Аймақтар • Кеше

Жойқын дауыл зардабы: Жамбыл облысында 29 нысанның шатыры ұшқан

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен оның бірінші орынбасары Нұржан Календеров Тұрар Рысқұлов ауданына барып, жойқын желден зардап шеккен нысандарды зерделеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жойқын дауыл зардабы: Жамбыл облысында 29 нысанның шатыры ұшқан

21 ақан күні түнгі 04.00 шамасында басталған дауылдың жылдамдығы секундына 30 метрге жетіп, салдарынан 7 елді мекендегі 29 нысанның шатыры ұшқан болатын. Олардың қатарында 10 әлеуметтік нысан бар. Бұдан бөлек 19 елді мекенде электр жарығы сөніп, 7 ауылда газ беру уақытша тоқтатылды. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, электр жарығы мен газды қалпына келтіру бойынша 10 бригада іске кіріскен. Ауданда бірнеше нысан бойынша төтенше жағдай жарияланды.

Меркі ауданында да қатты жел салдарынан 5 ауылдық округтегі 27 тұрғын үйдің шатыры ішінара зақымданған. Сонымен қатар 5 білім беру нысанының шатыры мен сыртқы қасбеті бүлінген. 8 ауылдық елді мекенде электр жарығы сөнсе, 3 елді мекенде газ желілеріне зақым келген.

Жалпы, екі ауданда да зардап шеккен тұрғындар жоқ. Қоғамдық-саяси ахуал тұрақты.

Қазіргі таңда дауыл салдарынан келген шығын көлемін анықтау жұмыстары жалғасуда. Коммуналдық желілер штаттық режимде жұмыс істеуде.

Нұржан Календеров жұмыс сапары барысында жедел штаб отырысын өткізіп, Т. Рысқұлов және Меркі аудандары әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.

Өңір басшысының бірінші орынбасары ең алдымен электр энергиясы мен көгілдір отынның толық әрі тұрақты берілуін қамтамасыз етуді, қажет болған жағдайда қосымша күштер мен құралдарды тартуға ұсыныс беруді, құлаған ағаштар мен бүлінген шатырларды жедел тазалауды, зақым келген білім беру нысандарында балалардың қауіпсіздігін сақтауды, сондай-ақ қалпына келтіру жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Қазақстанда қай бағыттағы жолдар жабық?

Соңғы жаңалықтар

Адам құқығы – басты назарда

Ата заң • 21 Ақпан, 2026