романын тек «Публицистика – Көркем әдебиет – Философия» симбиозы арқылы халықаралық форматта жазып шығу керектігін түсіндім. Бірақ романның аты – роман, бәрібір оның канондарын сақтау керек. Соған сәйкес публицистиканы сөз өнеріне жақындатуды, көркем әдебиетті сөз бен ойдың гармониясына ұштастыруды, ғылыми философияны дала философиясына бейімдеуді ең алдымен ойладым. Онсыз өзімнің роман жанрындағы талпынысымның күлі көкке ұшатынын сездім», деп ақтарыла айтқанын да ескерудің артығы жоқ.
Шархан Қазығұл осы романы арқылы тоталитаризм табиғатын терең танытып, адам мемлекетке қызмет еткен қоғамның, адамның мүддесімен санаспаған қоғамның қоясын қопара көрсетіп берді. Дәл осы күндерде, біз мемлекет адамға қызмет ететін қоғамды құрудың таңдауын жасағалы отырған тұста мұның басын ашып айту жөн.
«Күлпет» романы шебер тілмен шегелеп, мынаны айта алған: Адам бақыты қоғам бақытынан тумайды, қайта қоғам бақытын адамдар бақыты құрауы керек. Қандай қоғамның қандай бақыты жолында да адамның бақытсыздыққа ұшырауын ақтап алуға болмайды. Адам бақыты ең алдымен махаббатта, отбасында, перзент қызығында қалыптасады. Адам бақыты – қоғам бақыты. Керісінше емес. Бұл – дәйім есте ұстайтын қасиетті қағида.
Суырылып сөйлеуге де, алға ұмтылуға да жоқ Шарханға Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Журналистика академиясы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері сияқты атақ-марапаттың бәрі берен талантының, ерен қайратының арқасында келген. Оның бүкіл шығармашылығы, өміріндегі іс-әрекетінің бәрі өзінің дарқан көңілінен, жақсыға жанын ала жүгіретін кең жүрегінен бастау алып жатады. Шархан таланты – дарқан талант.
Шархан Қазығұл жетпіс деген жастың жотасына шығып тұр. Дәл бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада қаламгердің бір томдық «Таңдамалы» кітабының таныстырылымы өткелі жатыр. Өмірінің бұл биігіне ол қазақтың көрнекті жазушысы, өрнекті журналисі, ойшыл тұлға, сыйлы азамат күйінде келіп отыр. Жұрт Шарханды оқиды. Жазғанын күтеді. Айтқанына сенеді. Қаламгер бақыты дегеніміздің өзі осы емес пе?
P.S. Кезінде газеттерде «Мерейлі мерекені тың табыспен қарсы алу» деп келетін сөз тіркесі болушы еді. Мына мақаланы бітіріп, редакция поштасына жолдағалы жатқанда интернеттен жеткен жаңалық соны еске түсірді. Алдыңғы күні Алматыда Қазақстан Жазушылар одағы мен Ұлттық инженерлік академия Жұмысшы мамандықтары жылына орай жарияланған әдеби конкурстың қорытындысын шығарыпты: Бас жүлде «Әулет» атты романы үшін Шархан Қазығұлға беріліпті.
No comment.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
филология ғылымдарының докторы