Тұлға • Бүгін, 17:21

Әлихан Бөкейхан немесе бақсылар қорыққан бала

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шыңғыс қағанның дүниеге қан шеңгелдеп туғанындай ұлы міндет артылған тұлғалар шаранасынан белгілі болады. Құдай ондай жандарды айрықша нышанмен жаратады деседі. Алаш рухының құлабызы Әлихан Бөкейхан да құлын кезінен қыдыр дарыған қасиетті жан. Туған елінің саяси тұтастығы мен бекемдігі үшін аянбай күрескен феномен тұлғаның балалық шағы да басқалардан мүлде басқаша өткен.

Әлихан Бөкейхан немесе бақсылар қорыққан бала

Балалық шағы

Әлиханның әкесі – Нұрмұхаммед. Былайша жұрт Мықан төре деп атап кеткен. Арғы атасы – атақты Сұлтан Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей осы Сұлтан Барақтың баласы. Анасы – Бекжан деген кісі. Ол да қара зәузаттан емес. Тобықты руынан шыққан. Арғы аталары Мамай, Жолбарыс батырлар. Қазақ Әлиханның шешесін тура атамай, төренің зайыбы болғандықтан «Бегім ханым» деген. Айтпақшы, Әлиханның шешесі мен Шәкәрім қажының шешесі – апалы-сіңілі. Екеуі Дулат батырдың қыздары.

Сөйтіп, әкесінің жиырма алты жасында, шешесінің жиырма екі жасында Әлихан туады. Ерекшелігі сол – кіндігі кесіліп әрі сүндеттеліп дүниеге келеді. Бұл туралы Әлиханның туған інісі Смахан төре естелігінде жазады. Сол інісінің мына дерегіне назар аударайықшы:

«Ахамның алты жасқа дейін тілі шықпаған. Бала болып ойнағанда қос тігіп ойнайды екен. Балуан, аусар, теріс бұтақ, қисық, көнбейтін. Бақсы, балгер, құмалақшыны «өтірік айтасың» деп, «орны қане; тырп етші; жының қайда?» – дегенде, бақсы айтады екен: «Әлихан келсе, жын қашады», деп.

Бұл Әлиханның әруақты бала екенін дәлелдеп тұр ғой. Әйтпесе, жер-көктің жын-шайтанын шақырып жүретін бақсы шіркіндер неге кішкентай баланың алдында қалшылдай қалады?

Қатарластары сияқты Әлихан да асықты жақсы ойнаған. Ойнаса да әділетке сүйеніп ойнаған. Асығын ұтқан балаға асығын береді. Жасы үлкен, кішілерге әлімжеттік көрсететін балаларды сабайтын көрінеді. Табиғатынан халыққа жақын. Алтыбақан тепсе де, әйгөлек ойнаса да, тентек ұл-қыздарды тәртіпке салып отырған. Ал ел көшкенде түйесі ауған балалы әйелдердің түйесін басып береді, шаңырағын көтере алмай жатқан жесір кемпірлердің шаңырағын көтерісіп береді. Мұның бәрі ағасы туралы естелігінде сайрап тұр.

 

Оқуға қалай түсті?

Әке-шешесі Әлиханды жеті жасында Қарқаралыдағы ноғай Зариев деген молдаға мұсылманша оқуға береді. Тоғыз жаста Қами Бекметов деген кісінің үйіне орналастырып, орысша оқытыпты. Бірақ ол үйде күтімсіз болып, интернатқа өз бетімен түсіпті. Сонда оқып жүргенде генерал-губернатор Колпаковский Қарқаралыға келіп, интернатқа түсіп балаларға айтыпты: – Омбы мен Қарқаралы арасы 760 шақырым, арбаның доңғалағы неше айналып келді? – деп.

Қадірлі оқырман, осы жерден кілт тоқтап, бұл есепті сіз қалай шығаратыныңызды ойланып көріңізші. Сонда Әлихан тапқырлық танытыпты. Беліндегі белдікті доңғалақ бойымен айналдыра өлшеп, оны 760 км-ге бөле қойыпты. Колпаковский риза болып, баланы Омбыға жібереді. Содан техникалық мектепке түседі. Онда орманшы мамандығын алып, таксатор, яғни ағаштардың көлемін, жасын, сапасын анықтайтын маман болып шығады.

 

Мінезі қандай?

Әлбетте, төре тұқымы болған соң Әлиханда бекзадалық, сыпалық о бастан бар болған. Оның атқосшысы болып Сүлеймен деген азамат жүрген. Ол Әлекеңді алғаш көргенде «иықты, жауырыны кең, сыпайы, қою қара мұртты, елулер шамасындағы жүріс-тұрысы аса ызбарлы» жан еді деп суреттейді. Тамақты былапыт жемейтін дейді. Кез келген дастарханда Әлиханға бөлек табақ тартылыпты. Ондағы етті осы Сүлеймен турайтын болған. Сонда Әлихан «бәкің өткір болсын. Үнемі қайрап отыр. Әбден турап болмай, қолыңдағы жапырақ етті аузыңа ытқытып жіберме. Әдепсіздік болады» деп үнемі тәрбиелеп отырған деседі. Бұл Әлиханның асқан ақсүйектігін аңғартады.

Әйтседе, бауыры Смаханның айтуынша, «оқыдым» деп басына пайда қылмаған, мал жимаған, үй салмаған, үй тігіп, бие байлап қымыз ішіп, дәурен сүрмеген жан. «Әлекең байшыл адам емес, жанның бәрін бірдей көреді. Ешкімнен ешнәрсе алайын демейді, пара алмайды. Қазақтың қамын жеген сорлы, тілеуі қабыл болмай арманда кетті. Есенгелді, Саржан, Кенесары, Наурызбайдай арманда кетті, қайтейін! Дүние жалғанда шәһит, қиямет таңда Алла, ел үшін өліпсің!», деп еске алады Смахан төре ағасы туралы.

 

 

Соңғы жаңалықтар