Президент алдымен «U.S. International Development Finance» корпорациясының (DFC) атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады.
Беделді халықаралық қаржы институты басшысымен кездесуде инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру келешегі талқыланды.
Мемлекет басшысы корпорацияны Қазақстанның орнықты дамудағы маңызды серіктесі деп атап, экономиканың түрлі секторындағы ықпалдастықты тереңдетуге әзір екенін растады.
Бен Блэк Президент Дональд Трамп пен оның әкімшілігі Қазақстанмен тығыз әрі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға баса мән беретінін айтты. Осы орайда ол аймақтық және өңіраралық сауданы кеңейтуде стратегиялық маңызға ие тау-кен өндірісі, көлік-транзит инфрақұрылымы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндігі мол екеніне назар аударды.
* * *

Одан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Boeing компаниясының атқарушы вице-президенті Джефф Шоккиді қабылдады.
Авиация, қорғаныс және ғарыш техникаларын шығаратын «Boeing» трансұлттық корпорациясының басшылығымен кездесуде Президент отандық «Air Astana», «SСAT» және «Vietjet Qazaqstan» компаниялары еліміздегі авиация саласын дамытуда ерекше маңызға ие ортақ жобаларды одан әрі ілгерілетуге мүдделі екенін атап өтті.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев «Air Astana» мен «Boeing» арасында ұшақ жеткізу бойынша келісімге қол қойылғанын құптады. Биыл жыл соңына дейін Құрама Штаттарға тікелей әуе қатынасын ашу мақсатында «Boeing 787 Dreamliner» ұшақтары елімізге жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «SCAT» әуе компаниясы қосымша «Boeing» ұшақтарын сатып алмақ. Сондай-ақ америкалық корпорациямен серіктестік негізінде Шымкент әуежайында алғашқы техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Джефф Шокки компанияның цифрландыру саласындағы жоспарымен бөлісіп, Қазақстанның көлік-транзит әлеуетіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, әуемен жүк тасымалдау бағытында нәтижелі ықпалдастық орнатуға мүмкіндік мол.
Сонымен қатар кездесу барысында авиация саласына маман даярлау және еліміздегі жүк тасымалдаушы ұшақтар паркін дамыту келешегі талқыланды.
* * *

Президент Ashmore Group халықаралық инвестициялық компаниясының бас директоры Марк Кумбсты қабылдады. Олар өзара тиімді бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Ashmore Healthcare International» компаниясы мен «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС-ның бірлесіп, Қазақстанда халықаралық клиника салу жоспары жөнінде мәлімет берілді. Бұл бастамаға әлемдік деңгейдегі медицина операторы – «Mount Sinai Health System» компаниясын тарту көзделген.
Мемлекет басшысы Үкіметтің аталған маңызды жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Марк Кумбс Қазақстан экономикасының стратегиялық секторларында ынтымақтастық орнату үшін зор әлеует бар екеніне назар аударды. Сонымен қатар экономиканың басымдыққа ие және жоғары технологиялы салаларын дамытуға бағытталған Ашық инвестициялық серіктестік бағдарламасы аясындағы ықпалдастық келешегі жайында пікір бөлісті.
* * *

Қасым-Жомарт Тоқаев «Mars» компаниясының бас атқарушы директоры Пол Вайраухты қабылдады.
Президент Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Mars» компаниясы арасында жалпы сомасы 180 млн долларға жуықтайтын инвестициялық келісімге қол қойылғанын құптады.
Мемлекет басшысының пікірінше, бұл уағдаластық маңызды стратегиялық серіктестіктің бастауы саналады және Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың деңгейі жоғары екенін көрсетеді.
Жоба аясында «Mars» компаниясы Алатау қаласында үй жануарларына арналған азық өндіретін зауыт салады. Өндіріс орны агроөнеркәсіп шикізатын терең өңдеуге және қосылған құны жоғары тауар өндіруге септігін тигізеді.
Пол Вайраух өзара тиімді инвестициялық келісімді жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол аталған бастама «Mars» компаниясының өндірістік әлеуетін кеңейтуге және Орталық Азия мен көршілес аймақтар нарығына өнім шығару көлемін арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.