Сурет: polese.by
Сенат депутаты Евгений Больгерт Қазақстанның неміс жастары одағының активімен кездесіп, жастармен ашық әңгіме өрбітті. Жаңа Конституция жобасының ережелері, парламенттік реформаның негізгі бағыттары, оның ішінде Парламенттің бір палаталы үлгісіне көшу тақырыбына тоқталды. Сенатор қатысушыларға билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, Парламенттің мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін күшейту, парламенттік бақылау тетіктерін дамыту, сондай-ақ заң шығару үдерісінде өңірлердің өкілдігін кеңейту туралы жан-жақты айтып берді.
Сенатор Сәкен Арубаев Жамбыл облысы Қаратау қаласының тұрғындарымен, «Talas Investment Company», «Шолақтау» тау-кен байыту кешені, «Қазфосфат» ЖШС ұжымдарымен, сондай-ақ №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығының қызметкерлерімен кездесті. С.Арубаев ұсынылған өзгерістер адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдігін нығайтуға, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға, әділдік пен прогресс қағидаттарына негізделген жаңа қоғамдық шартты қалыптастыруға бағытталғанын айтты.
Депутат Руслан Рүстемов Қызылорда облысында Исатай Әбдікәрімов атындағы жоғары политехникалық колледж ұжымымен жүздесті. Ол қатысушыларға конституциялық өзгерістердің логикасы, құжатты дайындау кезеңдері және оны әзірлеу кезінде ескерілген қоғамдық ұсыныстардың рөлін жан-жақты түсіндірді.
Ал Сенат депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы, Конституциялық комиссияның және жалпыұлттық коалицияның мүшесі Нұрлан Бекназаров Жамбыл, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында болды. Ол жұмыс сапары барысында тұрғындармен, ғылыми және мәдени қоғамдастық өкілдерімен, еңбек ұжымдарымен, студент жастармен кездесулер өткізді.
«Жаңа Негізгі заңда жалпыұлттық бағдарлар мен ұрпақтар сабақтастығын көрсететін жаңа кіріспеден бастап сөз бостандығын, ғылыми, техникалық және шығармашылық қызметті қамтамасыз етуге, зияткерлік меншікті қорғауға, отбасы және неке институтын нығайтуға бағытталған нормаларға дейінгі заманауи және іргелі құндылықтар бірден бекітіледі», деді Н.Бекназаров.
Депутат Айгүл Қапбарова да Халық Конституциясының жобасын Шымкент тұрғындарымен бірге талқылады. Ол Тұран ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен, Ақжар шағын ауданының тұрғындарымен, №1 Шымкент қалалық аурухана ұжымымен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерімен кездесті. Сенатор қоғамдық келісімді конституциялық бекіту, этносаралық тұрақтылықты сақтау және ұлттық бірлікті нығайту мәселелерін ерекше атап өтті.
Өңірлердегі мұндай кездесулер конституциялық қайта құрудың мәнін тереңірек түсінуге ықпал етіп, жаңа Конституция жобасын бүкілхалықтық талқылау кезеңінде қоғам мен билік өкілдері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтады.