Коллаждарды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Дегенмен қаржы ұйымдарының қызметін реттеуге арналған заңнамалардың қабылдануы, Қаржы мониторингі агенттігінің белсенді жұмысы тұрғындар мойнындағы қарыз қамытын сәл жеңілдетті. Соған қарамастан, көптен қордаланған мәселенің түпкі түйініне жету оңай болмай тұр.
Жыл басындағы мәліметтерге сүйенсек, 8,5 млн отандасымыздың несие қарызы бар. Соның ішінде 1,5 млн адам қарыздарын 90 күннен артық кешіктірген немесе төлемей жүр. Өткен жылы жеке адамдар тұтынушылық несиені ипотекаға қарағанда екі есе көп алған. Борышкерлер мәселесінен Ақтөбе облысы да сырт қалмады. Мемлекеттік несие бюросының дерегіне сәйкес, өткен жылы Ақтөбе облысының 41 539 тұрғыны банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлардың «қара тізіміне» енген. Төленбей қалған қарыз психологиялық қысым туғызады, отбасылардың өміріне тынышсыздық әкеледі, төлем карточкалары мен есепшоты бұғатталған адам қаржы аударымдарын да жүргізе алмайды.
Елдегі ең көп қарыз алушылардың саны, олардың жас ерекшелігі, әлеуметтік жағдайы, несиені алу мақсаты, төлей алмау себебі жөнінде ортақ талдау жоқ. Бұл жерде әрбір борышкердің жағдайын жеке қарастыру керек деген пікірді ұстанады мемлекеттік орган өкілдері. Дегенмен екі жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, биыл қарыздарын төлей алмай жүрген ақтөбеліктер саны азая бастаған. Облыстық прокуратура мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жыл басында 26 мың ақтөбеліктің банктер мен микроқаржы ұйымдарының алдында қарызы бар деп мәлімет берді. Мемлекеттік кредит бюросының өткен жылғы дерегі мен мемлекеттік органдар берген мәлімет арасында айырмашылық – 15 мың адам.
– Азаматтарымыздың қарызға кіріп кетуіне қаржы сауаттылығының аздығы да себеп болып отыр. Әр адам, әр отбасы қолдағы қаражатты жоспарлау, бас артық шығындардан бас тарту, жинақтау мәдениетін үйреуге тиіс. Осы мақсатта өткен жылы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 22 151 ақтөбелік қаржылық сауаттылық негіздеріне оқыды. Жұмыс берушілер, банк филиалдары өкілдері, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен Ақтөбедегі адам көп жиналатын орындарда бірнеше рет Ашық есік күнін өткіздік. Еңбек мобильді орталығы мамандары келушілерге бос жұмыс орындарын ұсынды, банк мамандары қарыздарды реттеу, банкроттыққа беру жолдары жөнінде кеңес берді, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тауанов.
– Облыстық прокуратура қызметкерлері банктер, микроқаржы ұйымдарынан несие алып, 90 күннен астам уақыт төлей алмай жүрген 26 мың борышкердің жағдайына талдау жүргізіп, арасынан мүгедектер, әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасыларды бөліп алдық. Осал топтағы азаматтардың несие алу мақсаттары анықталып, әлеуметтік жағдайына толық талдау жүргізілген соң көмек түрлері қарастырылады, – дейді Ақтөбе облыстық прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары Ардақ Сәдуақасов.
Несиені уақтылы төлей алмаудың бір себебі – тұрақты жұмыс орындарының болмауы. Еңбек нарығы қай салада болсын тәжірибелі мамандарға зәру. Мәселен, «Еnbek.kz» порталы арқылы ақпан айына Ақтөбе қаласынан 891 жұмыс орны ұсынылған. Осы ретте тек ақпан айында өткізілген Ашық есік күнінде «Ақтөбе қаласының мансап орталығы» филиалы арқылы 42 мекеме 110 маманға сұраныс түсірген.

