Іс-шаралар легі білім беру ұйымдарында, жоғары оқу орнында, өндірістік нысанда және белсенді жастар өкілдерімен ашық пікір алмасу форматында ұйымдастырылды. Кездесулердің негізгі мақсаты – қоғаммен тікелей диалог орнатып, ел дамуының басым бағыттарын түсіндіру және ұсыныстарды талқылау. Жұмыс тобының құрамында Парламент Мәжілісінің депутаттары, жергілікті билік өкілдері мен мәслихат депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қоғам белсенділері болды.
Алғашқы кездесу №115 «Келешек мектеп» ұжымымен өтті. Жиында білім саласының өзекті мәселелері, жас ұрпаққа сапалы тәрбие мен білім беру бағытындағы реформалар сөз болды. Спикерлер білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар мен педагог мәртебесін арттыру шараларына тоқталды.
Сонымен қатар кездесулер С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде, Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінде жоғары білім беру саласының қызметкерлерімен өтті. Кездесу барысында ғылым мен өндіріс байланысын нығайту, еңбек нарығына бейімделген мамандар даярлау мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ Жалпыұлттық коалиция өкілдері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен және жастарымен де кездесу өткізіп, жаңа Конституцияның жастар саясатына, білім беру жүйесіне және жас буынның мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпалы туралы пікір алмасты.
Бұдан бөлек, мәдениет және театр саласының өкілдерімен кездесу ұйымдастырылып, жаңа Конституциядағы шығармашылық еркіндік, мәдениет қайраткерлерінің құқықтары мен қоғамдағы мәдени даму бағыты сөз болды.
Ақпараттық іс-шаралар аясында жұмыс тобы «Mabetex Group» компаниясының қызметкерлерімен, «Астана әлеуметтік технологиялар» қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен, «Нұрлы жол» теміржол вокзалының ұжымымен және №3 сорғы-сүзгі станциясының (НФС-3) қызметкерлерімен кездесті.
Сондай-ақ №24 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде де кездесу өтті. Іс-шараға өрт сөндіру бөлімдерінің шамамен 100-ге жуық құтқарушысы мен қызметкерлері қатысты.
Коалиция өкілдері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде де кездесу өткізді. Мұндағы іс-шараға 1200-ден астам сарбаз бен әскери қызметші қатысты.
Референдум-2026: Дауыс беру учаскесін ЖСН арқылы қалай табуға болады?
Кездесулер барысында сөз сөйлеген спикерлер жүзеге асырылып жатқан реформа туралы айтты.
«Жаңа Конституция жобасы 11 бөлім мен 96 баптан тұрады және мемлекет адамға қызмет етуі тиіс деген негізгі қағиданы бекітеді. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламентті «Құрылтай» деп атау бастамасы тарихи сабақтастықты нығайтуға бағытталған», деді Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов
Күннің екінші жартысында «Тұран» газ жылу станциясының ұжымымен кездесу өтті. Онда энергетика саласының маңызы, өндірістегі қауіпсіздік және әлеуметтік жауапкершілік мәселелері қозғалды.

Одан әрі іс-шаралар легі елорданың абаттандыру және көгалдандыру кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен – «Астана-Зеленстрой» және «Астана-Орманы», KEGOC ұжымымен, сондай-ақ «Алматы» ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығындағы еңбек ардагерлерімен жүздесумен жалғасты.
«Жаңа Конституция жобасында басты назар адам капиталын дамытуға бағытталған. Бұл сапалы білім беру, кәсіби дайындықты жетілдіру және әрбір маманның құқықтары мен мәртебесін қорғау шараларын қамтамасыз етеді», деді Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева.
Сапар аясындағы соңғы кездесу белсенді жастармен өтті. Еркін форматтағы диалогта жас буынның бастамалары, азаматтық белсенділік, инновациялық жобалар және қоғамдағы жастардың рөлі талқыланды.
Мәжіліс депутаты Павел Казанцев жаңа Конституция жобасы Қазақстанның барлық деңгейде қуатты мемлекет ретінде қалыптасқан кемелдігін айқын көрсететінін атап өтті.
Іс-шараға қатысушылар жүргізіліп жатқан өзгерістерге қызығушылық танытып, конституциялық реформалардың мәнін толық түсінгендерін жеткізді.
Кездесулер қорытындысында жаңа Конституция жобасы мемлекеттілікті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін кеңейтуге және басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталғаны айтылды.
Еске сала кетейік, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы 12 ақпанда құрылды. Оның құрамына 5 саяси партия мен шамамен 300-ге тарта қоғамдық ұйым кірді. Олар шамамен 5 миллион адамды біріктіреді.