Ведомствоның мәліметінше, сейсенбі күні таңертеңгі уақытта 278 қазақстандықтан құралған алғашқы топ Дубайдағы ҚР Бас консулдығының қызметкерлерімен бірге Масқатқа қарай жерүсті көлігімен жолға шықты. БАӘ және Оман шекарасында азаматтарға шекаралық рәсімдерден жедел өтуді қамтамасыз ету үшін консулдық қолдау көрсетілді.
Кейін осы бағыт бойынша 189 қазақстандықтан тұратын екінші топтың ұшуы жоспарланған. Осылайша, жалпы саны 467 Қазақстан азаматы елге оралады.
«Әуе рейстерінен бөлек эвакуация жерүсті бағыттары арқылы да жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Қазақстанның Тегеран, Ашхабад және Горгандағы мекемелері Иран-Түрікменстан шекарасындағы «Инчебурун» өткізу пункті арқылы 15 ҚР азаматының қауіпсіз өтуін қамтамасыз етті. Оларға әрі қарай Ақтау қаласына жетуіне қажетті қолдау көрсетілді», делінген хабарламада.
Сондай-ақ Тегеран және Еревандағы дипломаттар Иран аумағынан «Заркух» компаниясының 35 қызметкерінің Иран-Армения шекарасы арқылы автобуспен шығуына жәрдем көрсетті.
Сыртқы істер министрлігі өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері эвакуация толық аяқталғанға дейін сол жердегі жұмысты үйлестіруді жалғастырып, азаматтармен тұрақты байланыста болатынын айтты.Таяу Шығыстағы қақтығысқа қатысты Қазақстанның ұстанымы қандай?