Референдум • Бүгін, 07:48

Құжаттың мәні түсіндірілді

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттарының алдағы республикалық референдум және жаңа Конституция жобасын талқылау бо­йынша өңірлерде халықпен кездесулері жалғасып жатыр. Басты мақсат – Ата Заңның басты нормаларын, референдум өткізу тетіктерін түсіндіріп, жұртшылықтың сұрақтарына жауап беру.

Құжаттың мәні түсіндірілді

Сурет: facebook.com/railways.kz

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіз­дік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан мен депутат Олжас Құспеков елордада «Қазақ­стан темір жолы» АҚ филиа­лы – Темір­жол көлігі персона­лын баға­лау және дамыту орта­лығына барды. Кәсіп­орын ұжымымен кез­десуде конс­ти­ту­циялық өзге­ріс­­тер аясын­дағы еңбек қауіпсіздігі және қызметкерлердің құқығын қор­ғау мәселелері талқы­ланды.

Депутат Дүйсенбай Тұрғанов Атырау жұртшылығымен кез­дес­ті. Атырау мұнай өңдеу зауы­тының ұжымымен болған кездесуде ол 15 наурызға белгі­ленген референдум баршаға өз ұстанымын білдіруге және елдің болашағы­на ықпал етуге мүмкіндік бере­тінін айтты. Депутаттың айтуын­ша, жаңа Конституцияны әзір­леу кең қоғамдық талқылаумен қатар жүрді. Азаматтардың ұсыныс­тары eGov және eOtinish цифр­лық платформалары арқы­лы келіп түсіп, ондағы бастамаларды Конституциялық комиссия ашық форматта қарады.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздегі реформалар ешқашан мұндай кең әрі жалпыхалықтық деңгейде талқыланған емес. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының айқын көрінісі. Ұсынылған өзгерістер – кейінгі жылдардағы саяси жаң­ғырулардың қисынды жалғасы»,  деді Д.Тұрғанов.

Кездесу барысында кә­сіп­орын қызметкерлері эколо­гиялық күн тәртібі бойынша сұрақтар қойды. Депутат құжат­та алғаш рет мемлекеттік сая­сат қағидат­тарының бірі ре­тінде экологиялық мәдениетті қалып­тастыру бекі­ті­ліп, қоршаған ортаны қорғау басымдықтар қатарына енгізілгенін айтты.

Осындай кездесу 10 мыңнан аса студент білім алатын Халел Досмұ­хамедов атындағы Аты­рау университетінде де өтті. Басқосуда жаңа жалпыұлттық диалог алаңы – Халық кеңесін құру, сондай-ақ Вице-президент институтын енгізу мәселелері қызығушылық тудырды.

Студенттер мен оқытушылар адам капиталын қалыптастыру мен дамытуға қатысты норма­ларға ерекше назар аударды. Жобада мемлекеттік меке­ме­лердегі орта білімнің мін­деттілігі мен кепілдігі, ғы­лым мен инновацияны дамыту стра­тегиялық басым бағыттар ретінде бекітіледі. Кездесуге қатысушылардың пікірінше, бұл педагог мамандығының әлеуметтік маңызын күшейтіп, жастардың тұрақты дамуына жағдай жасайды.

Д.Тұрғановтың «Атырау облысы су арнасы» ұжымымен кездесуде экологиялық бастамалар мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері сөз болды.

«ҚазТрансОйл» компаниясы­ның ұжымымен өткен жиында сенатор Геннадий Шиповских пен Мәжіліс депутаты Марат Бәші­мов реформалардың келе­ше­гін талқылады. Кездесуге елі­міз­­дің 12 өңірінен және шетел­­дік фи­лиал­дардан келген бөлім­­шелер­дің қызметкерлері қатысты.

Депутаттар жаңа Конститу­ция жобасының негізгі ереже­­­лері туралы баяндап, қызмет­кер­­лердің сұрақтарына жауап берді. Олар ұсынылған өзгеріс­тер еңбек кепілдігіне, кәсіби тұрғыда өсуге, заманауи технологияларды енгізуге және инфрақұрылымды да­мытуға қалай әсер ететінін айтты.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Марат Бәшімов, Нұргүл Тау, Павел Казанцев Мәдениет және ақпарат министр­лігінің ұжымымен кездесті. Диалог барысында жаңа Консти­ту­цияның басты нормалары, адам құқығы мен еркіндігіне басымдық берілуі, құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту, билік тармақтарының аражігін ажырату және мемлекеттің зайырлы сипатын сақтау мәселе­лері қарастырылды.

Ал Астанада депутаттар Нұр­лан Әуесбаев пен Ажар Сағын­ды­қова өңірлердің белсенді жаста­рымен кездесті. Жиынға қатысу­шылар ұсынылған конс­ти­ту­циялық өзгерістерге, олар­­дың мемлекеттік басқару жүйе­сіне әсеріне және азамат­тардың құқығын қорғау тетік­тері­не қы­зығушылық танытты. Жас­тар реформалар аясындағы өзге­рістерге де назар аударды. 

Соңғы жаңалықтар