– Біз бекітілген кестемен жұмыссыз азаматтар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар, пробация қызметі есебінде тұрған тұлғалар, алимент жөніндегі борышкерлерге жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырамыз. Мәселен, қаңтар-ақпан айларында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне кіші техникалық қызметкер, «Автологистика» ЖШС-не техник-слесарь (жалақысы – 400 мың теңге), «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на заң бөлімінің бастығы (500 мың теңге), «Анвар» ЖШС-не есепші, қоймашы (180 мың теңге), «Темірбетон бұйымдары – 25» ЖШС-не көпір кранының машинисі (200 мың теңге), «QazTechPlast» ЖШС-не сауда менеджері (230 мың теңге), аспаз (220 мың теңге), пластикалық құбыр шығаратын жабдық машинисі (320 мың теңге), оператор көмекшісі (250 мың теңге), «Ер Қосай Секьюрити» ЖШС-не күзетші (140 мың теңге), «FIBC Kazakhstan» ЖШС-не тігінші (150 мың теңге) мен станок операторы (180 мың теңге) керек болды. Ақтөбе қаласындағы №2 мектеп-гимназиясына директордың оқу тәрбие жөніндегі орынбасары (195 мың теңге) мен орыс тілі сыныптарына математика пәні мұғалімі (185 мың теңге), «Сәттілік және К» ЖШС-не балабақша меңгерушісі (300 мың теңге) қажет, – дейді «Ақтөбе қаласының мансап орталығы» филиалының директоры Айна Мырзатаева.
Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның борышкерлікті реттеуге қатысты өз ұстанымы бар.
– Мәжіліс депутаттары банк қызметі жөніндегі заңды қарау кезінде борышкерлердің арыз-шағымдарын үш деңгейде қарау жүйесін бекітті. Бұл қалай жүзеге асырылады? Ең бірінші кезекте клиент арызын банктің өзі қарайды. Екі тарап ортақ мәмілеге келе алмаған жағдайда клиент қаржы омбудсменіне арыздануға құқылы. Өткен жылдан бастап микроқаржы ұйымдарының борышкерлері несие қарызына байланысты қаржы омбудсменіне шағымдана алады. Биыл банк клиенттері де осы мүмкіндікке ие болады. Бір сөзбен айтқанда, микронесие ұйымы мен банк клиенттеріне жеке-жеке омбудсмен бекітілді, – дейді Д.Еспаева.
Жалпы, қарызға белшесінен батқандардың жағдайы аз уақытта шешіле салмайды. Борышкерлердің көбі микроқаржы ұйымдарының клиенттері. Мәселен, бір адам бір микроқаржы ұйымынан қатарынан 5-6 несие алса, екіншісі елдегі 100 микроқаржы ұйымының бәріне қарыз. Бір несиені жабамын деп екінші, үшінші, төртіншісін ала бергендер де көп. Осындай бей-берекетсіздік қаржы ұйымдарының қызметін заңдық тұрғыдан қатаңдату туралы шешімге әкелді. Борышкер әуелі микроқаржы ұйымындағы омбудсменге келеді. Омбудсмен екі тараппен келісе отырып, бірыңғай төлем кестесін әзірлейді. Бірақ микроқаржы ұйымына қарызды өтеу талабы банк қарыздарын өтеуден мүлде бөлек. Осы ретте Мәжіліс депутаттары банктер мен микроқаржы ұйымдарында ортақ омбудсмен болуы керек деген ұсыныс жасады. Бұл өте күрделі, даулы мәселе. Елде қарызға батқан азаматтардың саны көп. Осы ретте микроқаржы ұйымы мен банктерде бірыңғай омбудсмен қызметі тек 2027 жылдан бастап енгізілетін болды.
Дегенмен, былтырдан бастап микроқаржы ұйымдарының жұмысын Қаржылық бақылау агенттігінің қатаң бақылауынан кейін қарыз төңірегіндегі қара тұман біраз сейілгендей болды. Борышкерлердің банктермен мәмілеге келуі, төлеу уақытын ұзартып, сомасын азайту шараларының қабылдануынан соң қарыз төңірегіндегі ахуал біртіндеп түзеліп келеді. Микроқаржы ұйымдарына бақылау күшейген соң борышкерлер саны көбейген жоқ. Жеке адамдар мен қаржы ұйымдарының арасына омбудсмен инситутының енгізілуі, мәселе шешімін таппағанда борышкердің Қаржы бақылау агенттігіне шағымдану мүмкіндігіне ие болуы азаматтар құқығын қорғау бағытында нәтиже беретін іс. Соған қарамастан, өте сирек жағдайда болмаса қаржы ұйымдары ешкімге қарызының есесін жібермейді. Бұл жерде қарыз алушы уақытты созып, сәл ұтқанымен, бәрібір мойнындағы жүктемесінен құтыла алмайды. Сол себепті әрбіріміз қарыз аларда ақыл таразысына салғанымыз жөн. «Көрпеңе қарай көсілу» қай кезде де ең ұтқыр шешім болады.
Ақтөбе облысы