Сурет: aqshamnews.kz
Сенатор Бибігүл Жексенбай елордада «Қазатомөнеркәсіп» АҚ еңбек ұжымымен кездесіп, жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері мен оның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызын түсіндірді. Сондай-ақ ол мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігі мен ұлттық экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі компанияның стратегиялық рөлін атап өтті.
Сенат депутаты Нүрия Ниязова Алматы қаласындағы Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті. Ол жоғары консультативтік-қоғамдық орган – «Халық кеңесін» құру туралы бастамаға тоқталды. Депутаттың айтуынша, Халық кеңесі мемлекет пен қоғамның тікелей пікірлесу, ішкі саясат мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу, этносаралық келісімді нығайту мен жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуде тиімді алаң болады.
Сондай-ақ депутат Жанна Асанова Алматыда «Қазпошта» ұлттық байланыс операторының ұжымымен кездесті. Сенатор конституциялық реформаның негізгі бағыттарына жіті тоқталып, ұсынылған өзгерістер мемлекеттік басқарудың неғұрлым әділетті және жауапты үлгісін қалыптастыруға, заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға, еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі азаматтардың рөлін арттыруға бағытталғанын атап айтты.
Ал депутат Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласындағы «Alan» халықаралық мектебінің педагогикалық ұжымымен кездесті. Сенатор сапалы білім алу құқығын қамтамасыз ету, педагог мәртебесін нығайту, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын сақтау, мемлекеттің құқықтық негіздерін дамытуға ерекше тоқталды.
Жалпыұлттық коалиция қызметі аясында депутат Жанболат Жөргенбаев Алматы облысы, Жамбыл ауданының тұрғындарымен кездесті. Қайназар ауылының №2 орта мектебіне 150-ге жуық адам жиналды. Сенатор қатысушыларға Ата заңдағы өзгерістер әділетті, өскелең қоғамды қалыптастыруға, заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін кеңейтуге, сондай-ақ
мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуге бағытталғанын жеткізді.
Сенат депутаттары Амангелді Есбай, Ғалиасқар Сарыбаев пен Сұлтан Дүйсембинов Жетісу облысының Текелі қаласында қала тұрғындары мен «Tasun» ЖШС ұжымымен кездесті. Сондай-ақ Кербұлақ ауданындағы зиялы қауым өкілдері, әскери бөлімдегі әскери қызметшілері, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен «Қарашоқы» өндірістік кооперативінің ұжымымен кездесті. Олар халыққа билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, Құрылтайдың рөлін күшейтуді көздейтін ережелерді түсіндірді.
«Жаңа Конституцияның жобасы еліміздің бұдан былайғы даму келбетін айқындайтын стратегиялық құжат ретінде жалпыхалықтық талқылауға шығарылды. Құжатта мемлекеттік басқарудың неғұрлым теңдестірілген жүйесін қалыптастыру, билік институттарының жауапкершілігін күшейту мен азаматтар құқықтарының кепілдіктерін нығайту көзделіп отыр», деді А.Есбай.