Батыс Қазақстан облысында жергілікті атқарушы органдар жауапты мекеме өкілдерімен бірлесіп, балықты қорғау мақсатында жоспарлы іс-шаралар атқарды.
«22 су айдынында 16 888 тесік бұрғыланып, қамыс баулары салынды. Мұз ойылып, 1х1 метрлік 263 ойық жасалды. 3 130 текше метр суға аэрация жүргізілді. Жұмыстарға 180 адам, 60 техника жұмылдырылды», деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Мамандардың айтуынша, бұл шаралар балықты қырылудан сақтап қана қоймай, көктемгі тасқын кезінде су айдындарында мұз кептелісі болмауына септігін тигізеді. Сондықтан жұмыстар көктемге дейін жалғасады.
Жақында Орал қаласының іргесіндегі «Әнес ата» көлінде экожүйені сақтау мақсатында су астына ауа жіберу акциясы өтті. «EcoSaqshy» қоғамдық бірлестігі мен экобелсенділер ұйымдастырған шараға Сырым ауданынан келген жас экоқорғаушылар тобы да қатысты. Табиғат жанашырлары қысқа уақыт ішінде мұз бетінен 101 ойық жасап, су астына ауа жіберді.

«Экологиялық тепе-теңдікті сақтау, табиғатты аялау – әр азаматтың міндеті. Біз мұндай іс-шараны бірнеше жылдан бері тұрақты өткізіп келеміз. Қуаныштысы, бүгін қатарымызға Сырым ауданы Алғабас ауылындағы мектептің жас экоқорғаушылары қосылып отыр. 2022 жылы құрылған ұйым мүшелері ауыл маңындағы Аңқаты өзенін тазалау, бұлақ көздерін ашу, қоқысты сұрыптау секілді игі істермен айналысады екен. Біз оларды қолдап, мұз бұрғысын сыйға тарттық, облыстық білім басқармасының басшысымен кездесу ұйымдастырдық. Нұрболат Жұмағазиев, Тілектес Дүйсенбаев сынды азаматтар жетекшілік ететін ұйым өз жұмыстары туралы мультфильм түсіріп, насихаттап жүр. Болашақта да бірлескен жоспарларымыз бар», дейді «EcoSaqshy» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дәуренбек Сахым.
Батыс Қазақстан облысы